Үкімет • 26 Мамыр, 2023

Абай облысы: Өртті сөндіруге барлық күш жұмылдырылды

418 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отыры­сында күн тәртібінен тыс Абай облысының Бородулиха ауданындағы ірі табиғи өртті жою мәселесі қаралды.

Абай облысы: Өртті сөндіруге барлық күш жұмылдырылды

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Осы мәселе бойынша Семей облы­сының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Төтен­ше жағдайлар бірінші вице-министрі, генерал-майор Ибрагим Күлшімбаев және экология вице-министрі Галидулла Азидуллин баяндама жасады.

 

Өрт аймағында төтенше жағдай жарияланады

Абай облысының әкімі хабарлағандай, биылғы 25 мамырдағы жағдай бойынша ормандағы өртті сөндіру ерекше ба­қы­лау­ға алынып, жедел штабтың жұ­мысы кеңейтілді. Өрт ошақтарын сөн­ді­ру жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр.

«Орман алқабындағы екпінді жел мен сулы-батпақты жерлер өрт сөндіру жұмы­сына кедергі келтіріп, ауыр техниканың қозға­луын қиындатады. Өрт шарпыған аймақ­тың ауданы 3,5 мың гектарды құрай­ды. Орман өртін сөндіруге 201 техни­ка, 8 тікұшақ, 1 өрт сөндіру пойызы және жеке құрамның 852 адамы жұмыл­ды­рылған. Бүгін Бородулиха ауданы­нда төтенше жағдай жарияланады. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ, алайда қауіпсіздік мақсатында 277 адам өз бетінше туыстарына эвакуацияланды», деді Н. Ұранхаев.

Тонау фактілерін болдырмау үшін эвакуациялау орнында 20 адамнан тұра­тын полиция қызметкерлерінің кезек­шілігі ұйымдастырылды. Шұғыл көші­ру жағдайында Бородулиха ауылында 331 орынға 3 эвакуациялық пункт дайындалды. Орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр және бақылауда.

Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары генерал-майор Ибра­гим Күлшімбаев қазіргі уақытта респуб­ли­ка­лық және облыстық деңгейлерде жедел штабтар жұмыс істеп тұрғанын, Төтенше жағдайлар министрлігінен оқиға орнында вице-министр жетекшілік етіп тұрғанын баяндады.

«Бастапқы кезеңде өртті жою үшін 434 адамнан тұратын орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың (ТЖМ, ІІМ, ЭТРМ, ҚТЖ, жергілікті атқарушы органдар және облыстың коммуналдық қызметтерінің) өкілдері, 109 техника, 2 әуе кемесі және 1 өрт пойы­зы кірген азаматтық қорғаудың мемле­кеттік жүйесінің күштері мен құралдарының тобы жасақталды» деді И. Күлшімбаев.

Жедел жағдайдың нашарлауына бай­ла­нысты кеше Республикалық жедел штаб­тың отырысы өтіп, онда мемлекеттік органдарға тиісті міндеттер жүктелді.

Экология министрлігіне өрт сөндіру же­текшісі ретінде көмектесу үшін Тө­тен­­ше жағдайлар және Қорғаныс ми­нистр­ліктерінің күштері мен құрал­дары қосымша жіберілді.

Мәселен, бүгінгі таңда өртті сөндіруге ТЖМ, ІІМ, ЭТРМ, ҚМ, ҚТЖ, жергілікті атқарушы органдары мен облыстық коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылған. Тілсіз жауды ауыздықтауға 8 тікұшақ тартылды, оның  3-еуі ТЖМ, 3-еуі ҚМ, 2-уі ЭТРМ-ге тиесілі.

Бүгін таңертең 2 әуе кемесі барды.

«Өрт сөндіру үшін 10 тікұшақтың 8-і су ағызу құрылғысымен, 2-уі барлау және десанттарды жеткізу үшін пайдаланылады. Жағдай бақылауға алынды, өртті оқшаулау және жою бойынша барлық шаралар қабылдануда» деді И. Күлшімбаев.

Өз кезегінде Экология вице-министрі Галидулла Азидуллин 2023 жылғы 22 мамырда сағат 15:13-те бақылау мұна­ра­сының өрт күзетшісі «Семей орманы» табиғи резерватының аумағында өртті анық­тағанын хабарлады. Алдын ала ақпарат бойынша, өрт Ресей Федера­ция­сы­ның іргелес аумағындағы дала өрті салдарынан орын алған.

«Желдің екпіні салдарынан орманда өрт алаңы лезде 50-70 гектарға дейін ұлғайды, өрт сөндіру автомобильдері, тракторлар және жеке құрамның 84 адамы бірден өрт орнына шықты. 23 мамыр күні таңертең өрттің таралуы тоқтатылды, жану ошақтары сөндірілді. Алайда, сағат 12:21-де солтүстік-батысындағы 20 м/с-қа дейін күшейген екпінді желдің сал­дарынан өрт қайта басталып, 103-ші орамдағы төселген минералданған жо­лақ­ты кесіп өтіп, жоғары өртке ауыс­ты», деді Г. Азидуллин.

Министрліктен 75 техника және 252 адам жұмылдырылды.

Алдын ала жүргізілген барлау дерек­тері­нің негізінде орман өртін сөндіру­ді тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін өрттің тактикалық жоспары жасалды.

«Әрбір барлаудан кейін өрттің түрі мен күші, орманның ең қауіпті және құнды учаскелері, су айдындары, өрттің таралуын тоқ­тататын немесе күйдіру үшін тірек же­лісі ретінде қызмет ететін бөгеттер, сон­дай-ақ мұндай тосқауылдар немесе тірек жолақтар жасалуы тиіс орындар белгіленеді. Орман өрттерін сөндірудің негізгі жерүсті әдістері қолданылып жатыр. Бұл төменгі өрттің шеттерін саба­лау немесе оған топырақ шашу, жер өңдейтін құ­ралдардың көмегімен минерал­дан­ды­­рылған жолақтар тарту және орлар қазу, өрттерді әуе және жерден сөндіру әдістерін қолдану. Министрлік өртті оқ­шау­лау және жою үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда», деп түйіндеді Г. Азидуллин.

Мәселені қорытындылап, тиісті шұғыл тапсырмалар берген Премьер-ми­нистр Әлихан Смайылов өңірлердің өрт қауіп­сіздігіне дайындық мәселесі өткен Үкімет отырысында ғана қаралғанын еске салды.

«Көріп отырғанымыздай, қауіп өте жоғары. Ең бастысы, елді мекендерге қатер төніп тұрған жоқ. Өрт толық ба­қы­лауға алынды. Енді оны оқшаулап, толы­ғы­мен сөндіру керек. Бұл – әкімдік пен Төтенше жағдайлар және Экология министрліктерінің ортақ міндеті», деді Әлихан Смайылов.

Ол сондай-ақ Абай облысына өрт сөн­ді­ру күштері мен техникаларын жібе­ріп, көмек көрсеткен өңірлерге Үкі­меттің аты­нан алғысын білдірді.

«Экология министрлігі Төтенше жағ­дай­лар министрлігімен бірлесіп, өрт ошақ­­тарын толығымен жойып, келтіріл­ген за­лалды бағалау үшін «Семей орманы» резер­ватының аумағына тексеру жұмыс­тарын жүргізуі қажет», деп атап өтті Үкімет басшысы.

 

2,8 млн бала әрі демалады, әрі ем алады

Үкімет отырысында 2022-2023 жылғы оқу жылының аяқталуы және каникул кезінде балалардың сауықтыру демалы­сын, бос уақытын және еңбекпен қамты­луын ұйымдастыру мәселесі қаралды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биыл оқу жылын 3,7 млн-нан астам оқушы аяқтайтынын айтты. Атап айтқанда, 11-сыныпты 172 мың түлек бітіреді, оның ішінде «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 6,8 мың түлек. Қорытынды емтихандар 9-сынып үшін 4 пән бойынша 2-13 мау­сым аралығында, ал 11-сынып үшін 5-19 мау­сым аралығында 5 пән бойынша өтеді.

Жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен 1-10 сынып оқушыларының 85%-дан астамы, яғни әлеуметтік осал санаттағы 500 мыңға жуық баланы қоса алғанда, шамамен 2,8 млн бала қам­тылады деп жоспарланып отыр. Қа­зір­гі уақытта жазғы лагерьлерде алдағы мау­сымға дайындық бойынша белсенді жұ­мыс жүргізілуде. Жалпы 218 қала сыр­тын­дағы және 10 мыңнан астам мектеп жанындағы бейінді және шатыр лагерь­лері оқушыларға өз есігін айқара ашады.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, жазғы демалыс аясында балалар үшін мәдениет саласы бойын­ша 500-ден астам, спорт және туризм саласы бойынша 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Атап айтқанда, бұл – мұражайлар мен киелі орындарға тегін экскурсиялар, кітапханаларды аралатып, спектакль көрсету, түрлі фестивальдар мен байқаулар ұйымдастыру.

Бұдан басқа республиканың барлық өңірінде балаларға бағытталған туристік өнімдер желісі кеңейтілетін болады. Сонымен қатар Kids Go Free отбасылық туризм бағдарламасын іске асыру жал­ға­сады, оның аясында туристік пакет ішінде балалардың ұшақ билеттерінің құны субсидияланады. Бірінші жылдың қорытындысы бойынша бұл қызметті 1,5 мың бала пайдаланды, 700-ге жуық отбасы 70 млн теңге үнемдеді. Биыл 2 мыңнан астам бала осы бағдарламамен қамтылады деп күтілуде.

Балаларды сауықтыру және демалыс орындарында санитарлық-эпидемио­логиялық талаптарды сақтау жөніндегі шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасады. Өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Маң­ғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы айтып берді.

Мәселені түйіндеген Премьер-ми­нистр Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекет инфрақұрылымды дамыту, білім сапасын көтеру, тәрбие жұмысын күшейту, балаларды қосымша біліммен қамту бағытында жүйелі түрде тиісті жұмыстарды жүргізуде.

«Бірнеше күннен кейін кезекті оқу жылы аяқталып, балалар жазғы демалысқа шығады. Оны пайдалы әрі қызықты өткізгісі келеді. Сондықтан біз бала ден­саулығын нығайтуға, білімдерін толық­тырып, жақсы демалуына жағдай жасауы­мыз керек», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, ба­ла­­лардың спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге тегін баруына мүмкіндік беру үшін жергілікті бюджеттен 93 млрд теңге бөлінді. Оқу­шы­ларға арналған 50 сауықтыру лагерін, 100 инновациялық шы­ғар­машылық орта­лы­ғын салу бойын­ша жұмыстар бас­талып кетті. Бұл нысан­дардың құры­лы­сы 2026 жылы аяқталуы қажет.

Сонымен қатар Премьер-министрдің айтуынша, өңірлерде балалардың жазғы демалысы мен бос уақыттарын тиімді өткізу ісі көп жағдайда формалды түрде ұйымдастырылады.

«Әсерлі, мағыналы іс-шаралар аз. Көбіне сапасы сын көтермейді. Ауыл балаларына да қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы балалардың жазғы де­малысын ұйымдастыру кезінде көп­теген маңызды мәселелерді ескеру қажет­тігін айтты. Әсіресе, балаларға арналған бұқаралық іс-шаралар, соның ішінде қорытынды емтихандар бекітілген кестеге сәйкес сапалы өтуі тиіс.

«Жазғы демалыста балалардың қауіп­сіз­дігі басты назарда болуы керек. Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктері, өңір әкім­дері тиісті қызметтердің тұрақты жұ­мысын қамтамасыз етуі қажет», деді Үкімет басшысы.

Осы орайда әкімдер жаз айларында оқу орындарындағы қауіпсіздік жүйе­лерін жаңғыртып, жабдықтау жұ­мыс­та­рын күшейтуі тиіс.

Премьер-министр өңір әкімдіктеріне әлеу­меттік осал топтағы балалардың жаз­ғы демалысын ұйымдастырып, оларды сауықтыру шараларымен барынша қам­ту­ды тапсырды.

«Ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу ерекше назарда болуы керек. Олар үшін спорт алаңдары мен даму орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру қажет», деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы шалғай елді мекендерде балалардың ден­саулығына скрининг жасау, стомато­ло­гия­лық тексеру жүргізу үшін жылжыма­лы медициналық пункттердің жұмысын ұйымдастыру керектігін айтты. Одан бө­лек қоғамдық орындарда балалардың та­мақтану сапасын бақылау, тамақтану және ойын-сауық орталықтарындағы санитариялық жағдайды қамтамасыз ету маңызды екені айтылды.

Мәселені қорытындылай келе, Әлихан Смайылов ішкі туризмді дамыту шең­берінде экскурсиялық-танымдық іс-ша­раларды ұйымдастырып, балалардың таби­ғат аясына саяхаттарын көбейтіп, каникул кезінде оқушылардың музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктер мен спорттық объектілерге тегін баруларын қамтамасыз етуді тапсырды.