Маңғыстау мұнайының ашылғандығын тарихта алтын әріптермен жазып қалдырған 1961 жылдың 5 шілдесі болатын. Дәл осы күні Жетібай мұнай барлау алаңындағы Н.Петровтың бригадасы бұрғылап жатқан №6 ұңғыдан қуатты мұнай фонтаны атқылады. Осы жылдың желтоқсан айында Өзен барлау-бұрғылау алаңында Михаил Кулебякиннің бригадасы қазып жатқан №1 ұңғыдан да үлкен мұнай фонтаны алынды.
Маңғыстау мұнайын тезірек ашып, жеделдетіп халық игілігіне беру мақсатында 1964 жылы шілде айында Өзен мұнай-газ өндіру басқармасы құрылған болатын. Оның бірінші басшысы болып Рахмет Өтесінұлы тағайындалған еді. Міне, содан бері дәл 50 жыл уақыт өтті.
Маңғыстау мұнай кен алаңдарындағы оң өзгерістерден соң басқаруды ұтымды жүргізу үшін «Маңғыстау мұнай-газ барлау» тресі Форт-Шевченкодан Ералиевке (Құрық) көшірілді. Бұл сол кезде қабылданған өте дұрыс шешім болды. Трестің көшірілуінің мұнай барлау алаңдарында (Жетібай, Өзен) жүргізіліп жатқан жұмыстарды жақыннан бақылауға, дер кезінде тиісті шешім қабылдауға көп пайдасы тиді. Трестің көшіп келуіне байланысты Ералиев елді мекені тез арада мұнай барлаушыларының базалық кешеніне айналды. Трестің партия ұйымының жетекшісі болып Рахмет Өтесіновтың сайлануы Өзен, Жетібай кен орындарында барлау жұмыстары қарқынды жүруіне үлкен ықпал етті. Бұл 1962-1963 жылдары болатын. Жетібай мен Өзенде барлау, бұрғылау жұмыстарының көлемі артуына байланысты Жетібай және Өзен мұнай барлау экспедициялары құрылды. 1963 жылы КСРО мемлекеттік қор комитеті Өзен кен орнындағы мұнай мен газ қоры жөніндегі материалдарды қарап, Маңғыстау түбегінде Мұнай-газ өндірісін ұйымдастыруға ресми түрде рұқсат берді. Осы кезде Одақтың мұнай өндірісінің басшылары әсіресе ар жағы бакулік Сабит Атаевич Оружев бастаған басшылар Қазақстан мұнайшылары мұндай үлкен мұнай кен орындарын өз күштерімен игере алмайды, мұндай үлкен істерді атқару қолдарынан келмейді, қауқарсыз деген желеумен Маңғыстау мұнайын игеру ісін Әзербайжан немесе Түрікменстан мұнайшыларына беруді жөн көрді. Алайда, Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің 1-ші хатшысы Д.Қонаев, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Ж.Тәшенов, Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қ.Сәтбаевтың араша түсіп, қазақ елі өз мұнайын өздері игере алатындығын Мәскеудегі басшыларға толық дәлелдеп шығуының арқасында Маңғыстау мұнайын игеру қазақ мұнайшыларына қалдырылды.
Маңғыстау мұнайын игеру жұмыстары тездетіп қолға алына бастады. Маңғыстау байлығын игеру мақсатында 1963 жылы қараша айында «Маңғыстаумұнай» бірлестігі құрылды. 1964 жылы шілде айында «Өзенмұнай» кәсіпшілік басқармасы құрылды. Басқарма бастығы болып Рахмет Өтесінов тағайындалды. Сол жылы Жаңаөзен қаласының іргетасы қаланып, оның алғашқы қазығын Бүкілодақтық мұнай комитетінің төрағасы Н.К. Байбаков, Мұнай-газ құрылыс министрі А.Н.Кортунов және Рахмет Өтесінов қақты. Қысқасы, Маңғыстаудың мидай даласында болашақ Өзен деген жаңа қаланың бірінші қазығын қаққан, іргетасын қалаған Рахмет аға еді.
Рахмет аға Өзен кен орнын игеру жауапкершілігі өзіне тапсырылғаннан кейін мұнай өндіруді, оны халық игілігіне беруді жеделдету мақсатында, одақтық, республикалық және жергілікті органдарға тиісті мәселелерді дер кезінде шешуді дәлелді түрде уақытында қоя білді. Соның арқасында, 1964 жылы «Мангышлак нефтегазстрой» тресі құрылды. Ол Өзен мен Жетібай және басқа да кен орындарында өндірістік және әлеуметтік құрылыстарды салуға жеделдете кірісті. 1965 жылы 10 шілдеде Рахмет Өтесінов бастаған Өзен мұнайшылары алғашқы эшалон мұнайды теміржолмен Гурьев (Атырау) мұнай өңдеу зауытына жіберген болатын. Бұл күн – Өзен мұнайшыларының есінде мәңгі қалатын күн. 1965-1966 жылдары Өзен-Жетібай-Шевченко мұнай құбыры, Шевченко-Өзен асфальт жолы, электр желісі іске қосылды. Сонымен қатар, Сауысқан-Өзен ауызсу құбыры салынып, су проблемасы да шешіле бастады. Маңғыстау мұнайын игеруге келген Одақтың 40-тан астам ұлт өкілдерінен Рахмет аға Өзеннің интернационалдық мұнайшылар коллективін қалыптастырды. Құрылыс істері де тездетіп қолға алынды, мұнайшылардың әлеуметтік мәселелері де шешіле бастады. Өзен мұнайы өзіндік ерекше қасиеттерімен де белгілі. Оның құрамында парафин 24 пайыз болатын. Өзеннің мұнайы жазда 30 градус ыстықта қатып қалатын. Оның үстіне Өзен мұнай кен орнының мұнайлы қабаттарының табиғи қысымы өте төмен. Одақта бұрын-соңды Маңғыстаудың мұнайындай құрамында парафині көп кен орындары сирек болуына байланысты мұндай кен орындарын игерудің одақтық үлгілері болмады. Сол кездің өзінде Рахмет аға Өзен мұнай кен орнын тиімді пайдаланудың жолдарын қарастыруды бірқатар Одақтың белгілі ғылыми институттарына берген болатын. Бірақ, өкінішке орай, тез арада бірде-бір ұсыныс болмады. Сондықтан да, өндірілген мұнайды құбырмен айдауды айтпағанның өзінде, оны жер бетіне шығарудың өзі проблема болатын. Осындай күрделі қиындықтарды шешуді өндіріс басшысы ретінде Рахмет ағаға өз мойнына алуға тура келді. Рахмет аға өте сауатты, білікті инженер болатын.
Сол бір қиын кездерде Рахмет аға парафинді мұнайды өндіру жөнінде бірнеше техникалық ұсыныстар беріп, оларды кен орнында тәжірибеден өткізіп, бірқатарын өндіріске енгізген. Мысалы, әрбір мұнай ұңғыларына, топтық қондырғыларға, мұнай дайындау цехтарында, тіпті магистралдық мұнай құбырларының бойына мұнай қыздыру пештері қойылды. Бұл пештер Рахмет ағаның ұсыныстарының негізінде Одақтың тиісті зауыттарында жетілдіріліп жасалған (УН-02М, ПТ-10 т.б.) пештер. Сөйтіп, парафин проблемалары да шешіле бастаған болатын. Бұл Маңғыстаудың парафинді мұнай кен орындарын игерудегі Рахмет ағаның қалдырған қолтаңбасы болатын. Сол сияқты, топтық қондырғыдағы насостарды, пешті пайдалану арқылы ұңғыға дейінгі құбырды және ұңғының ішін ыссы мұнаймен жуу және т.б. ұсыныстарының экономикалық тиімділіктері дәлелденген.
Рахмет Өтесінов 1965-1966 жылдардан бастап Өзен кен орнында алғашқы топтық қондырғыны іске қосқаннан бастап-ақ Өзен мен Жетібай кен орындарында мұнаймен бірге көп мөлшерде ілеспе мұнай газының болатындығын, ол үшін Өзенде газ өңдеу зауытын салып, ілеспе газдарды өңдеп, өңделген газдың бірқатар мөлшерін «газлифт» тәсілі арқылы мұнай өндіруге пайдалану мәселесін КСРО-ның мұнай министрлігіне бірнеше рет қойған болатын.
Рахмет ағаның ұсынысы министрлікте қаралып, газ өңдеу зауытының керектігі дәлелденген. Сөйтіп, 1971 жылы газ өңдеу зауытының құрылысы Жаңаөзен қаласында салына бастады.
1969 жылы тамыз айында Өзен-Құлсары-Гурьев-Куйбышев (Самара) мұнай құбырының алғашқы кезегі пайдалануға берілді. Осылайша әлемде тұңғыш рет жоғары парафинді мұнайды «Ыстық мұнай құбырымен» алысқа тасымалдау алғаш рет Маңғыстауда жүзеге асты. Бұл үлкен іске Рахмет аға да белсене қатысты.
1969 жылы қазан айының 28-і күні Мұнай министрлігінің шақыруы бойынша жиналысқа қатысуға Ақтау қаласына бара жатқан жолдағы көлік апатынан Рахмет аға ауыр жарақат алады. Жеті ай ауруханада емделіп, қол арбаға отыратындай жағдайға жетіп, Өзен қаласындағы үйіне келеді.
Рахмет аға арбаға отырып қалса да, «Волга» машинасына мініп алып жиі-жиі Өзеннің мұнай кәсіпшілік орындарын аралап, еңбек адамдарымен, өндіріс басшыларымен кездесіп ақыл-кеңестерін беретін. Өзінің Өзен мұнайын өндіру, жөнелту жөнінде берген жаңа ұсыныстарының өндірістік тәжірибеден нәтижелі өтулерін, олардың уақытында өндіріске енгізілуін қадағалайтын.
Рахмет аға тек өндіріспен ғана айналысқан жоқ. Мұнайшылардың әлеуметтік мәселелерінің дұрыс шешімін табуы жөнінде өндіріс, мекемелер басшыларына ақыл-кеңесін беріп отыратын.
Маңғыстау мұнайын игеретін кадрларды дайындау мақсатында (Бозашыдағы Қаламқас, Қаражанбас кен орындарын игеру кезеңдері) Жаңаөзен қаласынан мұнай техникумын, орта білімді денсаулық сақтау кадрларын даярлайтын медтехникумды ашу үшін одақтық, республикалық министрліктердің алдына мәселе дайындаған кездердегі Рахмет ағаның ақыл-кеңестері проблемаларды шешуде үлкен көмек болғаны әлі есімізде. Сол кездегі облыстың кейбір басшыларының қарсылықтарына қарамай, Жаңаөзен қаласында мұнай және медтехникум ашылған болатын. Бұл 1984-1985 жылдар еді. Содан бері бұл оқу орындары облысқа мыңдаған кадр дайындауда.
Рахмет аға – бірнеше кітаптың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның соңғы жылдардағы арбаға отырып қалған кездердегі ғажайып өмірі туралы шығарылған Ғ.Шалахметов пен М.Голдовскаяның «Сынақ» атты телефильмі бар. Бұл фильм Лейпцигте өткен дүниежүзілік көрменің алтын медалін алса, фильм авторлары Бүкілодақтық Ленин комсомолының сыйлығына ие болған.
Рахмет аға «Құрмет Белгісі» және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. КСРО-ның құрметті мұнайшысы, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұнайшы атанды.
Рахмет ағаның мектебінен өткен мамандар кейін ағаның істеген істерін сәтті жалғастыра білді. Олар А.Стремский, А.Бүркітбаев, М.Димаков, Ж.Кульчанов, М.Батырбаев, М.Саламатов, О.Герштанский, Ж.Жанғазиев, А.Өтесінов, М.Құрбанбаев, тағы басқалар.
Рахмет аға әруақытта өзінің көңіл күйінің жақсылығын, денсаулығының бірқалыптылығын, жеткен жетістіктерін, жалпы, отбасындағы татулықты өзінің жары Сақыш апамен байланыстырып отыратын. Сақыш апа көп жылдар бойы арбаға отырып қалған сүйікті жолдасының жанына қылау түсірмей, аялап бақты.
Сақыш апа осындай қиын жағдайда да жұмыстан қол үзбеді. Рахмет аға Өзен мұнай кен орнынан алғашқы тонна мұнайды өндіріп, Жаңаөзен қаласының алғашқы қазығын қағып, орнын белгілесе, Сақыш апа мұнайшылар қаласының алғашқы орта мектебінің директоры болды. Жаңаөзен қаласының қалалық оқу бөлімін он бес жыл бойы басқарып «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мұғалімі» атағын алды.
Рахмет аға мен Сақыш апа екі ұл, екі қыз өсіріп тәрбиеледі. Балаларының бәрі де әке жолын қуған мұнайшылар.
Мен бұл мақаланы кезінде Қазақ елін мұнайлы ел ретінде дүниежүзіне паш еткен Маңғыстау мұнайын игеру үшін алғашқы «Өзен мұнай-газ» өндіру басқармасының құрылғанына биыл шілде айында 50 жыл болуына байланысты, оның бірінші басшысы болған Рахмет ағаның шәкірті ретінде ағаны еске алу мақсатында жаздым.
Рахмет аға 85 жасына қараған шағында өмірден озды. Рахаң қызмет істеп, көп жылдар тұрған жері Маңғыстаудаға «Қошқар Ата» қорымына жерленді.
Нұрлыхан Бекбосынов,
КСРО-ның құрметті мұнайшысы.
Маңғыстау облысы.