Қоғам • 30 Мамыр, 2023

Латын әліпбиіне көшетін түркітілдес елдерге қолдау көрсетіледі

532 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Түркі Академиясы Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) хатшылығының, Түрік тілі қоғамының және Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих бас мекемесінің қолдауымен Түркі әлемі ортақ әліпбиі комиссиясының бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Латын әліпбиіне көшетін түркітілдес елдерге қолдау көрсетіледі

Жиынға комиссия мүшелері, түркі елдеріндегі тіл білімі ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, осы салада жұмыс істейтін өзге де мамандар қатысты.

Түркі халықтары әліпбилерін үйлестіру бауырлас елдер арасындағы  ынтымақтастықты арттыру үшін маңызды. Атап айтқанда, 2021 жылы ТМҰ Мемлекет басшыларының VIII саммитінде қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» стратегиялық құжатында ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы байланысты нығайта түсу мақсатында әліпби және терминология саласында ортақ ұстанымдарға қол жеткізу көзделген. Сонымен қатар Түркі Академиясын құру туралы келісімде ортақ әліпби әзірлеу Академия мақсаттарының бірі ретінде көрсетілген.

а

Жиынды ашқан Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев түркі халықтары латын қарпіндегі ортақ әліпбиге көшу бойынша осыдан 100 жылға жуық уақыт бұрын Бакудегі бірінші түркология конгресінде уағдаласып, әрекет ете бастағанын атап өтті. 1991 жылы түркі мемлекеттері тәуелсіздік алып, бұл бастама қайта жаңғырды. Оның айтуынша, ортақ әліпби бір жүйені барша түркі халықтарына таңу емес, жалпы ортақ ұстанымдарға негізделген «әліпби бірлігіне» қол жеткізу. Академия басшысы былтырғы 26-27 қыркүйекте Бурса қаласында Ортақ әліпби комиссиясын құру туралы шешім қабылғанғанын, бұл сол комиссияның алғашқы отырысы екенін атап өтті. 

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тұмыш ортақ әліпби бойынша бір тоқтамға келу – Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер Мемлекет басшыларының тапсырмасы екенін еске салды. Сонымен қатар ол түркі халықтарының тілдік жақындығын сақтаудың ынтымақтастықты тереңдете түсудегі маңызы зор екенін мәлімдеді.

а

Түркия Республикасы Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих бас мекемесінің басшысы, Түрік тілі қоғамының вице-президенті Юксел Өзген әліпби бірлігі халықтарымызды бұрынғыдан да жақындастыра түсетінін айтты.   

Түрік тілі қоғамының президенті Осман Мерт бағзы заманда бабаларымызда жазу мәдениетінің жоғары болғанын, бүгінде тәуелсіз елдер ретінде сол мәдениетті ортақ жалғастыру бақытына ие болып отырғанымызды атап өтті.

Бұдан кейін сөз  алған Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Ербол Алшынбай ұйымдастырушыларға министр Дархан Қыдырәлінің құттықтау хатын жеткізіп, комиссияның алғашқы жиыны жұмысына сәттілік тіледі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов Қазақстан тарапынан латын әліпбиіне көшу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап берді. Сонымен қатар ол туыс халықтар арасындағы тілдік жақындықты сақтауда ортақ әліпбидің маңызы зор екенін атап көрсетті.

а

Шағын үзілістен кейін отырыс тақырыптық сессиялар бойынша жалғасты. Бірінші сессия түбі бір туыс халықтар арасында әліпби бірлігін қамтамасыз ету және мемлекеттік тіл саясаты мәселелеріне арналды. Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов сессияға модераторлық етіп, Насими атындағы Лингивистика институтының бас директоры Надир Мамедли (Әзербайжан), А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инистутының директоры Анар Фазылжан (Қазақстан), Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары Динара Исраилова (Қырғызстан), Өзбек тілі әдебиеті және фольклоры институтының ғалым-хатшысы Гулом Исмаилов (Өзбекстан), Түрік тілі қоғамының басшысы Осаман Мерт ой-пікірлерін ортаға салды. 

Екінші сессияда Ә.Науаи атындағы Өзбек тілі мен әдебиетінің Ташкент мемлекеттік университетінің ректоры Шухрат Сирожиддиновтың модераторлығымен қатысушылар Ортақ түркі әліпбиі комиссиясының ұсыныстарды қарау ережесін талқылап, тараптардың пікірлерін ескере отырып мақұлдады.

Түскі үзілістен кейін жалғасқан үшінші сессия барысында ортақ әліпби әзірлеудің жол картасы қарастырылды. Комиссия мүшелері «Түркі әлемінің келешегі – 2040» стратегиялық құжатында көзделген мақсатқа жету үшін жасалатын нақты қадамдар бойынша уағдаласты. Бұл сессияға Түркия Республикасы Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих бас мекемесінің басшысы, Түрік тілі қоғамының вице-президенті Юксел Өзген жетекшілік етті.

а

Түркі Академиясының басшысы Шаһин Мұстафаев жүргізген төртінші сессияда отырыстың қорытынды құжаттары қабылданды. Түркі тілдеріндегі әліпби бірлігінің бауырлас елдердің күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі екендігі ескеріле отырып, әліпбиін латын графикасына ауыстырғысы келетін түркі мемлекеттеріне қолдау көрсетуге шешім қабылданды. Бұдан бөлек қажетті дайындық жұмыстарын жасай отырып, ортақ әліпбиге кезең-кезеңімен және кедергісіз көшуге және осылайша түркі халықтарының дамуы мен ынтымақтастығын нығайта түсуге ықпал ету Комиссияның негізгі міндеті ретінде айқындалды.

Қатысушылар кезекті отырысты 2024 жылы Баку қаласында өткізуге уағдаласты. Комиссияға төрағалық ету Әзербайжан тарапына берілді.