Қоғам • 24 Мамыр, 2023

Вейп түтініне тәуелді ортаны оңалтудың жолы қайсы?

636 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Электронды шылым сатылымға шыққанда ірі сауда орталықтарында, ол аздай азық-түлік дүкендерінде ашық саудаланды. Көп ұзамай «вейп» деген атауы бар шылымды жастардың, жеткіншектердің қолынан көретін болдық. Таңсық дүниені тұңғыш көрген ересектер вейптің қаптамасына қарап, бұл жай баланың ермегі, кейін әуестенбейді деп ойласа керек.

Вейп түтініне тәуелді ортаны оңалтудың жолы қайсы?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Бірақ кішкентай құралдың денсаулық­қа зиянын әу баста ескерген дәрігерлер, қоғам белсенділері, мектеп басшылығымен қатар ата-аналар электронды шылымның саты­лы­мын шектеу туралы бастама көтерген.

Жуырда әлеуметтік желіде оқушы­лардың электронды шылым сататын дүкеннің маңын торауылдап тұрған бейнежазбасы тарады. Сол арада кә­мелет жасқа толмаған қыздың жо­лау­шы­лардан электронды шылым алып беруін қолқалағанын көрдік. Иә, оқушы­лар өтінішін орындаған жанға ақшалай сыйақы беруден де кетәрі емес. Қаптамасы көз тартатын вейптің жарнамасы әлеуметтік желіде де жаңғырып тұр.

Демек, балалардың ертеңіне алаң­даған белсенділердің ұранынан кейін эектронды шылымға қатысты шектеулер енгізілгенімен, мұндай құралдар – әлі де болса оқушыға оңай олжа. Электронды шылымнан будақтаған түтінді балалар мен жастар қызық көргенімен құрамындағы зиянды элементтерден бейхабар. Бәлкім, білсе де ертең әуес болмаймын деп пайымдаса керек.

Өткен аптада орталық коммуника­циялар қызметінде «Қазақстандағы вейп эпидемиясының проблемалары және шешу жолдары» деген тақырыпта өт­кен дөңгелек үстелде балалардың бола­шағына алаңдайтын бірнеше саланың мамандары бас қосып, түйінді ой айтты. «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, Еура­зиялық респираторлық қоғамның пре­зиденті Абай Байгенжин басқосуда қысқы маусымда балалар сауықтыру лагерінде демалған оқушылардан қалған бір реттік вейптер толған сөмкені ала келіпті. Дәрігерге бір тәулікте жиналған 20-ға жуық вейпті лагердің директоры тапсырыпты. А.Байгенжиннің айтуынша, электронды темекілер 2011 жылы сатылымға шыққан. Алғашында оның құрамында тек никотин болған соң, жағымсыз түтінге жастар қызыға қоймаған. Хош иісті электронды темекі 2017 жылы пайда болды. Содан соң араға жыл салып, америкалық дәрігерлер электронды темекінің зиянын айтып, дабыл қаға бастады. Өйткені жоғары сынып оқушыларының вейптерді тұ­тыну көрсеткіші күрт артыпты. Вейп өндірушілер, әрине, будақ-будақ хош иісті түтіннің зиянсыз екенін айтады. Бірақ бұл бос сөз екенін қазір көпшілік біліп қалды.

явар

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының саралауы бойынша электронды темекі мен вейптердің анау атар­лықтай айырмашылығы жоқ. Екеуі – бір. Елдегі эпидемиологтердің зерттеуіне сәйкес, вейптердегі никотин мөлшері – жай темекідегі никотиннен 68-70 есе көп. Осыны көпшілік білсе екен деймін. Ароматизаторлардың химия­лық құрамы толықтай зерттелмеді. Өзім хирург болған соң, 5 мыңнан аса нау­қастың өкпесіне операция жасағанмын. Электронды темекінің құрамына қарап, салдары кейін, уақыт өте шығады деп есеп­теймін. Электронды темекі денсау­лыққа зиян келтірмейді дегенге бірде-бір ғылыми дәлел жоқ. Керісінше, оларда никотин көп», дейді А.Байгенжин.

Денсаулық сақтау министрлігінің Меди­циналық көмекті ұйымдастыру депар­таменті директорының орын­ба­сары Гүлнар Сәрсенбаева элек­трон­ды темекінің кәдімгі темекіден айырма­шылығы және зияны туралы жік-жігімен баяндады.

«Темекі индустриясының дамуымен нарықта өнімнің жаңа түрлері пайда ­бола бастады. Бұл өнімдердің құрамында ­никотинге тәуелділік туғы­­затын элементтер бар. Жүйке жүйеге, жүрек, өкпе, ас қорыту орган­дары­ның қызметіне кері әсерін тигізеді. Бірнеше жыл бұрын аэрозоль сұйық­тығын қыздыру арқылы жұмыс істей­тін темекілер шықты. Мұндай құрыл­ғылардың ішіндегі сұйықтықта никотин болуы, болмауы да мүмкін. Бірақ құрамында басқа да қоспалар, аро­ма­тизаторлар, химиялық заттар болса ше? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­­мының мәліметіне сәйкес, арома­ти­за­тордың 16 мың түрі бар. Жалбыз, мен­тол, жеміс-жидек, тағысын тағы дәм-иіс­тер жалғаса береді. Оның құрамында ден­сау­лыққа зиян қоспалар бар. Мұндай құрал­дардың көлемі, дизайны да әртүрлі болады. Қазіргі вейп тыныс алу жолда-
рын зақымдап, тіндер гипоксиясын тудыруы мүмкін. Зерттеулер бұл өнім­нің уытты екенін көрсетті», дейді ол.

Вейп өкпе жасушаларына теріс әсер ететінін, тыныс алу жолдарын за­қым­­дауы мүмкін екенін айттық. Ал өн­­дірушілер электронды темекінің кә­дімгі темекіні тұтынатындар үшін зия­ны азырақ болады деген желеуді алға тар­тады. Алайда клиникалық зерттеулер көрсеткендей темекі шегуді бір­жола тоқтатпағандар мен вейпке көш­кендердің арасында ешқандай айыр­машылық жоқ. Керісінше, уақыт өте вейп те ағзаға кері әсер ете бастайды. Қазір елде вейп қолданғаннан кейін ден­саулығы сыр бергендерге қатысты нақ­ты факті тіркелмеді. Бірақ вейп эпи­демиясының өршуіне байланысты уақыт өте ауру көбеймесіне кім кепіл? Елде тыныс алу жүйелері ауруынан болатын өлім-жітім қан айналым жүйесі ауруларынан кейінгі екінші қатарда тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі атап өткендей, бүгінде 300 мыңға жуық қазақстандық тыныс алу жүйелерінің ауруымен есепте тұр.

Құрамында белгісіз элементтері бар электронды темекі құралдарының саудасы қызып тұр. Вейпті 21 жасқа толма­ған ел азаматтарына сатуға тыйым салын­ған. Сол секілді вейп саудалайтын­дар­ға 2021 жылы бірқатар шектеу қойыл­ды. Бірақ құлқынын ойлаған кәсіпкер­лер талап-нормаларды сақтап отырған жоқ. Әйтпесе электронды темекілер бала­лар мен жастардың қолына қалай тиіп ­отыр? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның мәліметіне сүйен­сек, әлемде 33 ел вейптерді сатуға ты­йым салған. Ба­тыл шешім қабылда­ған мемлекеттердің қа­тарында Дания, Нор­вегия, Уругвай, Аргентина т.б. елдер бар. Со­ны­мен қатар 79 ел әзірге вейп­ке қа­тысты тек бір ғана шектеумен шек­те­­ліп отыр. Яғни вейпті жарнама­лау­ға, қоғамдық орындарда тұтынуға, сауда­лаған күннің өзінде зиянды еке­нін ес­кертіп сатуға тиіс. Бізде де электрон­ды темекілерді шектеуге қатысты тәп-тәуір бастама көтерілгенімен, соңында түпкі мақсат орындалмады. 2021 жы­лы депутаттар вейптерді тұтынуға заң жү­зінде шектеу қоюды ұсынды. Ден­сау­лық сақтау министрлігі осы ұсы­­ныс­т­ы қуаттап, тиісті жұмыстар ат­қар­­ған. Бұл сауал Парламент, Сенатта тал­­қы­ланған. Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінде қоғамдық тыңдау өтті. «Ата­мекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасында іс-шара ұйымдастырылған. Со­ған қарамастан нақ қазір өзекті болып отырған мәселе әлі күнге дейін тал­қыланып келеді. Бұл ретте денсаулық сақтау министрлігінің де ұстанымы көп­шіліктің пайымымен үндесіп отыр. Яғни министрліктің қыз­мет­керлері өскелең ұрпақтың денсау­лығына алаңдайды.

Дөңгелек үстелде діни конфес­сия­лардың өкілдері де электрондық теме­кінің денсаулыққа зияны туралы ортақ пікір білдіріп, балалардың, жас­тар­дың денсаулығына, елдің болашағына алаңдайтынын жеткізді. Ізін ала медицина ғылымдарының докторы А.Бай­генжин балалардың болашағына алаң­дап отырған мамандардың түйінді ойын қорытып, толықтырды.

«Қазір вейптен ауырғандар неге аз деп сұрақ қоятындар көп. Бірақ мұның салдары 10 жылдан кейін біліне бас­тайды. Мысалы, темекені жастайынан тұтынғандар соның зиянын уақыт өте көріп жатыр. Осылай жалғаса берсе, 10 жылдан кейін бармақ тістеп қал­майық. Енді қорытынды шығарсақ. Қаптамалары сәнді вейптерге, ондағы түрлі-түсті бояуларға шектеу қою керек. Вейптерді азық-түлік дүкендерінде саудалауға және ароматизаторы бар вейптерді шығаруға, тасымалдауға тыйым салу қажет. Білсеңіздер, Қытай вейптерді көп өндіреді. Бірақ олардың өзінде ароматизаторы бар вейптерді сатуға тыйым салған. Тек экспортқа шығара алады. Олар тұтынса, тек нико­тині бар электронды темекілерді тұтынады. Меніңше, біз осы мәселеге қазірден мықтап кірісіп, электронды темекілердің зиян екенін халыққа түсіндірумен шектелмей, жоғарыда айтылған ұсыныстардың заң аясында шешілуіне атсалысуымыз керек. Біздің айтпағымыз – осы», деді А.Байгенжин.

Сонымен, дөңгелек үстелде бас қос­қан әр саланың мамандары электронды те­мекіге, вейпке әуестену әлеуметтік, меди­циналық жағынан және дін тұрғы­сы­нан да кереғар екенін түсіндірді. Енді, көп­шіліктің күтіп отырғаны – электронды те­ме­кіге, вейптерге қатысты шектеу шара­лары Заң аясында күшейсе, құрамы бей­мәлім күдікті тауарлардың жолына тос­қауыл қойылса деген талап-тілек­пен ұштасады.