Осындай cуыт хабар тағы тарады. Дәлірек айтсақ, Қарағанды облысында тағы екі бала терезеден құлап кетті. Періштесі қақса керек. Түрлі ауыр жарақат алды. Әйтеуір, аман. Бұл арада тағы деп таусылуымыз тегін емес. Өйткені, бұл – біздің есебімізше, аймақта айналдырған бір жарым айдағы құлаған жетінші бала. Негізі, Қылмыстық кодекстің 141-бабында «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау» жауаптылығы қарастырылған. Бапқа сәйкес жаза салдарға байланысты тағайындалады. Егер жеңіл болса, айыппұл төленеді. Немесе екі жылға бас бостандығынан айырылады. Әрине, қай ата-ана баласын өлімге қияды? Дегенмен ата-аналар бейқамдықтан бәрібір арылмай жүр.
Елде көпқабатты үйдің терезесі қанша отбасын қара жамылдырғаны туралы нақты статистика жоқ. 2014 жылдан бері Ішкі істер министрлігі бұл жөнінде есеп жүргізбейді екен. Балалар жарақаты ретінде ғана тіркеледі. Қарағанды облысы полиция департаментінде де мұндай статистика жоқ боп шықты. Төтенше жағдайлар департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының еншісінде көрінеді. Яғни бұл құқықтық негізде іс қозғалмайтынын көрсетсе керек. Былтыр Қарағандыда терезеден құлаған бала саны 29 екен. Облыстың төтенше жағдайлар департаменті дерегінше, жыл басынан бері аймақта 11 баланы терезе ажалға апара жаздаған. Соңғы 2 айда қарабайыр есебіміз облыста 7 баланы санап шықты. Оның ішінде, екі жастағы бала осы мамырда көз жұмды.
Биылғы бірінші жағдай 19 наурызда – Балқашта, одан кейін 29 наурыз – Саранда, 23 сәуірде – Қарағанды мен Балқашта, 9 мамыр – Қарағандыда, ал осы аптада Теміртауда және Бұқар жырау ауданында тіркелді. Бұл – небәрі бір жарым айдағы ахуал. Ал алда – шіліңгір шілде. Көпқабатты үйлердің қапырықта қалатын шарықтау шегі әлі тумады. Терезелердің жаппай ашылуы енді басталады. Қауіп көбейеді. Нендей амал, қандай тәсіл бар? Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бар. Мемлекет басшысы құрылыс компанияларына қауіпсіздік нормаларын қатаң күшейтуді де міндеттеді.
«Құрылыс нормаларында қауіпсіздіктің нақты параметрлерін күшейту қажет деп санаймын. Біз, әрине, құрылыс жағдайларын жеңілдетеміз. Бірақ кейбір құрылысшылар мен кәсіпкерлер мұның бәрін теріс пайдаланады. Қосымша қауіпсіздік шараларын қолдану қажет. Балалардың терезеден құлауына алдымен ата-аналар жауапты, әрі бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ету әкімдіктің міндеті», деген еді Президент.
Одан соң Президенттің тапсырмасы құзырлы орындар тарапынан компанияларға тек ұсыныс ретінде ғана айтылды. Бұл ұсыныстың ешбір заңдық тетігі жоқ. Оған себеп – жоғарыда айтқанымыздай, баланың қауіпсіздігіне, әуелі, ата-ана жауапты. Нұсқаулық алған құрылыс компаниясы оны мүлтіксіз орындайды деу де өтірік. Жүре тыңдайды. Күле шығарып салады. Заңда болмаған соң басын қатырып, босқа әуреге түспейді. Компаниялар үнемшіл. Бұл нұсқауды заңдық негізде бекітуге бола ма? Заңгердің айтуанша, ол мүмкін емес.
– Қазір құрылыс компанияларына ұсыныс ретінде айтылып жатыр. Дегенмен оның орындалуын қатаң қадағалаған ешкім жоқ. Немесе олардың жобаларында мұны міндетті етіп қою керек. Сондай-ақ үйді қабылдағанда терезе қауіпсіздігіне назар аударылуға тиіс. Ендігі мәселе бұрынғы ескі үйлердегі қауіпсіздікті қайтеміз? Бұған ата-ана ғана жауапты. Ата-ана балалы болған соң оның қауіпсіздігін ойлауға міндетті, – дейді заңгер Көкеш Кәріғұлқызы.
Пластик терезе салатын кәсіпкерлер жаз шыға жалпы тапсырыстың көбейетінін айтады. Қорғаныс бекіткіштерді орнатуға да өтініш арта түсетін көрінеді. Тіпті «жау кеткен соң қылышын тасқа шабатындар да» бар. Ата-аналардың кейбірі жазатайым оқиға болған соң ғана опық жеп, орнатады екен.
– Кейінгі кезде қауіпсіздік бекіткіштеріне тапсырыстар көбейді. Бағасы аса қымбат емес. Жылдам орнатылады, – дейді жеке кәсіпкер Владимир Воронов.
Оқиға орнына бірінші болып баратын төтенше жағдайлар департаменті жалпақ елді ескертуден кенде емес. Кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды жақтары талмай жұрттан сұрап-ақ келеді. Терезелерге арнайы бекіткіштер орнатуды да өтінеді. Тек тыңдар құлақ аз.
– Балалардың терезелер мен балкондардан құлауына жол бермеу үшін қараусыз қалдырмау керек. Бала терезенің алдына шыға алмайтындай етіп, жиһаздың барлық түрін ол жерден алып тастау қажет. Москит торы құлаудан қорғануға арналмаған. Сонымен қатар терезені бірнеше сантиметрден артық ашуға мүмкіндік бермейтін арнайы бекіткіштер орнатылуға тиіс. Егер бекіткіш құрылғы орнату мүмкіндігі болмаса, терезенің тұтқасын алып тастап, оны тек қажет жағдайда қолдану керек, – дейді ТЖД баспасөз хатшысы Жанна Дәуренбекова. Мамандар ашық қалған терезе әсіресе екі жас пен жеті жас аралығындағы балаларға қауіпті екенін айтады.
Жаманат шақырғымыз келмейді. Десек те, бұл мәселе жеке отбасы шеңберінен шығып кетті. Бүтін қоғамның проблемасы деңгейіне көтерілді. Олай болса, қоғам бұл мәселенің алдын алып, ауыр статистиканы тоқтататын шешім шығару үшін нақты шараларды қолға алғаны жөн. Өкініштісі, мұндай қадам күні бүгінге дейін толық жасалған жоқ.
Қарағанды облысы