Спорт • 25 Мамыр, 2023

Жировтың есімі – әлемдік Даңқ төрінде

548 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лонг-Бич қаласында өткен салтанатты іс-шара барысында жекпе-жек өнерінің «Даңқ залына» еліміздің атақты боксшысы Василий Жировтың есімі енгізілді. Бұл жаңалықты жер-жаһандағы миллиондаған жанкүйер жылы қабылдады.

Жировтың есімі – әлемдік Даңқ төрінде

Расында Вася ондай құрметке лайық. Спорттық мансабын Балқаш қа­ласында әйгілі бапкер Александр Апачинскийдің қол астында бастаған жер­­лесіміз уақыт оза өз дәуірінің ең мықты боксшыларының бірі әрі біре­­гейіне айналды. Әуесқой рингте ол жастар арасында КСРО және Еуро­па чемпионы атанды. Ересектер дуына қо­сылғаннан кейін де Жировтың жеңісті жолы жалғасты. Әуелі ол ТМД бірін­шілігінде топ жарып, Азия ойындарында үшінші орынға табан тіреді. Азия чемпионатында алтын мен күміс медаль­дерді еншіледі.1993 және 1995 жыл­дардағы әлем чемпионаттарында қола медальді қоржынға салды. 1996 жылы Ат­лантада алауы тұтанған Олим­пияда ойын­дарында бас жүлдені олжалап қана қоймай, ең үздік боксшыға тиесілі Вэл Баркер кубогін де төбесіне көтерді.

Атлантадағы дода аяқталғаннан кейін Василий Жиров кәсіпқой рингте күш сынасты. 1997-2009 жылдар ара­лығында 42 мәрте шаршы алаңға шыққан ол 38 рет жеңіс тойы­н той­лады. 32 қарсыласын нокаутқа жіберді. 1999 жылдың 5 маусымында АҚШ-тың Миссисипи штатындағы Билоски қаласында «Балқаштың барысы» IBF нұсқасы бойынша бірінші ауыр салмақтың чемпиондық белбеуі үшін таласып, жергілікті боксшы Артур Уильямсты жетінші раундта ұрып жықты. Содан кейін ол небір дүлей күш иелерін есінен тандырып, өз атағын алты мәрте сәтті қорғады.

2001 жылдың 6 ақпанында Вася өзінің кезекті кездесуін Алатау бау­райында өткізді. Сол кезде Алма­ты­дағы Ба­луан Шолақ атындағы спорт сарайында инешаншар орын болмады. Еліміздің әр аймағынан келген жан­күйерлер Қазақстанның кәсіпқой бокс тарихындағы тұңғыш әлем чемпионына барынша қолдау көрсетті. Жиров ел сенімін ақтады. Пуэрто-Рикодан келген Алекс Гонсалесті сол қолымен иектің астынан ұрып, бірінші раундта-ақ сұлатып салғаны есімізде.

2003 жылы Жиров алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Ол АҚШ-тың алыбы Джеймс Тоуниден ұпай санымен ұтылып, алтын белбеуден айырылды. Сол жылдың күзінде угандалық Джозеф Киванукиді қапы қалдырғаннан кейін Василий ауыр салмаққа ауысуды жөн көрді. Бұл оның қателігі болды. Алыптармен тоғыз рет ай­қасқан ол алты рет жеңіске жетсе, үш жекпе-жекте сан соғып қалды. Атап айтсақ, жерлесіміз Джо Меси мен Майкл Мурерге есе жіберіп, Орлин Норриспен тең түсті. Бір айта кетерлігі, Мурерден ол нокаутпен жеңілді. Өзінің соңғы кездесуін Жиров 2009 жылдың 17 қазанында Джонатан Уильямске қарсы өткізіп, бұл бәсекеде айқын басымдық танытты. Содан кейін жерлесіміз был­ғары қолғабын шегеге ілді.

Василий Жиров еліміздің ғана емес, әлемдік бокс тарихында да ай­тар­­лықтай із қалдырғаны анық. Ол – Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Баркер ку­богінің иегері және кәсіпқой бокстан ал­ғашқы әлем чемпионы. Сондықтан да «Балқаш барысының» есімі жекпе-жек өнерінің «Даңқ залы» мен әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылуға әбден лайық.