– Биылғы оқу жылы да аяқталды. Түлектер үшін ең жауапты кезең. Алдарында үлкен таңдау, үлкен сын тұр. Олардың ішінде сардар болуды армандап жүргендер де жоқ емес. Сізді әңгімеге тартып отырғанымыз да сол, бүгінгі оқушы ертеңгі офицер болу үшін не істеу керек?
– Офицерлікке білімі мен дене дайындығы сай балалар келеді. Мәселен, Петропавл ұлттық ұлан академиясына оқуға түскен түлектің оқуы, жатар орны, киер киім, ішер тамағы тегін. Төрт жыл оқып, жоғары білімін, лейтенант шенін алып шығады. Аталған оқу орны 26 жыл тарихында 4 142 офицер даярлап шығарған. Оның 283 түлегі үздік оқыса, 49-ы алтын медальға тәмамдаған. Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының орынбасарлары да сол академияны аяқтаған. Ал сұраққа келер болсақ, офицер болуды көздеген түлек жергілікті жері бойынша әскери бөлімге барып құжаттарын өткізеді. Сол жерден жолдамасын алып, медициналық тексеруден өтуі шарт. Содан кейін барып, арнайы тексеруден өтеді, ҰБТ тапсырады. Тестілеуден кемі 50 ұпай алуы керек. Оқуға түскеннен кейін жыл он екі ай стипендия алады.
– Ұлттық ұлан академиясына мектеп бітіруші түлектерден басқа жоғары білімі бар азаматтар тапсыра ала ма? Жалпы, оқудан соң жұмысқа орналасу жағы қалай бола-
ды?
– Академияда әскер қатарында болмаған, 17 жасқа толған азаматтар оқи алады. Жасы жиырма екіден аспауы керек. Академияда оқу-жаттығудан бөлек түрлі концертке, қойылымға қатысады. Мәдени іс-шаралар, спорттық жарыстар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады. Демалыс күндері киноға, театрға барады. Ең бастысы, оқуды аяқтай сала Ұлттық ұлан қатарына жұмысқа орналасады. Егер сабақты жақсы оқыған болса, таңдаған қаласына жұмысқа барады. Айта кетерлігі, басқа да күштік құрылымдарға қызметке кіруге мүмкіндік бар. Атап айтсақ, мемлекеттік күзет, қорғаныс министрлігі, шекара қызметі, «Бүркіт», «Арыстан», «Сұңқар» секілді арнайы жасақ құрамында қызмет ете алады. Жалақысы тұрақты болады, пәтерақысы төленеді. Қызметтік баспалдақ мұнда да бар. Қызмет өтіліне қарай взвод командирінен рота командиріне дейін өсе алады. Егер тәрбие жағынан орынбасар болса, батальон командирінің орынбасары болып та қызмет ете алады. Зейнетке де ерте қамданады. Мысалы, подполковник болсаңыз 48 жастан, полковниктер 55 жастан шығады. Жалпы, бұл салаға бет бұрмас бұрын жан-жақты ойланып алғаны жөн. Себебі қажыр-қайратты, білімді қажет ететін сала.
– Әлбетте, сардар болу оңай емес. Осы орайда ойға оралған сауал – әскердегі әлімжеттік. Әсіресе бұл мәселе ата-аналарды жиі алаңдатады.
– Қазір әскери қызметке ақпараттық шабуылдардың бары рас. Сарбаздардың өз-өздеріне қол салу секілді ақпарат көп тарап жатыр. Қайғылы жағдайды болдырмау үшін тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Сарбаздардың күн тәртібі белгіленген. Әр әскери бөлімде жаңа келген сарбаздармен психологтар жұмыс істейді. Егер сарбаздың мінез-құлқы өзгерсе, бір жыл бойы психологтің қадағалауында болады. Науқас ретінде емес, шай ішіп отырып сырласуы мүмкін дегендей. Әдісі көп. Әлімжеттік деп қалдыңыз, бүгінгі таңда ол заман кетті. Қазір тәртіп темірдей. Оның үстіне әскери қызмет бір жыл ғана. Әлімжеттікке уақыт жоқ. Оны қойып, бір-бірімен сөйлесуге уақыт таппайды. Әр күні кестеге түсіріліп, белгіленіп қойған. Оқуларын оқиды, жауынгерлік дайындыққа барады, қызметке түседі. Түнге дейін қызметте жүреді. Айтқандай, Ұлттық ұланбыз деп емін-еркін жүре бермейді. Белгіленген аумақтарындағы тәртіпті қадағалайды. Қаншама қылмысты ашты, азаматтарды өрттен құтқарды. Олардың жүріс-тұрысын офицерлер жоспар бойынша тексеріп отырады.
Әлімжеттіктің жоқтығына ата-аналар да көз жеткізіп отыр. Шынын айтсақ, әр әскери бөлімдерде ата-аналарға арналған «WhatsApp» топтар бар. Сарбаздар «тамағым тоқ, киімім бүтін» деп жексенбі күндері хабарласады. Бұл жерде дұрыс түсіністік танытуымыз керек. Сарбаз «Бүркіт», «Арыстан» секілді арнайы жасақта қызмет етсе де, қайда болса да ана үшін бала. Сондықтан да әке-шешесімен байланыс болу керек. Біз де жоғарыға үй ішімен сөйлесті деп есеп береміз.
– «Отан отбасынан басталады» дейміз. Ал отбасын асырау үшін әр азаматтың әлеуметтік жағдайы жақсы болуы шарт. Ол дегеніміз – жалақы. Офицерлік оқуды оқыды делік. Қызметтегі өсу баспалдағын айттық. Жалақы жағына тоқталып өтейікші.
– Рас, өте маңызды сұрақ. Үш жыл көлемінде офицерлердің жалақысы 70 пайызға өсті. Әлі де артады. Әскери шенге, әскер сапындағы қызмет өтіліне қарай есептеледі. Санаты, оқу орны есепке алынады. Әп деп жұмысқа орналасқанда 190-200 мың көлемінде жалақы алады. Қосымша әлеуметтік пакет барын жоғарыда айтып өттік. Жас офицерлер ерте үйленіп, үй алып жатқандар қаншама? Демек, офицерлер үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдай жаман емес.
Әңгімелескен
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»