Форумды ашқан Бас прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысының прокуратура органдарына қылмыстық процестегі заңдылықты қамтамасыз етуде ерекше жауапкершілік жүктелетіні туралы тапсырмасын атап өтті. Сондай-ақ бұл іс-шара сот процесінде мемлекет мүддесінің функциясын тиімді жүзеге асыратын, жоғары білікті, тәжірибелі прокурорларды дайындаудың тетіктерін әзірлеуге арналып отырғанын айтты.
– Бүгінде мемлекеттік айыптаушылардың азаматтардың құқын қорғаушы ретіндегі рөліне ерекше назар аударылып келеді. Прокурорлар тек айыптау ұстанымында болмауы қажет. Олардың негізгі мақсаты – сотқа күдіктінің кінәлі немесе кінәсіз екендігін анықтауға көмек беру. Мемлекеттік айыптаушы сотта әділ, объективті және бейтарап болуға міндетті, – деді ол.
Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Ержан Жиенбаев, Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев және басқа да форумға қатысушылар сөз алып, көтеріліп отырған тақырып аясында өз пікірлерін ортаға салды.
– Мемлекеттік айыптау – қылмыстық сот ісін жүргізуде заң үстемдігін қамтамасыз етудің бір элементі. Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес, әділдік мен бәсекелестікті қамтамасыз ететін қылмыстық сот ісін жүргізудің оңтайлы моделін айқындау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Соның арқасында соңғы жылдары бұл салада елеулі өзгерістер бар. Қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіліп жатыр. Соған сәйкес барлық негізгі процессуалдық шешімдер прокурорлық сүзгі арқылы өтеді, – деді Ержан Жиенбаев.
Қылмыстық процестегі тараптардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру проблемалары, алқа билер соты институтын кеңейту және қылмыстық сот өндірісіндегі өзекті мәселелер бойынша соттар, адвокаттар, заңгерлер және прокурорлар баяндама жасады. Форум қорытындысы бойынша мемлекеттік айыптаудың сапасын және тиімділігін арттырудың ұсыныстары дайындалды.
Іс-шараның екінші күні Құқық қорғау органдары академиясында арнайы шақырылған қонақтар үшін тренингтер мен дәрістер өтеді.