Елорда • 23 Мамыр, 2023

Ақбөкен әлемі туралы альбом

568 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астанада киіктер туралы алғашқы ғылыми-танымдық мәліметтерді қамтитын «Aqboken Saiga tatarica»­ атты фотоальбомының таныс­ты­ры­лымы болды.

Ақбөкен әлемі туралы альбом

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Кішкентай кезімізде ата-әжелеріміз күнде жатарда неше алуан ертегілер айтып беретін. Әлдебір ертегіде бір топ жез киік жайы­лып жүреді, соның ішінде бір шұбар киік болады. Бұрын-соңды мұндай жануарды көрмеген бала қиялымызға қанат бітіретін. Есейіп ержетіп, ел, жер көрдік. Бірде Атбасар ауданынан Астанаға келе жатқан пойызда Арқаның апайтөс даласына телміріп отырған едім. Теміржолға тым жақын, бір жықпылдан жез секілді жарқыраған екі жануар шыға келді. Жер танабын қуырып келе жатқан алып темірді көрді де олар жазық далаға қарай жорта жөнелді. Баяғыда ата-әжелеріміз ертегіде айтатын жез киік – дәл сол бала қиял елестеткен сұлу жаратылыс. Бұл менің киелі киік жануарын алғаш көруім еді. Бұдан кейін өткен жылы қыста Қарағанды өңіріндегі Балықты көлдің жағасынан ақбөкенді көрдім. Текесі екен. Жалғыз қалып қойыпты. Білетіндердің айтысына қарағанда, бұрын аязы қатты Арқа төсінде ақбөкен қыстап қалмайды, жылы жаққа маңып кететін болған. Мамандар мұны «киіктер теміржолдарға қамалып, діттеген жерге жете алмай қалады» деп түсіндіреді.

ывап

Ақбөкен немесе киік (латынша Saiga tatarica) – жұптұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты түз жануары. Қазір ақбөкеннің көп бөлігі қазақ даласында, ал Ресей мен Моңғолияда аз ғана популяциясы сақталыпты. Елімізде ақбөкендердің бір-бірінен жеке-дара бөлінген Бетпақдала-Арыс, Үстірт және Еділ-Жайық деген топтары мекендейді. Киік – қазақ топырағының киесі. Аус­тра­лия десе – кенгру, Қытай десе – панда елестейтіні секілді киіктер еліміздің бір ерекшелігі іспетті. Сондықтан оны зерттеу, ерекше қамқорлық таныту – елдігіміздің белгісі іспетті. Қазір оның алғышарттары жасала бас­тады десек те болғандай. Соның бір көрінісі – жаңадан жарық көріп отырған қолымыздағы ғылыми-танымдық мәліметтерді қамтитын фотоальбом.

Елордадағы Nur Alem павильонында болған айтулы іс-шараға министрліктердің өкілдері, ұлттық компаниялардың басшылары, эколог-ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты. Фотоальбомды шығару бастамасын техника ғылымдарының докторы Қайыргелді Қабылдин көтерген. Оның айтуынша, қазіргі қоғамның ақбөкен туралы білетін мағлұматы мардымсыз. Көбі ақбөкен жаппай қырылған кездегі жаңалықтарды, браконьерлікке байланысты ақпараттарды ғана біледі.

Ал сарапшылардың айтуынша, елімізде киік туралы толыққанды мағлұматтарды қамтитын, әсіресе, қазақ тілінде жарық көрген ғылыми-танымдық еңбек жоқтың қасы. 1982 жылы киік туралы зерттеулер негізінде дайындалған «Сайгак в Казахстане» кітабы шығыпты. Бұдан өзге толымды еңбекті майшаммен іздесең де табу қиын көрінеді.

– «Aqboken Saiga tatarica» фотоальбомы ең әуелі осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат тұтты. Онда фотосуреттерге басымдық беріліп, ғылыми-танымдық мәліметтер қысқа да нұсқа баяндалған. Ақбөкеннің шығу тегі, ежелгі һәм қазіргі таралу географиясы, биологиялық ерекшеліктері, экожүйедегі орны және қазіргі төніп тұрған сын-қатерлер сияқты тақырыптар қамтылған, – деді Қ.Қабылдин.

Фотоальбом қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде 1 мың данамен жоғары сапада басылып шықты. Ақбөкен – Еуразия даласында Плейстоцен дәуірінен бері тіршілік етіп келе жатқан, жер бетінен жойылып кеткен зілдердің (мамонт) көзін көрген ең ежелгі жануарлардың бірі. Оған кейінгі жүз жылдықта бірнеше рет жойылып кету қаупі төнген.

– Мұндай құнды еңбектің жарық көруіне түрткі болған экобелсенділерге, журналистерге, экологиялық ұйым­дардың басшыларына алғыс айтуы­мыз керек. Шын мәнінде, бұл мәселе айтылмаса киіктерді аман сақтап қалу қиын болар еді. Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында еліміздегі жойы­лып бара жатқан жан-жануарларды сақтап қалу туралы айтқан еді. Міне, осыған қаржы бөліп, қамқорлық жасап жатқан Каспий құбыр консорциумының бұл еңбегін ерекше атап өтуіміз қажет. Мұндай игі бастама басқа да консорциум,­ компанияларға үлгі болуға тиіс. Бұл фотоальбом біз үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін құнды жәдігер болмақ. Киіктерді жо­йылып кетуден сақтап қалдық, енді оның ғылыми жұмыстарын күшейту керек. Шаруашылыққа зиян келтірді деген желеумен киіктерді орынсыз қырып, табиғаттың заңына қол сұғуға болмайды. Онда табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады, – деді қоғам қайраткері Дархан Мыңбай.

Фотоальбомға Абдуазиз Мадьяров, Алена Рыжова, Александр Федулин, Виктор Тяхт, Димитрий Ругис, Евгений Полонский, Ерболат Шадрахов, Игорь Шпиленок, Клаус Нигге, Мейірбек Тажкуранов, Мереке Жұбанияз, Николай Денисов, Ростислав Машин, Салтөре Сапарбаев және әріптесіміз, «Egemen Qazaqstan» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров қатарлы фотографтардың фотосуреттері енгізілген. Сонымен қатар «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагер суретшісі, белгілі карикатурашы Айдарбек Ғазизовтің қылқаламынан туған туындылары да фотоальбомнан орын алған.

Фотоальбомның редакторы, журналист Айбын Шағалақтың айтуынша, елімізде мұндай жан-жануарларды түсіретін кәсіби фотографтар жоқ­тың қасы. Сондықтан шетелдік фото­граф­тардың еңбегіне жүгінуге тура келгенін айтады.

«Бұл фотоальбомды әзірлеуге бір жыл­­­дай уақыт кетті. Бұл еңбекке зор сеп­­­тігі тиген адам – кезінде National Geographic журналының грантын­ ұтып­ алып,­ киіктерді зерттеген неміс фото­граф­­­-ғалымы Клаус Нигге. Фотоа­ль­­бом­ға­­ ол­ кісі­нің көптеген фотосуреті енді. Бұл қа­йы­рымдылық жоба болған­дық­тан 1 мың­­ данамен ғана шықты. Фото­аль­бом кі­тап­­ханаларға тегін таратылады», дейді ол.

Табиғатпен етене тіршілік еткен халқымыз даланың осы бір сүйкімді де сұлу жануарын ежелден қадірлеп, киелі санады. Ән мен жырына қосты, аңыз-әпсанасына арқау етті.

«Бұл жоба дер кезінде, дәл уақытында қолға алынып, жарық көріп отыр. Мұнда біз ақбөкендердің санын сақтау және қалпына келтіру үшін қандай күш-жігер жұмсалғанын атап өтуіміз керек. Фотоальбом ел тарихының бір бөлігі болады деп ойлаймын», деді Қазақстан биосаналуандықты сақтау қауымдастығының директоры Вера Воронова.

Фотоальбомға Германияның Таби­ғат­ және биоалуандықты қорғау ода­ғы (NABU) еуразиялық жұмыс тобы­ның­ төрағасы Тиль Дитрих және Қазақ­стан Зоология институтының жетек­ші­ ғылыми қызметкері, биология ғылым­дарының кандидаты Ю.Грачев сынды ғалымдар пікір жазып, оң бағасын берді.

Мамандардың зерттеуінше, ақбө­кен­дер­ шөл, шөлейтті және далалық ландша­фтта тіршілік етуге бейімделген. Олар­дың­ қоныс өзгертуі ауа райына байланысты. Ақбөкен жұптұяқты жануарлардың ішіндегі ең өсімталы, жылына бір рет төлдейді. Жаппай төлдеуі мамырдың бірінші жартысында өтеді. Бұл кезде күн салқындап, жауын-шашын көп болады да, оны қазақ халқы «Құралайдың салқыны» деп атайды. Киіктер көбіне екі-үштен төлдейді. Ақбөкендер өсім­дік­тердің 80-нен­ аса түрімен қоректенеді. Олар­дың басты жауы – «екі аяқты қас­қыр­лар­ды»­ қоспағанда, қасқыр, бүркіт және қара­құстар.

Елімізде 1921 жылы ақбөкенді аулау­ға­ тыйым салынған. 1957-1958 жыл­­да­ры олардың жалпы саны 2 млн-нан асқаннан кейін кәсіптік жолмен аулауға рұқсат берілді. Ақбөкендердің басына қаншама зобалаң заман туғанмен, миллиондаған жыл бойы тұқымын сақтап қалды. Ақбөкендердің өмірге өте бейімділігі, өсімталдығы болмаса, ежелгі мамонттармен бірге құрып кетер еді дейді мамандар. Оқырманға жол тартқан қолымыздағы фотоальбом осындай мағлұматтарымен үлкенді-кішілі оқырман қауымға құнды болмақ.