ANTIKOR • 30 Мамыр, 2023

«Семей орманы» табиғи резерватының басшылары сотталды

618 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша,  «Семей орманы» табиғи резерватының басшылары жемқорлық үшін сотталды, деп жазады Egemen.kz.

«Семей орманы» табиғи резерватының басшылары сотталды

«29 мамыр Абай облысы бойынша Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты үкімі жарияланды», делінген Антикордың хабарламасында. 

Мемлекеттік мекеменің үш басшысы ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысуға және кәсіпкерлерден жүйелі негізде 700 мыңнан 13 млн теңгеге дейін пара алуға кінәлі деп танылды. Олар заңсыз сыйақыны лауазымды тұлғаларға резерват аумағында санитарлық тазалау мен ағаш кесуге рұқсат бергені, мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарға кедергісіз қол қойғаны, сондай-ақ жалпы қамқорлығы үшін берген.

«Резерваттың үш басшысы 10 жылға сотталды, ал бес пара беруші пара бергені үшін кінәлі деп танылып, бір жарым жылдан үш жарым жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Олар өмiр бойы мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттiк секторда қызмет атқару құқығынан айырылды», деп толықтырды Антикор. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.