Әрбір екінші тұрғын шағын және орта бизнесте еңбек етеді
Аймақ басшысының айтуынша, өңір экономикасының дамуы тұрақты. Биылғы төрт айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң динамиканы көрсеткен. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі – 1,1 трлн теңге шамасында.
– Өнеркәсіптің фармацевтика, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, қағаз өнімдер өндірісіндегі өсім 20 пайыздан 60 пайызға артты. Негізгі капиталға 176 млрд теңге инвестиция құйылды. Өсім – 25 пайыз. Биыл 793 млрд теңге инвестиция күтіледі. Соның нәтижесінде өңірде 2 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны құрылады. Әлбетте, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы – басым бағыттың бірі. Сол арқылы олардың табысын арттыру – мақсат. Бұл – бірінші кезекте жаңа инвестициялық жобалар. Бүгіннің өзінде шағын және орта бизнестің өсімі 20 пайыздан асты. Аймақтың экономикалық қабілетті тұрғынының тең жартысына жуығы осы шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Бұл дегеніміз – облыстың әрбір екінші тұрғыны. Қазіргі уақытта кәсіпкерлердің 2,5 мыңнан аса жобасы мемлекеттік қолдауды иеленді. Жыл соңына дейін портфельді 5,5 мың жобаға дейін ұлғайтып, қолдау жасау жоспарда, – деді Е.Бөлекпаев.
Сонымен қатар облыс әкімі аймақта өндірістің тың көздерін ашуға ден қойылғанын айтады. Оның іске асуына өңірлік «Кәсіпкер» бағдарламасы да ықпал етпек екен. Ал бір кездегі «Қарапайым экономика» бағдарламасы бойынша жеңіл өнеркәсіпте 4 жоба табысты іске асқан. Олардың өнімін бүгінде денсаулық сақтау, білім беру саласы секілді ұйымдар тұтынады.
Қоғамның әлжуаз тобына 200 грант бөлінген. Жас кәсіпкерлерге 600 грант пен 324 жеңілдетілген несие беріледі. Несиенің мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Бұған қоса мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру жобалары да жолға қойылған. Соның нәтижесінде 700 адамның жұмысқа тұруына мүмкіндік жасалады.
– Қарағанды – ірі сауда-логистика хабы. Мұнда электронды коммерция секторы ұдайы өсіп келеді. Сауда саласында өсім 29 пайызға жетті. Автөкөлікте қызмет көрсетудің көлемі 18,4 пайызға көбейді. 2021 жыл соңында Қарағандыда электронды билет жүйесі іске қосылды. Осы жылдың ақпанынан Қарағандының серіктес қалалармен байланыстыратын көліктер бұл жүйеге кірді. Бұл билет жүйесінде ашықтықты қалыптастырды. Қалааралық жолақы екі есеге арзандады. Сол арқылы Қарағанды агломерациясының 30 мың тұрғынына күн сайын облыс орталығына қатынауға қолдау жасалды деп ойлаймын. Оған қоса 1 мамырдан бастап Қарағандыда 7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға тегін жол жүруді қамтамасыз еттік. Жақын арада электронды билет мәселесі Балқаш пен Теміртауда шешімін табады. Автобус паркін жаңартуда да жоспарымыз бар. 165 жаңа автобус сатып аламыз. Оның 33-і серіктес қала маршруттарында жүреді. Барлық автобус – отандық өндіруші Саран қаласындағы QazTehna зауытінікі, – деді Е.Бөлекпаев.
2027 жылы өңір өзін өніммен 80 пайыз қамтиды
Облыс алдағы уақытта өзін қажетті өніммен қамтудың үлесін 80 пайызға дейін жеткізуді меже етіп алған. Ал ауыл шаруашылығы саласында аймақта 24 мың адам еңбек етеді екен. Ауылды дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 653 шағын несие беріледі.
– «Ауыл аманаты» жобасымен ауыл тұрғындарына 3,4 млрд теңге сомасында 653 шағын несие береміз. Көпбалалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға және NEET жастарына ерекше назар аударамыз. Қазірдің өзінде 353 өтініш қабылданды, – дейді облыс әкімі. Осылайша, ауылдарда 2,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бүгінде өңірде мал шаруашылығы өнімінің көлемі 65 млрд теңгеге жетіпті. Мал басы да өсіп келеді. Дәнді-дақылдар себетін алқаптар ұлғайған. Көктемде аграршылар 1,2 млн гектарға дән сіңірді. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 22 мың гектарға артық деседі.
Сондай-ақ 52 инвестициялық жобаны қамтыған пул жасақталған. Оның құны – 1,2 млрд теңге. Бұл 12 мың тұрақты жұмыстың пайда болуына ықпал етеді. 11 жоба биыл қосылады. Оның бірі – Саран қаласындағы тұрмыстық техника шығаратын зауыт. Жоба арқылы 1 мың адам нәпақасын айырады.
Моноқалалардың тынысы ашылмақ. Қазіргі уақытта Саран индустиалдық аймағында Мемлекет басшысы тапсырмасымен жаңа өндірістер үшін инфрақұрылымдар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, индустриалдық аймақта 3 мыңнан аса жұмыс орны құрылады. Бұл әдіс өзге де моноқалаларға олардың ерекшелігін ескере отырып, қолданылады. Мәселен, Балқашта 240 млрд теңгені құрайтын 66 іс-шара қарастырылған кешенді жоспар әзірленген. Ондағы мақсат – Балқашта толыққанды туристік кластер құру. Қазіргі таңда жоба келісім деңгейінде.
Инфрақұрылым жаңарады
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім берудің қолжетімділігі де – басты назарда. Аймақта аутизмі бар балаларға арналған алғашқы орталық жұмыс істейді. Шахтинск қаласында ПМПК, Қарағандыда инклюзияны қолдайтын үш кабинет ашылды. Жалпы, 2025 жылға дейін Қарағанды облысында 22 жаңа мектеп салынады. 22 мектептің 18-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында және төртеуі облыстық бюджет есебінен бой көтермек. Биыл 13 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар Қарағандыда биыл үшінші Оқушылар сарайының құрылысы басталды.
Бүгінгі таңда мектептерде 1-4 сынып оқушылары, ал балабақшаларда әлеуметтік осал санатындағы балалар тегін ыстық тамақ ішеді. Лизингтік қаржыландыру есебінен мектеп автопаркі екі есе ұлғайды.
Аймақта 88 шақырым жылумен жабдықтау желісі, 1 937 шақырым электр желісі ауыстырылады. Негізі, тұрақты жылумен үздіксіз қамту – басты міндеттің бірі. Осы орайда Теміртауда 29 шақырым жылу құбыры ауысады. ЖЭО-2-де жабдықтарды жөндеу және қалаға қажетті жетінші қазандықтың құрылысы жүріп жатыр.
– Өткен жыл Теміртау тұрғындары үшін қиын болды. Қала бойынша 29 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланып отыр. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі ЖЭО-2 жұмысына шағым түседі. Қазір стансада қазандықтар жөнделіп жатыр. Жаңа жетінші қазандық салынып жатыр, – деді Е.Бөлекпаев.
Қарағандыда жаңа тұрғын үйдің көбеюіне байланысты жылу тапшылығы бар. Тапшылықты жою үшін облыс орталығында үшінші жылу орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Сапалы ауыз су мәселесі де кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. 2025 жылға қарай облыс тұрғындары орталықтандырылған суға 100 пайыз қол жеткізеді деген жоспар бар.
Әкімнің айтуынша, Қарағанды облысында 1 374 шақырым автожол жөнделеді. Оның 640 шақырымы – республикалық, 317 шақырымы – облыстық маңызда. 417 шақырымы – жергілікті желілер. Сонымен нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайызды құрайды.
«Орталық-Оңтүстік» ауқымды жобасын қоса алғанда, жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл «Қарағанды – Балқаш» республикалық тасжолының төрт жолағы ашылады. «Қарағанды – Қарқаралы» жолының бес учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары жалғасып, Қарағанды – Жезқазған автожолын реконструкциялау басталады екен.
Қарағанды облысы