Қоғам • 29 Мамыр, 2023

Мәскеу архивінен Жаһанша Досмұхамедовтың дипломдық жұмысы табылды

1041 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алаш зиялысы Жаһанша Досмұхамедовтың дипломдық жұмысы табылды. Бұл туралы Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Мұхтар Исаев сұхбатында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәскеу архивінен Жаһанша Досмұхамедовтың дипломдық жұмысы табылды

Мұхтар Исаевтың мұрағатынан

Ғалым құнды мұраны 2022 жылы «Болашақ» степендиясы бағдарламасы бойынша Мәскеуде М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп жүрген кезінде тапқан.

Мәскеу архивіндегі ізденістер нәтижесінде табылған Жаһанша Досмұхамедовтің «Қазақтың әдет заңының негізгі ұйғарымдары және оларды жүзеге асырушы орган ретіндегі халық соты» тақырыбындағы диплом жұмысы 1910 жылы жазылған.

«Мұндай жұмысты жазу сол кезеңдегі жоғары оқу орнының ережесіне сәйкес тек оқу үлгерімі жоғары және емтихан нәтижелерін үздік аяқтаған студенттерге ғана рұқсат етілетін болған.

Ж.Досмұхамедов аталған еңбектің кіріспесінде «Ақмола, Торғай және Орал облыстарындағы қырғыз шаруашылығын зерттеу бойынша Көші-қон басқармасы (переселендік) экспедициясының құрамында статист ретінде үш жыл қызмет ете жүріп, қазыналық жұмыстан бос уақытымды қырғыздардың (қазақтардың) құқықтық болмысын зерттеуге арнадым және жеткілікті материалдар жинақтаған соң барлығын біріктіріп қазақтардың күнделікті құқықтарының жинағын шығаруды ойладым» деп жазады. Сондай-ақ, экспедиция жұмыстарынан тыс уақытта жоғарыда аталған облыс қазақтары арасындағы ақсақалдардан ауызша сұхбаттасу арқылы қазақ құқықтық әдет-ғұрыптарын, заңдық нормалары мен ержелерін жинақтайды. Кандидаттық жұмыста қарастырылған мәселенің Ж.Досмұхамедов өмір сүрген кезең үшін ғана емес, автордың өз тілімен айтқанда, «жалпы құқықтық даму» үшін де құндылығы жоғары. Сонымен қатар зерттеу жұмысында патшалық саясат ықпалындағы қазақ халқы үшін ұстанып отырған құқықтық ережелерінің кемшіліктерін сыни тұрғыдан қарастырып, қазақ құқықтық ережелерімен салыстыра отырып ашып көрсетеді», деді Мұхтар Исаев ҚазАқпарат сайтына берген сұхбатында.