Әрине, барлық адамға топырақ шашуға болмайды. Қоғамда интернет желісін қолданбайтын адамдар да жоқ емес. Алайда, халықтың көп бөлігі, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін телефонды қолданып, әлеуметтік желілерде біраз уақытын өткізеді. Қазіргі уақытта жұмыстан босамайтын ата-аналар баланың қолына телефон ұстатады да, өзі басқа шаруаларымен айналыса береді. Осылайша кішкентай баланың бойында әлгі телефонға деген тәуелділік қалыптасады.
Әлеуметтік желі несімен тартады?
Телефон тек қарым қатынас, ақпарат, білім көзімен қатар көңіл-көтеру, бос уақытты өткізу құралына да айналды. Тіпті тек бос уақыт емес, маңызды шаруасы, жасау керек ісі болса да уақытты күні бойы әлеуметтік желілерде өткізетін адамдар баршылық. Оларды әлеуметтік желіге не тартады? Бұл туралы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы, PhD доктор, психолог Балабек Сақтағанов былай дейді: «Адам миы көп қимылды, көп әрекет еткенді, көп ойлағанды жақсы көрмейді. Біздің миымыз өзіне «жайлы аймақ» жасап алады да, сол арқылы өзіне қажетті нәрселерді ғана жасауға тырысады. Ал әлеуметтік желілерде адамдарды қызықтыратын, миға күш түсірмейтін түрлі видеолар көп. Соларды көру арқылы адам бір орында отыра беріп-ақ түрлі эмоцияға кенеледі: қуаныш, қайғы, ренжу, қызығушылық және т.б. Оған күш жұмсау да қажет емес. Осылайша виртуалды әлем адамға сан алуан мүмкіндік ұсынады. Ал адамдар өз уақытын әлеуметтік желілерде өткізуге бағынышты болып қалады, бұны кейде өздері де байқамай жатады».
Әлеуметтік желінің адам ағзасына және психикасына әсері
Әлеуметтік желіде уақытын шамадан тыс өткізетін адамдар бір орында тапжылмай отыратынын байқадыңыз ба? Бір орында ұзақ отыру жамбас сүйектерінің майысуына, адам омыртқасының остеохондрозына және асқазан ауруларының пайда болуына әкеледі, артық салмақ та қосылады. Сонымен қатар адам телефонның алдында көп отыра берсе, көздің көруі де едәуір нашарлайды. Ал адам психологиясына әсеріне келер болсақ, психолог маман әлеуметтік желілерді көп пайдаланатын адам шынайы өмір мен виртуалды өмірдің аражігін ажырата алмайтынын және виртуалды әлемде өмір сүргісі келетінін айтады.
«Шынайы өмір виртуалды өмірден бөлек болғандықтан, адамның өз ойындағы түрлі мақсаттары шынайы өмірде жүзеге аспай жатады, сондықтан іштей өз-өзіне ренжу, өзіне көңілі толмауы мүмкін. Осылайша адам психикасында фрустрация басталады. Басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсу сирек болатындықтан, өзге адамдармен ақпарат алмасу қиындайды және сөйлеу процесінің төмендеуі байқалады. Бұл өз кезегінде сөздерді дұрыс айта алмау және өз ойын толық жеткізе алмау, тек бір-екі сөздермен жауап беруге әкеледі. Ал сөйлеудің дамымауы ойлауға әсер етеді де, ойлаудың көлемі шектеліп қалады, логикалық, көрнекілік ойлауы, ойлау жылдамдығы төмендейді. Адамдар үнемі әлеуметтік желілерде отыратындықтан басқа нәрсеге зейін бөле алмайтын болады және айналасында болып жатқан мәселелерден тыс қалады», дейді Балабек Сақтағанов.
Әлеуметтік медиа платформаларындағы шексіз ақпарат ағыны және виртуалды өзара әрекеттесу тәуелділікке әкеледі. Ұнатулар, пікірлер және жаңа жазылушылар – кейбір желі қолданушылары үшін қанағаттану көзі. Олардың көңіл-күйі мен өзін-өзі бағалауы тікелей осы лайк пен пікірлер санына байланысты болады. Бұл тәуелділік өз өміріне деген қызығушылықтың жоғалуына, отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынас мәселелеріне, психологиялық тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілер басқа адамдармен үнемі қарым-қатынаста болып, адамның виртуалды бейнесін жасауға мүмкіндік береді. Алайда, бұл адамның өзін-өзі басқалардан төмен сезініп, өз-өзіне қанағаттанбауға әкелуі мүмкін. Адам өзін басқа әлеуметтік желі қолданушыларының идеалдандырылған суреттерімен бейсаналы түрде үнемі салыстыру арқылы тек өз кемшіліктерін көреді.
Тәуелділіктен қалай арылуға болады?
Психологтың айтуынша, желі тәуелділігінен арылу үшін ең алдымен күн сайын жоспар құрып отыру қажет. «Егер адамның өз жоспарлары, қызығатын хоббиі болмаса, ол бос уақыттың бәрін әлеуметтік желілерде отырып өткізеді. Өйткені әлеуметтік желілер уақыттың тез өтуіне ықпал етеді. Адамдар таза ауада көп серуендеп, басқа адамдармен қарым-қатынасқа түскені абзал. Өзі қызығатын спорт түрімен айналысса құба құп. Күніне екі-үш бет болса да, кітап оқуға уақыт бөлу керек. Әлеуметтік желідегі қызығушылықтарды шынайы өмірдегі қызығушылақтармен алмастыру қажет. Виртуалды және шынайы әлем арасындағы шекараны айқындай білу маңызды», дейді Б. Сақтағанов.
Аружан НАҒАШЫБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті