Аймақтар • 24 Мамыр, 2023

Жұмыспен қамту – басты бағыт

234 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қарағандылық кеншілер бір тәулікте 17 мың тонна көмір шығарып, метал­лургтер 8,5 мың тонна болат балқытады. Ірі жә­не шағын өндіріс өнер­кә­сіптері 9 млрд теңге­нің өнімін өндіреді. Қара­ған­­дының көтерме-сауда логис­тикалық орталық­та­­ры­нан 80 мың жүк ваго­ны мен көлік жан-жақ­қа жол тартады. Ал кәсіп­кер­лері күн сайын облыс эко­но­микасына 7 млрд тең­ге үлес қосады екен. Бұл – Орталық комму­ни­ка­ция­лар қызметі алаңын­да өткен брифингте облыс әкімі Ермағанбет Бө­лек­паев мәлімдеген деректер.

Жұмыспен қамту – басты бағыт

Әрбір екінші тұрғын шағын және орта бизнесте еңбек етеді

Аймақ басшысының айтуынша, өңір экономикасының дамуы тұрақты. Биылғы төрт ай­дағы әлеуметтік-эконо­мика­лық көрсеткіштері оң динамиканы көрсеткен. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі – 1,1 трлн теңге шамасында.

– Өнеркәсіптің фармацевтика, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, қағаз өнімдер өнді­рі­сіндегі өсім 20 пайыздан 60 пайызға артты. Негізгі капи­талға 176 млрд теңге ин­вес­тиция құйылды. Өсім – 25 пайыз. Биыл 793 млрд теңге ин­­вес­тиция күтіледі. Соның нә­­ти­жесінде өңірде 2 мың­нан аса тұрақты жұмыс орны құры­лады. Әл­бетте, тұр­ғын­дардың жұмыспен қам­тылуы – басым бағыттың бірі. Сол арқылы олардың та­бысын арттыру – мақсат. Бұл – бірінші кезекте жаңа инвес­тициялық жобалар. Бүгіннің өзінде шағын және орта бизнес­тің өсімі 20 пайыздан асты. Ай­мақтың экономикалық қабілетті тұр­ғынының тең жартысына жуы­ғы осы шағын және ор­та бизнес­те еңбек етеді. Бұл дегеніміз – облыстың әрбір екінші тұр­ғыны. Қазіргі уақытта кәсіп­керлердің 2,5 мыңнан аса жобасы мемлекеттік қолдауды иеленді. Жыл соңына дейін портфельді 5,5 мың жобаға дейін ұлғайтып, қолдау жасау жоспарда, – деді Е.Бөлекпаев.

Сонымен қатар облыс әкімі аймақта өндірістің тың көздерін ашуға ден қойылғанын айтады. Оның іске асуына өңірлік «Кәсіпкер» бағдарламасы да ықпал етпек екен. Ал бір кез­дегі «Қарапайым экономика» бағдарламасы бойынша жеңіл өнеркәсіпте 4 жоба табысты іске асқан. Олардың өнімін бүгін­де денсаулық сақтау, білім беру саласы секілді ұйымдар тұтынады.

Қоғамның әлжуаз тобына 200 грант бөлінген. Жас кәсіпкерлерге 600 грант пен 324 жеңілдетілген несие беріледі. Несиенің мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Бұған қоса мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру жобалары да жолға қойылған. Соның нәтижесінде 700 адамның жұмысқа тұруына мүмкіндік жасалады.

– Қарағанды – ірі сауда-логистика хабы. Мұнда электронды коммерция секторы ұдайы өсіп келеді. Сауда саласында өсім 29 пайызға жетті. Автөкөлікте қызмет көрсетудің көлемі 18,4 пайызға көбейді. 2021 жыл соңында Қарағандыда электронды билет жүйесі іс­ке қосылды. Осы жылдың ақпа­нынан Қарағандының серіктес қалалармен байланыстыратын көліктер бұл жүйеге кірді. Бұл билет жүйесінде ашықтықты қалыптастырды. Қалааралық жолақы екі есеге арзандады. Сол арқылы Қарағанды аг­ло­мерациясының 30 мың тұрғынына күн сайын облыс орталығына қатынауға қол­дау жасалды деп ойлаймын. Оған қоса 1 мамырдан бас­тап Қарағандыда 7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға тегін жол жүруді қамтамасыз еттік. Жақын арада электронды билет мәселесі Балқаш пен Теміртауда шешімін табады. Автобус паркін жаңартуда да жоспарымыз бар. 165 жаңа автобус сатып аламыз. Оның 33-і серіктес қала маршруттарында жүреді. Барлық автобус – отандық өндіруші Саран қаласындағы QazTehna зауы­тінікі, – деді Е.Бөлекпаев.

 

2027 жылы өңір өзін өніммен 80 пайыз қамтиды

Облыс алдағы уақытта өзін қажетті өніммен қамтудың үлесін 80 пайызға дейін жет­кізуді меже етіп алған. Ал ауыл шаруашылығы саласында аймақта 24 мың адам еңбек етеді екен. Ауылды дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 653 шағын несие беріледі.

– «Ауыл аманаты» жобасымен ауыл тұрғындарына 3,4 млрд теңге сомасында 653 шағын несие береміз. Көп­балалы отбасыларға, атаулы әлеу­меттік көмек алушыларға және NEET жастарына ерекше назар аударамыз. Қазірдің өзінде 353 өтініш қабылданды, – дейді облыс әкімі. Осылайша, ауылдарда 2,5 мың жаңа жұ­мыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бүгінде өңірде мал ша­руашылығы өнімінің көлемі 65 млрд теңгеге жетіпті. Мал басы да өсіп келеді. Дәнді-дақылдар себетін алқаптар ұлғайған. Көктемде аграршылар 1,2 млн гектарға дән сіңірді. Бұл көр­сеткіш былтырғыдан 22 мың гектарға артық деседі.

Сондай-ақ 52 инвести­ция­лық жобаны қамтыған пул жасақ­талған. Оның құны – 1,2 млрд теңге. Бұл 12 мың тұрақты жұмыстың пайда болуына ық­пал етеді. 11 жоба биыл қо­сы­лады. Оның бірі – Саран қала­сындағы тұрмыстық техника шығаратын зауыт. Жоба арқылы 1 мың адам нәпақасын айырады.

Моноқалалардың тынысы ашылмақ. Қазіргі уақытта Са­ран индустиалдық аймағында Мемлекет басшысы тапсырмасымен жаңа өндірістер үшін инфрақұрылымдар жүргі­зіліп жатыр. Нәтижесінде, ин­дус­триалдық аймақта 3 мыңнан аса жұмыс орны құрылады. Бұл әдіс өзге де моноқалаларға олардың ерекшелігін ескере отырып, қолданылады. Мәселен, Балқашта 240 млрд теңгені құрайтын 66 іс-шара қарастырылған кешенді жос­пар әзірленген. Ондағы мақ­сат – Балқашта толыққанды туристік кластер құру. Қазіргі таңда жоба келісім деңгейінде.

 

Инфрақұрылым жаңарады

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім берудің қол­жетімділігі де – басты назарда. Аймақта аутизмі бар балаларға арналған алғашқы орталық жұ­мыс істейді. Шахтинск қа­ласында ПМПК, Қарағандыда инклюзияны қолдайтын үш кабинет ашылды. Жалпы, 2025 жылға дейін Қарағанды облысында 22 жаңа мектеп салынады. 22 мектептің 18-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында және төртеуі облыстық бюджет есебінен бой көтермек. Биыл 13 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Со­ны­­мен қатар Қарағандыда биыл үшін­ші Оқушылар сарайының құры­лысы басталды.

Бүгінгі таңда мектептерде 1-4 сынып оқушылары, ал балабақшаларда әлеуметтік осал санатындағы балалар тегін ыстық тамақ ішеді. Лизингтік қаржыландыру есебінен мектеп автопаркі екі есе ұлғайды.

Аймақта 88 шақырым жы­лумен жабдықтау желісі, 1 937 шақырым электр желісі ауыс­­тырылады. Негізі, тұрақты жы­лумен үздіксіз қамту – бас­ты міндеттің бірі. Осы орайда Теміртауда 29 шақырым жылу құбыры ауысады. ЖЭО-2-де жаб­дықтарды жөндеу жә­не қа­ла­ға қажетті жетінші қазан­дық­тың құрылысы жүріп жатыр.

– Өткен жыл Теміртау тұр­ғындары үшін қиын болды. Қала бойынша 29 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланып отыр. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі ЖЭО-2 жұмысына ша­ғым түседі. Қазір стансада қазан­дықтар жөнделіп жатыр. Жаңа жетінші қазандық салынып жатыр, – деді Е.Бөлекпаев.

Қарағандыда жаңа тұрғын үйдің көбеюіне байланыс­ты жылу тапшылығы бар. Тап­шылықты жою үшін облыс орталығында үшінші жылу орталығының құрылысы қар­қынды жүруде. Сапалы ауыз су мәселесі де ке­зең-кезеңімен іске асыры­лып жатыр. 2025 жылға қарай облыс тұрғындары орталық­тандырылған суға 100 пайыз қол жеткізеді деген жос­пар бар.

Әкімнің айтуынша, Қараған­ды облысында 1 374 шақырым автожол жөнделеді. Оның 640 шақырымы – республикалық, 317 шақырымы – облыстық маңызда. 417 шақырымы – жер­гі­лікті желілер. Сонымен нор­­мативтік жағдайдағы жол­дар­дың үлесі 92 пайызды құрайды.

«Орталық-Оңтүстік» ау­қым­­ды жобасын қоса алғанда, жол инфрақұрылымын жақсар­ту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл «Қарағанды – Балқаш» республикалық тасжолының төрт жолағы ашылады. «Қара­ғанды – Қарқаралы» жолының бес учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары жалғасып, Қара­ғанды – Жезқазған автожолын реконструкциялау басталады екен.

 

Қарағанды облысы