Жүрегі жылылыққа толы, жетім мен жесірді есіркей білетін жанның пейілі кең, сезімтал келетіні, әрдайым шамасы келсе қолұшын беруге әзір тұратыны баршаға аян. Мұндай адамдар арамызда аз емес.
Осыдан тура 20 жыл бұрын Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында кенеттен су тасқыны болып, зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық жедел көмек көрсету мақсатында «Азамат» атты біздің шағын авиамекеменің мүшелері «Бөбек» халықаралық қайырымдылық қорының басшысы Сара Назарбаеваның қолдауымен Алматы – Орал – Атырау – Алматы бағыты бойынша сапарға аттанды. Ұшаққа тиелген алты тоннадай арнаулы жүгіміз – дәрі-дәрмек, киім-кешек, азық-түлік еді.
Бұл шараға сол кездегі Жастар ісі, туризм және спорт министрі Бірғаным Әйтімованың да тікелей қатысы болғанын айта кету керек. Ол бізге ресми хат жолдаған еді. Хатта Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккен аймақтағы балаларды Алматыдағы «Горное солнце» пионер лагеріне жеткізу және кері әкеліп салу жөнінде өтініш білдірілген болатын.
Сол сапарымызда Орал қаласына келіп, жүгіміздің жартысын түсіріп, ұшағымызға жанармай құйдық та, мектеп жасындағы 30-35 баланы алып Атырауға бет алдық. Бұнда да «Бөбек» қорының жергілікті уәкілдері, жастар қоғамы біз әкелген қайырымдылық мақсатына арналған жүктерді түсіріп алып, 30 шақты баланы ұшаққа мінгізіп, еліміздің сол кезгі астанасы Алматыға аттандырып салды. Алматыда балалар жақсылап демалған соң елдеріне – Орал мен Атырауға жеткіздік. Балалардың аты-жөні тіркелген құжаттарды қолыма алып қарап отырсам, біреулері көпбалалы отбасынан шықса, біреулері мүлде жетім екені жазылыпты. Ұшақ Алматыдан біраз ұшып шыққан соң ұшқыштар отыратын кабинаға, қасымызға рұқсат сұрап 14-15 жастағы бала келіп, өзін таныстырды. Есімі Берік, Ақпәтерден екен, ауылдас болып шықтық. Қазір Берік Ақсай қаласында бухгалтер болып қызмет істейді, екі баланың әкесі. Ал қалған 70 шақты баланың тағдыры бізге белгісіз, осы мақала газет бетіне шығып жатса, бәлкім, хабарласар...
Сөз арасында сол жолы игі мақсатымызға қолдау көрсету орнына, теріс қабағын көрсеткен кісәпірлер де кездеспей қалмағаны еске түседі. Мәселен, сол жолы 2-3 тонна қажетті жанармайды Алматыдан ала алмадық, ол кезде авиа жанармайына (керосин ТС-1) зәрулік мол еді, оның үстіне Атырау әуежайының басшысы: «Қайырымдылық рейсімен келе жатқан Ту-154М ұшағына жанармайды екі есе қымбат бағамен беріңіз», деп тілдей қағазға өз қолымен жазып, қолын қойыпты да, өзі сол күні ертемен Мәскеуге ұшып кетіпті. Содан бері, міне, арада 20 жыл өтсе де, осы оқиға, жаны ашымастық, жатбауырлық көрсеткен жанның сол бір келеңсіз қылығы, тәкаппар мінезі мен әрекеті мені әлі күнге дейін қатты қынжылтады... Мұндай қиқарлықты осы сапарымызда «Қазақстан әуе жолдары» ұлттық акционерлік авиакомпаниясы басшысы орынбасарының тарапынан да байқадық. Жағдайды ести тұра: «Біз қайырымдылық шарасымен айналыспаймыз...» деп бетімізді қайтарып тастауы адамгершілікке жат, жараспайтын қылық еді. Әттең, амал қанша... дедік!
Енді айтайын дегенімізге қайта оралып, сөзімізді түйіндейік. Негізінен, біздің қолымызға қалам алуға түрткі болған жәйт – еліміздің Бірінші ханымы Сара Алпысқызының балаларға, әсіресе, жетімдерге жасап келе жатқан шексіз қамқорлығы. Көпшілік Сара апайдың өзін де, қайраткерлік іс-әрекеттерін де жақсы біледі. Саламатты өмір сүріп, денсаулығын, өз-өзін күтіп ұстау жолын Сара апайымыз үнемі халық арасында насихаттап келеді. Денсаулықтарында кінәраты бар кішкене отандастарымыз – балалар үйі түлектеріне деген ықыласы тіптен бөлек. Болмыс-бітімі көп адамдарда кездесе бермейтін жан жылуы мен мейірімділігімен ерекшеленеді. Апайымыздың бойында азаматтық және аналық парасаты өте жоғары десем, қателеспеймін.
Осы тұста аналық мейірімі әлі есімнен кетпейтін өзге де абзал жандарға қатысты бірер жайтты да ортаға сала кеткім келеді. Мен мектепте оқыған кезде әке-шешем шаруа адамдары болғандықтан, көбіне қырда тұратынбыз. Соған байланысты ауыл адамдарының үйінде, кейін онжылдық мектеп-интернаттың жатақханасында жатып оқып, орта білім алып шыққан түлектердің бірімін. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» демекші, сол кезде қамқор болған мұғалім апайларымды әлі күнге дейін қадір тұтып келемін, олар бүгінде ел құрметтейтін ардагер жандар. Әрі оқытушым, әрі тәрбиешім болған Марфуға Әдиетқызы және елге сыйлы Батыр ана – Жамал Бумашқызы апайымыздың бала тәрбиесіне көңіл бөлуі, еңбекке баулып, адам қатарына қосудағы тәжірибелері өшпес өнеге десем, қателеспеймін. Апайларымыздың адам тәрбиесіндегі басты талаптары жігерлілік, имандылық және қанағатшылдықты насихаттау еді. Осындай абзал да өнегелі батыр аналарымыз әлі арамызда бар, бұл күнде олар елдегі ақжаулықты, ардақты әжелерге айналды, Алла қуат бергей, аман-сау болыңыздар!
Әңгімеміздің негізгі желісіне қайта оралайық. Сонымен «Азамат» әуе компаниясының сол бір кішкене еңбегі «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның тарапынан жоғары бағаланып, ол кісіден біз 1994 жылғы шілденің 27-сі күні алғысы мен ыстық ықыласы білдірілген ашық хатын алдық. Бұл да жаны елгезек жақсының қайырымдылықты қадірлей білетін кісілікті қасиетін көрсетсе керек.
Осы орайда сол кездегі қайырымдылық сапарымен ұшқан «Азамат» әуе жолдары мекемесіне тікелей көмегін тигізген Алматы, Орал және Атырау әуежай техниктері мен инженерлеріне және Қазақстанның аэронавигация ұжымына да алғысымды айтып, баршасына зор денсаулық, еңбектеріне жеміс тілегім келеді.
Нұрлан АҚМҰХАНОВ,
бірінші сыныпты инженер-ұшқыш.
АСТАНА.