24 мамыр күні өткен мәжіліс отырысында журналистер «оқу жылының ұзартылғаны өзін ақтамады» деп, жаңа форматқа сын айтқан еді. Тілшілердің айтуынша, арнайы ұзартылған уақытта балалар сабақ оқымай, оқулықтарын тапсырады немесе сынып сағаттарын өткізеді.
Асхат Аймағамбетов осы кезеңде балаларының сабақ оқитынын айтты. Оның айтуынша, әр өңірде жағдай өзгеше сипат алады.
«Егер оқулықтар әзірден жиналып алып жатса, бұл сұрақты маған емес, Оқу-ағарту министрлігіне қою керек. Әріптестерім мәселені дер кезінде шешіп жатқанына сенімдімін», деді Асхат Аймағамбетов
Ол саяси жұмыста министр немесе басқа мемлекеттік қызметкер барлығына бірдей ұнайтын шешімдерді қабылдамауы керек екенін еске салды.
«Ұнамайтын, мүмкін қазір түсінбейтін, бірақ елге, мемлекетке, балаларға қажет шешім болса, оны ұнаса да, ұнамаса да қабылдай білу керек. Мысалы, біз мектеп директорларының жұмыс істеу мезімін 5 жылмен шектедік. Бұл директорларға ұнады деп ойлайсыз ба? Әрине, ұнамайды. Мысалы, біз ЖОО бітіріп, мұғалім болғысы келетіндерге «енді мектепке тұру үшін диплом ғана емес, өз пәнің бойынша тест тапсыр» дедік. Оқу бітірген маманның 90%-ы тестілеуден өте алмады. Соған байланысты біз 50-ге жуық университеттің лицензиясын алып қойдық. Бұл университетке де, онда оқыған түлектерге де ұнамайтын шешім. Бірақ бұл шешім керек пе? Керек. Егер сол шешімді қабылдай тұрып, жұмыстан кетуге мәжбүр болсаң, сонда да қабылдау керек. Менің ойымша, бұл тәсіл білім саласында өте маңызды», деп ойын аяқтады Асхат Аймағамбетов.