Медицина • 23 Мамыр, 2023

МӘМС: Қордаланған мәселе қалай шешіліп жатыр?

362 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қоғамда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тиімділігіне күмәнмен қарайтындардың қатары әлі де көп. Мұны медициналық көмекті тиісті деңгейде ала алмай жүрген халықтың қынжылысынан байқауға болады. Бірақ көпшіліктің талап-тілегін ескере отырып, бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шаралардан ілгерілеушілік те сезіледі. Бұған Орталық коммуникациялар қызметі алаңында келтірілген мағлұматтан көз жеткіздік.

МӘМС: Қордаланған мәселе қалай шешіліп жатыр?

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Аталған брифингте алдымен Ден­сау­лық сақтау вице-министрі Тимур Сұл­танғазиев сөз алып, МӘМС жүйе­сі­нің тиімділігі мен қазіргі таңдағы мәселе­лері жөнінде баяндады. Оның айтуынша, МӘМС жүйесінің тиімді өлшем­дері па­циентке көрсетілген медициналық көмек­тің сапасы мен қолжетімділігі. Статис­тикалық дерек­тер бойынша, 2019 жылы 20 млн-ға жуық консультация мен диаг­нос­тикалық зерттеу жүргізілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 142 млн-ға дейін, яғни 7 есе өсті.

– Мысалы, стоматологияны ала­йық. 2019 жылы 3 млн-ға жуық сто­ма­толо­гиялық қызмет көрсетілсе, был­тыр бұл көрсеткіш 13 млн-ға де­йін, яғни шамамен 5 есе өсті. Бұл сто­матологиялық кө­мектің адам­дарға қолжетімді болғанын көрсетеді. Қазіргі кезде біздің балала­рымыз тісін тегін емдей алды, оларға 11 млн қызмет көрсетілді. Сондай-ақ, ересек тұрғындарға – жүкті әйел­дер­ге, мүгедектерге, зейнеткерлерге, көп­бала­лы аналарға және халықтың бас­қа да әлеу­меттік осал топтарына көр­сетілетін сто­матологиялық қыз­меттер шамамен 28 есе немесе 50 мыңнан 1,5 миллионға дейін өсті, – деді Т.Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар бағасы қымбат тұра­тын КТ және МРТ қызметін алушы­лардың қатары артты. 2019 жылы 200 мыңнан аса осындай қызмет жүргізілсе, былтыр сақтандырылған 1,5 млн-ға жуық азамат аталған қымбат медициналық көмекті алды. Бұған қоса позитрондық-эмиссиялық томография қызметінің саны да сәйкесінше 13 мыңнан 21 мыңға дейін шамамен екі есе өсті.

– Алғаш рет ересек пациент­тер­ге жүрек-қан тамырлары, невроло­гия­­­лық, онкологиялық аурулар мен жа­ра­қат­тар кезінде медициналық оңал­ту қыз­меттері қолжетімді болды. Ста­цио­нарларда барлығы 253 мың ересек пен балаға медициналық оңалту қыз­меті көрсетілді. Жыл сайын буын­дар­ды ауыстырудың қосымша 4 мың опе­рациясы қаржыландырылады және әрбір ем-шараның құны 1,5 млн теңге­ні құрайды, яғни қазіргі кезде шетел­ге шығудың қажеттілігі жоқ. Жаңа бағ­дар­­­ламаның нәтижесінде бедеулік диаг­нозы қойылған 7 мың отбасына ата-ана болу мүмкіндігі берілді және қа­зір­дің өзінде 3 200 бала дүниеге кел­ді. Осы орайда экстрокорпоралдық ұрық­тан­дырудың бір циклі 1,2 млн тең­гені құрай­тынын, бұл медициналық сақ­тандыру қаражатынан төленетінін атап өткен жөн, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, стационарды алмастыратын көмек қызметтері де 1,3 есе­­ өсті, 2020 жылы 21,8 мың қызмет көр­се­­тілсе, ал 2022 жылы 29 мың қыз­­мет көрсетілген. Жүрек тамырларын стент­теу сияқты жиі жүргізілетін опе­­ра­циялардың бірі қазір әр өңірде жа­салады және өткен жылы 25 мың па­циент­ке жасалған. Әрбір осындай опе­ра­цияның құны 1,5 млн теңгені құ­райды. Амбулаториялық деңгейде тегін дәрі қымбат дәрі-дәрмектерді қоса алғанда 2,4 млн-нан 4 млн адамға дейін қолжетімді болды.

– МӘМС бойынша жұмыс істей­тін медициналық қызмет көрсету­ші­лердің саны 1 300-ден 2 000-ға дейін өсті. Оның ішінде жеке клини­ка­лардың үлесі екі есеге өскен. Жо­ғары технологиялық ме­ди­циналық қызметтерге қатысты шығыс­тар 3,5 есе, 24 млрд теңгеден 84 млрд теңгеге дейін өсті. Мұндай қызметтер­дің көлемі 4 есе, 11 мың қызметтен 47,7 мың қызметке дейін өсті. Кейінгі үш жыл­да күндізгі стационарлар­ға ақы тө­леу­ді қаржыландыру 4 млрд теңге­ден 6 млрд теңгеге дейін ұлғайды, ал кон­суль­тациялық-диагностика­лық кө­мекке бөлінетін сомалар биыл 25 млрд теңгеден 364 млрд теңгеге дейін, яғни 14 есе өсті. Міндетті әлеумет­т­ік ме­ди­ци­налық сақтандыру жүйесі арқы­лы бө­лінетін қаражатты ескере отырып, елдің бір тұрғынына денсаулық шы­ғындары 56 мың теңге­ден 122 мың тең­геге дейін ұлғайды. МӘМС-ті енгізу мақ­саттарының бірі халықтың меди­цина­лық көмек алуға «қалта» шы­ғын­да­­рын азайту болды. Ұлттық шот­тар­­­дың деректеріне сәйкес халықтың ме­ди­­­циналық қызметтеріне жұмсайтын қал­­та шығыстарының үлесі 2017 жылы 33% болса, ал 2022 жылы 27%-ға дейін төмендеді, яғни 5,4%-ға қысқарған. Бұл отбасы бюджетінің нақты үнемін біл­діреді, осы қаражатты балалардың білі­міне, демалысқа немесе тұрмыстық шы­ғындарға және басқа мақсаттарға жұм­сау­ға болады, – деді спикер.

Сонымен қатар брифингте «Әлеу­мет­тік медициналық сақтандыру қо­ры» КеАҚ басқарма төрағасы Сәбит Ах­ме­тов те бірқатар мәліметті алға тартып, жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

Оның айтуынша, кардиохирур­гиялық операцияларды күту ұзақтығы 3-4 айдан 1 айға дейін қысқарды. Қымбат КТ, МРТ диагностикасы қазір 10 күн ішінде жасалады. Сонымен қатар бұрын ақылы негізде жасалған көптеген операция, мысалы, есту қабілетін қалпына келтіру операциялары МӘМС аясын­да қолжетімді болды. Катаракта опера­цияның саны жыл сайын артып келеді. 2 жыл ішінде 8 мыңға жуық адамға операция жасалды.

Бұған қоса жоғары технологиялық жабдықтар қолданылатын операция­лар қолжетімді болды. Жекелеген кардио­хирургиялық операциялардың құны 7 млн теңгеден асады. Жалпы, 2022 жылы жоғары технологиялық медициналық қызметтер бойынша 68 операция жасалды, олардың орташа құны 3 млн теңгені құрады.

Бұл ретте қор басшысы МӘМС жұ­мы­сы қандай қағидаттарға негіз­делгенін түсіндірді.

– МӘМС жүйесі мемлекеттің, жұ­мыс берушінің және қызметкердің ор­тақ жауапкершілігі қағидаттарына негіз­делген. Азаматтардың осал санаттары үшін – зейнеткерлер, балалар, көпбалалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, мүгедектер үшін мемлекет жар­на төлейді. Бұл – шамамен 11,4 млн адам. Азаматтардың осы санаттары үшін мемлекеттен жыл сайынғы орташа жарна шамамен 0,5 трлн теңгені құрайды. Жұмыс істейтін халық МӘМС жарнасын жұмыс беру­шінің есебінен және МӘМС туралы заңда белгіленген режімде өз есебінен төлейді, – деді С.Ахметов.

Осы орайда ол жұмыс істемейтін аза­маттар жұмыспен қамту орталық­тарында тіркеле алатынын айтты, бұл оларға МӘМС қызметтерін жұмысқа орналасқанға дейін белгілі бір уақыт ішінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Қор басшысының айтуынша, қар­жыландырудың ұлғаюына қарамас­тан, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты халық тарапынан сын көп айтылады. Атап айтқанда, азаматтар емха­на­лардағы ұзын-сонар кезекке, медицина қызметкерлерінің дөрекі қа­рым-қатынасына, КТ және МРТ жол­дамаларын ұзақ күтетініне әрі білік­ті дәрігерлердің жоқтығына ша­­ғым­­данады. Соның ішінде алғаш­қы меди­циналық-санитарлық көмек көрсе­тетін емханалардың жұмысына көп шағым түседі. Бұл барлық өтініш-шағымның шамамен 70%-ын құрайды.

– Бүгінде қор барлық көрсетілген ме­дициналық қызметке мониторинг жүргізеді. Бірақ соған қарамастан, қор 2022 жылдың қорытындысы бойынша 20,8 млрд теңге сомасында 3 млн-нан аса бұзушылықты анықтады. Көрсетілмеген қызметтерді көрсетілді деп жазылған жалған жазбалар жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2020 жылы – 21 мың, 2021 жылы – 35 мың, 2022 жылы 52 мың осындай факт тіркелді. Мұның ең көп таралған түрлері: жалған жазбалар, яғни нақты көрсетілген бір қызметтің орнына 3-4 қызмет түрі көрсетілді деп жазу; «Қосарланған төлем» түріндегі тіркеулер, яғни пациенттен де, қордан да қызмет үшін ақы алу. Айта кету керек, біз мұндай бұзушылықтарды анық­тай алмаймыз, өйткені ақылы негіз­де қыз­мет көрсететін жеке клиникалар бар. Қор медициналық ақпаратқа қол жет­кізе алмайды. Нарықта 30-дан аса жеке медициналық ақпарат бар, олар – бір-бірімен интеграцияланбаған жүйе­лер. Осы проблемалардың барлығын шешу үшін қазіргі уақытта қор Ден­сау­лық сақтау министрлігі және Цифр­­лық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнер­кәсібі министрлігімен бір­лесіп денсаулық сақтау жүйесін толық цифр­ландыру бойынша ауқымды жұ­мысты бастады. Бұл ретте қор­дың төлем модулін цифрландыру дер­бес­тен­дірілген қаржылық есеп қағи­даты және медициналық қызметтер­ді тұты­ну­шылардың виртуалды шот­­та­рын­дағы ақша қаражатының қозға­лысын қадағалау негізінде жүзеге асы­рыла­тынын ерекше атап өткен жөн. Бұл дәрігердің қабылдауын мобильді құрал­дар арқылы растау үшін (SMS, QR-растаулар) жеке верификация тетігін енгізуге мүмкіндік береді. Ал қор меди­циналық ұйымдар қаражатты қай­да, кімге және қандай мақсаттарға бағыт­талғанын бақылай алады, – деді С.Ахметов.