Қоғам • 23 Мамыр, 2023

Айыппұл адым аштырмай тұр

379 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордадағы облыстық кәсіпкерлер палатасына жалпы көлемі 82,8 млн теңге айыппұл арқалаған 7 кәсіпкер араша сұрай келіпті. Жалпы мұндайлардың қатары 80-нен асып жығылатын көрінеді. Бірақ көпшілігіне салынған айыппұл көлемі әзірге белгісіз болып отыр.

Айыппұл адым аштырмай тұр

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тиісті орындар сауда саласында қызмет көрсететіндердің дені қосылған құн салығын тө­леу­ші ретінде уақтылы тір­кел­меген­діктен осындай жағ­дайға ұшы­рап отырғанын айтады.

«Мен алтын бұйымдарын қарызға алып сатамын. Былтыр желтоқсан айында салынған 4,3 млн теңге айыппұлды несие алып, жедел жаптым. Енді биыл сәуірде 920 мың, артынша 27 млн теңгеге хабарлама келіп тұр. Осы миллиондаған қаржыны 3 ай ішінде төлеуім керек екен. Оны қалай жабамын? Мұндай көлемде маған несие де бермейді ғой», дейді мемлекеттік кірістер органынан ескертпе алғандардың бірі Рәзия Шаймағамбетова.

Кәсіпкерлер палатасының алаңын­да мемлекеттік кірістер органы маман­да­рының қаты­суымен өткен «Ашық есік» кү­нінде қармақшылық кәсіп­кер Бағила Несіпбаева да осындай арыз айтты. Саудамен айналысатын ерлі-зайыптылар осыған дейін салық пен өзге де төлемдерді кешіктірмей төлеп келген. Осыдан 2 жыл бұрын айналым қаражаты межеге же­тіп қалғанын ескерткен салық маманының кеңесімен үш құ­рам­дасты интеграцияланған жү­йеге өткен. Осы жүйе бойынша барлық міндеттемені өтеуден қашқан кезі жоқ. Биыл жыл басында шақырған салықшылар қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркелуді ескертіп, соңғы екі жылға 25,7 млн теңге айыппұл салыпты

«Біз маман емеспіз. Бухгалтер ұстап отыруға жағдайымыз кел­мей­тіндіктен де салық мамандарымен кеңесеміз. Енді соның зардабын тартып отырмыз. Ол ақшаны қайдан аламыз? Осы оқиғадан кейін жұбайым ауру­ха­нада жатыр», деді Бағила Несіпбаева.

Қызылорда қаласы бойынша мемле­кеттік кірістер бас­қар­масының бөлім басшысы Салтанат Ержанованың дере­гін­ше, қосылған құн салығын төлеуші ретінде уақтылы тір­кел­меген 84 кәсіпкерге айып­пұл салынған. Палатадағы Өңір­лік кеңес мүшесі Бейбітәлі Тілеулиевтің айтуынша, айыппұл са­лын­ғандардың басым бөлігі сауда саласындағы кіші бизнес өкілдері.

«Халық арасында салық мә­де­ниетін қалыптастыру үшін ескертпе-хабарлама беру тәсі­лін де оңайлатқан жөн болар еді. Бухгалтері жоқ шағын кә­­сіп­керлер тоқсандық, жылдық есептерін бір реттік қызмет көр­сететін мамандарға тапсыртады. Олардың көпшілігі жеке кабинетін үнемі ашып отырмайтыны анық. Сондықтан да салынған айыппұл туралы хабарламаларды SMS арқылы жіберген дұрыс», дейді ол.

Қазір облыста 67 мыңнан астам кәсіпкерлік субъекті тұ­рақ­ты жұмыс істеп тұр. Осы­лардың 21 814-і сауда саласында тіркелген. Оларда өңірде жұмыспен қамтылғандардың 17,5 пайызы жұмыс істейді. Па­ла­таға арызын айтып келген 7 кәсіпкер 23 адамға жұмыс тауып беріп отыр.

«Бизнес өкілдерін алаңдатқан бұл мәселе жыл басында облыс әкі­мі­­нің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төра­ға­лығымен өткен жұмыс то­бында да қаралған еді. Сон­да дәл осы проблема республика көле­мін­де 2 мың кәсіпкердің басында бар екені белгілі бол­ған. Ал айыппұл са­лын­ған­дар санының азаймауы бұл проб­ле­маның әлеуметтік жағын ескеру керектігін аңғартып тұр. Бұл мәселе Үкіметтік дең­гей­де ше­шіл­уі керек», дейді Кәсіп­кер­лер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

 

Қызылорда облысы