Тұлға • 25 Мамыр, 2023

Қара шаңырақты құт көрген

646 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ғасырдан астам тарихы бар қазақ баспасөзінің қара шаңырағы табалдырығын студент кезінде аттап, содан бүкіл саналы шы­ғармашылық ғұмырын осы ұжымға арнап, осында табан аудар­май еңбек етіп, зейнет жасына жеткенше қолынан қаламын тастамаған журналист Әділ Дүйсенбек бас басылым – «СҚ» – «Егеменнің» шырақшысы, жылнамашысы еді деп айтуға әбден лайық.

Қара шаңырақты құт көрген

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Қара шаңырақ, шырақшы деген ұғымдар қазақ үшін әлім­сақ­тан қадірлі. Әдағаң сияқты тұлға­ның, қауымның, ортаның киесі мен иесін, обалы мен сауабын зерделеп ғұмыр кешкен қа­ламгерлер жазбасына үңіліп, келер ұрпақ өткен күндерге баға беретін, сабақ алатын болады. Өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылы табалдырық­тан аттаған­да еліміздің бас басы­лы­мы – «Со­циалистік Қазақстан» газе­тінің қалың қазақ қоныстанған оң­түстік өңіріндегі меншікті тілшісі қызметіне кірістім. Әділ Дүй­сен­бек ағамызбен сол кезден қоян-қолтық араласа бастадық. Ол кез­де «Социалистік Қазақстан» Ор­та­лық комитеттің ғана емес, жо­ғарғы кеңес пен министрлер ке­ңесінің де ресми органы болатын, яғни елдегі барша биліктің жалғыз трибунасы. Редакцияның бөлім мең­герушісін Орталық Комитеттің бөлімінде, ал редколлегия мүшесін секретариатта қызметке бекітетін және қоғам­дағы барлық әлеумет­тік артық­шылыққа ие-тұғын. Осы тұста Әділ Дүйсенбек «СҚ-да» бөлім меңгерушісі әрі редколлегия мүшесі еді. Бұл қызметтің мәр­тебесі де, жауапкершілігі де жо­ғары. Ресми биліктің тармағы­на енбесе де, ол кезде газет сөзінің сал­мағы басым болатын. Сын ма­қала жарияланса, тиісті мекеме­­лер оны арнайы талқылап, нақты ­ше­шім қабылдайды, сы­налған ­бас­шылар қызметімен қош айты­сып жатады. Сондықтан да Әділ Дүйсенбек сияқты іргелі салаларға жауап беретін бөлім меңгеру­шілеріне түсетін салмақ та, міндет те үлкен. Тілшілердің дүниесін тү­зеп, күзеп, газетке ұсынатын сол кісілер, көңілі толмаса, жарамаса, үстелінде қа­лады. Бір сәт тыным жоқ, әр де­рек­тің, әр сөйлемнің астарына үңі­леді, шалғайда жат­­қан біз сияқ­ты қызметкерлермен бай­ла­нысқа шығады, бір мәселені ­пы­­сықтайды, жоспар жасайды, та­қы­рып ұсынады. Дәл осы ке­зеңде Шерхан Мұртаза бас­шы­лыққа келіп, газеттің сықиған «СҚ» де­ген тым ресми, қасаң форматы­ның көбесі сөгіліп, халықтық басы­лымға айнала бастаған... Осын­да 30-40 жыл еңбек еткен ақсақал­­дар орнына аймақтардан Қайнар Олжай, Нұртөре Жүсіп сияқты жас буын өкілдері келіп, ұрпақ алмасу үдерісі бастау алған сәт екен. «СҚ» – «Егемендегі» Шераға дәуірі­нің, Шераға ше­руінің, Шераға мекте­бінің же­місті, өміршең болуына ескінің соңы, жақсының басы – Әдағаң сияқты ағалардың қос­қан үлесі қомақты. Бұл – үлкен бір зерт­теудің тақырыбы. Журна­листік, редак­торлық мектеп, ұлт мұраты, тәлімгерлік, ұрпақтар үн­дестігі, үйлесімі, сабақтас­тық – қазақ журналистикасының қасие­тін жоғалтпай бүгінгі күнге жет­кіз­ген қадау-қадау тіректер. Әділ Дүйсенбектің журналистік жолы мен шығармашылық лабора­то­риясынан осы бір сабағы үзіл­меген дәстүрдің ұшқындарын, негізде­­рін айқын аңғарасыз. Оңтүстік өңір­­де бес жылдан астам меншікті тіл­­­­ші қызметін ат­қар­ған тұста көп уақытым ор­та­лық аппараттан ­кел­­ген қыз­мет­керлерге жол­бас­­шы бо­лып, ел аралаумен өтетін. «Еге­меннің» сайыпқыран тарландары – Аян Нысаналы мен Совет Ши­манбай ағалар оңтүстікте ша­руа­лары­ның соңына жете алмай бір айға жуық аялдай берген­де, Шер­ағаң өзі телефон соғып, ұрыс­қаны бар: – Әй, қайтсаңдар­шы енді, болды ғой, ана баланы аясаңдаршы... «Ана баласы» – мен... Оңтүстік­­тің жайма-шуақ ауа райына ғана емес, іші-бауыры­ңа кіріп, дас­тар­қа­нын дайындап ­оты­ратын ­жылы жүз­ді адамдарына да құмар ғой біз­дің қалам ұстаған ағайын. Бірақ сырбаз Әдағаң аймақтағы тілшілер­ді мазаламайды. Өзі де оңтүстік өңір – Жамбыл жерінен ғой. Бір сапар ұмытыл­май есте қалды, онда да жалғыз емес, Мыңбай Ілес аға­сының жорға­сын жетелеп жетіпті. Жетелейтін жөні бар – Шерағаң­ның орынбасары, белгілі аудар­машы, жампоз журналист алпыс жылдығында туған жеріне келіп, шығарма­шы­лық кездесу өткізбек. Мыңбай аға «Оң­түстік Қазақстан» газе­тінде, обкомда қызмет еткен, сосын жоғары партия мектебіне қабылданып, оны бітірген соң жолдамамен бас қалаға ауысады ғой. Сондықтан да ол кісіні етене білетіндер көп оң­түстік өңірде, кездесулер де шынайы, әсерлі болды. Әсіресе Оты­рар аудан­дық әкімдігінде өткен жүздесу ба­рысында әріптес ағасы туралы Әдағаң­­ның негізгі баян­дамасы аса әсерлі де шабытты шықты. Жұмыста қатар кабинет­те отыратын, үйлері Фурмановтың бойында қатар тұрған, жұмыс­тан да егіз қозыдай бірге қайтатын ағасы­ның бар қыр-сырын, бүге-шүгесін Әдағаңнан артық кім білген? Айт­пақшы, бұл кісілер­дің саяжайлары да қатар екен. «Мың­бай аға демалыс күндері кең шалбарын киіп алып, кет­пенін ұстап, жүйек қуа­лап кетеді» деген жерге келгенде жерлес­тері ду күлді. Күлмей қайт­сін, өмір бойы Орталық комитет басы­лымдарында басшылық қыз­мет атқарып, галстук тағып сықи­ған ағалары өздері сияқты атыз жаға­лап жүрсе!.. Бұл баяндама, әсі­­ресе жерлес ағаларының диқан­шылығы әкімдерге де қатты әсер етті-ау, Мыңбай Ілеске аудан­ның құрметті азаматы атағымен қоса әйгілі Арыстан бап кесенесі ма­ңын­дағы өзі туған ауылдан 10 гек­тар құнарлы жер бөлінді... 1996 жылдың көктемінде ми­нистр­дің бұйрығымен «Егемен Қазақ­стан» газеті бас редакторы­ның (бас редактор – Н.Оразалин) орынбасары болып тағайын­дал­дым. Жаңадан ашылған экономика саласына жауап беретін орынбасар қызме­тін маған дейін бір­шама уақыт ат­қарған Нұртөре Жүсіп нарық заманында жамбастап жантайған «Жас алашқа» бас редактор болып ауысқанына онша қуана қой­ған жоқ. Қазағы қалың өңірде бес жылдан астам бас газеттің өкілі бола жүріп, басылым таралымын 14 мыңнан 34 мыңға дейін өсіруге үлес қо­сып, аймақ проблемаларын рес­пуб­лика көлемінде тұрақты көрсе­­тіп, тәжірибе жинаған, об­лыстағы ­­­кез келген мекемеге, бас­шыға қалаған мезгілде бара ала­тын тілші үшін адамдары маңғаз, кабинеттері суықтау алып шаһарға ауысу, әрине, дү­дәмалдау қадам. Аймақтағы тіл­шінің өмірі ер­кіндеу. Облыс бекіткен көлік­пен «Казправда» тілшісі екеуміз ке­зектесіп апта аралатып кіші шаһар, аудан, ауылдарды аралаймыз – қадам бас­қан жеріңнен тақырып балалап жатады, қайтып келген соң бір апта үйде отырып мақа­ла жазамыз, кейде газеттің бір нө­міріне 2-3 дүниеміз қатар шығып жатады. Бір апта іссапарға кеткенде бізді табу қиын, бүгінгідей ұялы телефон жоқ. Әдағаң мен Шер­­ағаң бізді таба алмай, еркін қы­ды­рып кеткен екен ғой деп айтатыны осы кез. Мұны Әдағаң кейіннен жы­лы әзілмен кітабына да қосты. Ен­деше, ел ішіндегі, үлкен аймақтағы еркін өмірден кабинетке қама­лып, материал өңдеп отыру – үлкен лауазымға жетсек те, бізді де онша қуанта қойған жоқ. Үлкен басы­лымға басшы болған Нұртөре досымыз да әуелгіде қуанған жоқ дедік қой жоғарыда, тіпті соны сырғытып орнына келгендей өзімізді ың­­ғай­сыз сезініп жүрдік біршама уақыт. Әрине, біздің аяқастынан «өсуімізге» бозбала шақтан бірге өскен бірегей досымыз – отыздан аса орда бұзып министр лауазымын иеленген Алтын­бек «кінәлі» еді. Жүрек қалауы­­­мен таңдаған мамандығымыз бо­­йын­­ша өз жолымызды тауып, жөні­­міз­ді біліп, әдебімізден жаңыл­­май жүрген Нұртөре екеуміздің лауа­зым­­­ды қызметке елп етіп қуана қойма­ғанымыз сондықтан. Үлкен ша­һар­дың у-шуына үйрене алмай жүрген алғашқы айда Әдағаң Нұртөре екеумізді үйіне шақы­рып, сырт келбеті де, бітім-бол­мысы да бірегей ерекше Дариға жеңгей жайнатып қойған кең дастарқан­нан дәм таттық. Нұр­төре екеумізге ренжісе, осы Әда­ғаң­ның қақы бар. Бір емес, екі рет жолын кесіп отырмыз. Ұзақ жыл аппаратта бөлім басқарған, редколлегия мүшесі – Әдағаң өзі айналысып жүрген сала жөнін­­де орынбасар болса несі айып? Тәжірибе де, бедел де, ше­берлігі де жетіп-артылады. Бірақ Әдағаң мен Дариға жеңгейдің жү­зінен реніш емес, шын қуаныш табын көрдік. Дәмнен үлкен не бар қазақ үшін? Шын көңілден ініге ізет, ағаға құрмет – бұл әулеттің үкілеген дәстүрі екеніне алдағы өмір көзімізді анық жеткізді. Тек қара шаңырақ басылым қызмет­керлері ғана емес, жалпы журна­листік орта жарасымын тапқан, өзара сыйластық салтанат құрған, қазақы дәстүрді қадір тұтқан бұл отбасын эталон ретінде үнемі үлгі тұтушы еді. Жалпы, Әдағаң лауазым қуып, биіктерге ұмтыл­ған емес. Әйтпесе, кезінде аймақ­тарда бас редакторлыққа талай рет ұсы­нылған екен. Қара шаңы­рақты құт көрген, қасиет сана­ған... Ғасыр­лар алмасып жатқан тұста ел газеті – «Егемен Қазақ­стан» жаңа елордаға алғашқы­лардың қатарында көш түзеуге қамданып жатты. Алдымен осында бөлімше құрылды да, көп ұзамай бұрын аудандық әкім­дік орналасқан екі қабатты ескі ғима­ратты редакцияға бөлген соң соны жөндеп, жасқаудың қамына кірі­­­­­сіп кеттік. Осы сәтте «Егемен Қа­­зақ­станның» тізгінін Ержұман Смайыл ұстаған еді. Мен бас ре­дактордың бірінші орынбасары ретінде шұғыл түрде Ақмола­ға қоныс аудардым. Бір жарым ға­сырдай бұрын менің бабам Кенесары сарбаздарымен бірге осы өңірден Сырдария жаға­лауы­­на көш­­­­кен екен, жаңа астана іргесі қаланып жатқан тұста тағ­дыр мені қайтадан Ақмолаға әкелді. Баба­ларымыз қазақтың соңғы ханы­­на ілесіп кетсе, тәуел­сіз елдің бас­шысына еріп, ғасырлар тоғысын­да Есілдің бойындағы бас қалаға қайта орал­дық. Жасыл желекке оранып, асқар тауларға сүйенген Алма­ты­дан кейін қала сұрқай, кейіп­сіз, шағын, көңілсіз көрін­гені­мен, еңсе биік, көңіліміз шат бо­латын. 1999 жылдың аязы ақыр­ған ақпанында Шерағаң мен Әдағаң бастаған «егемен-­қа­зақ­стан­дықтар» мінген пойыз Ақ­мола вокзалына келіп тоқтады. Бұл кезде Шераға «Еге­менде» қызмет істеп жүрген, көп ұзамай Мәжіліс депутаты болды. Әдаға, Асқар – үшеуміз ол кісінің отбасын депутаттар үйіндегі пә­те­ріне апарғанымыз әлі естен кет­­пейді. Шерағаң алдымен пә­тер­ге қара мысығын жіберген, бө­тен, жат энергияны алып кетсін дегені шы­ғар... Ал Әдағаң редак­цияның тә­жірибесі мол, көпті көрген, жасы үлкен ағасы ретінде Алатау тө­рінен Арқа төсіне ке­ліп, боз бо­ранға ұрынған, алғаш­қы кез­де күй-жай болмай, жер­сініп үйре­нісе алмай «қамыққан» іні­лері­не бас-көз болып, топырлатып соңы­нан ертіп жүретін. Жай жүр­мей, қара шаңырақ қасие­тін, бұрын­ғы­лар­дың бағалы тәжі­рибесін тәм­сіл­мен-ақ олар­дың бойына сіңі­ретін. Шерағаң мен Әдағаң­ның сонау Алматыдан бері жұбы жазылмайтын, қас-қабағынан танитын бауы­рын Шераға Арқаға келген соң мүл­дем жанынан тастамайтын еді. Әдағаң тасшар соғып жүріп-ақ Шерағаңның емеурінін, ишарасын терең түсінеді, түсініп қана қоймайды, үйге барған соң қа­ғазға түртіп қояды. Кейін мұ­­ның бәрі естелік-эссеге, романға ұлас­ты. Онда тек Шерағаң туралы ғана емес, журналистер, бірегей тұл­ғалар әлемі, кісілік пен кішілік туралы, дәуір жайлы сыр бар бай­қағанға. Мен Алматыға жаңа ауысып барғанымда Әдағаң «Тер­геу әлі біткен жоқ» деген ала­қандай кітабын қолтаңба жазып сый­лап еді. Кітап қол басындай ғана бол­ғанмен, тартымды да қызықты, мазмұнды еді. Әдағаң – қазақ жұртында Кемел Тоқаев­тан кейін детектив жанрында қалам тартқан жазушы. Бұл – көп ізденіс пен еңбек талап ететін күрделі, бірегей жанр. Әдағаң «Егеменнің» қара жұмысымен алысып жүріп осы жанрға қайта айналып соқпағаны өкінішті... Қазақы дәстүрдің жібін үзбей, ағаның алдын кесіп өтпеген, іні­нің меселін қайтармаған Әдағаң өзі өмір бойы еңбек еткен қара шаңырақты ерекше қадірлеуші еді, онда бір біз түсіне бермейтін, ба­йыбына бара бермейтін кие мен қасиет бар деп ұғынатын, оған қатысты мәселенің ешқай­сысына ұсақ-түйек деп қараған емес. Ақырғы демі үзілгенше осы ұста­нымынан тайған жоқ...

 

Еркін ҚЫДЫР,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы