Көрнекті ғалым «Ғасырлар мұрасы», «Ежелгі әдебиет», «Шығыстық қисса-дастандар» атты еңбектерімен ғылым жолында өз қолтаңбасын қалдырды. Осы жинақтарында баланың бойына ең алдымен адамгершілік пен кісілік қасиетті қалыптастыруды мақсат еткен ұлағатты ұстаз Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасы» мен Жүсіпбек Аймауытұлының «Жан жүйесін» ұлттық тәрбиенің нұсқаулығы ретінде қарастырды. Алма апай – халқымыздың ұлы мұратын өмірлік мақсатына айналдыра білген жан. Ғылым жолында жүріп, ұлттық мектептің негізін қалады.
Алғашқы болып сөз алған филология ғылымдарының кандидаты Самал Дәрібаев айтулы ғалымның өмірі мен қайраткерлік жолына қысқаша тоқталды.
«Алма Қыраубаева ғылым мен педагогика саласына зор үлес қосып, артына мол мұра қалдырды. Ғалымның өнегелі өмір жолы баршамызға үлгі болары хақ. Профессордың ғылыми орасан еңбегін кеңінен насихаттау мақсатында бұл іс-шара алғаш рет өткізіліп отыр, келешекте оны дәстүрге айналдыру жоспарда бар», деді ол. Ғалымның баласы Бұлан Тәйті анасы туралы жылы естелігімен бөлісті.
Алғаш өтіп отырған ғалым оқуларына еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орындарынан 9 ғылыми жоба мен 28 эссе қабылданды. Байқауға Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің оқытушылары қазылық етті. Ғалымның ежелгі және орта ғасырлардағы әдеби жәдігерлер, шығыстық қисса-дастандар туралы зерттеулерінің маңызы мен ұлттық мектеп тұжырымдамасы аталымында бірінші орынды М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 3-курс студенттері Динара Абжалова мен Аяжан Жайымбаева жеңіп алды. Ал ғалымның ұстаздық болмысы, ғылыми-педагогикалық еңбектері, рухани құндылықтар туралы тұжырымдарын саралауда үздік эссесімен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Ахат Ділнәз топ жарды.
Іс-шара соңында байқау жеңімпаздарына Space English оқу орталығының сертификаты мен «Жәдігер» орталығының Алма Қыраубаева атындағы стипендиясы табыс етілді.
Ләйлә НОҒАЙБЕКҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты