Зерде • 31 Мамыр, 2023

Ұжымдастыру зардабы

937 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Мал бағумен күнелтіп отырған көшпелі және жартылай көшпелі халықты күштеп оты­рықшылыққа көшіру саясаты қазақ ауы­лына аса қатты соққы болды. Бұл ежелден қалыптасқан шаруашылықты біржола қиратты. 1920-1930 жылдары көш­­­пелі шаруа­шылық елдегі басқа аудан­дардың экономикасымен ауқым­даса отырып, табиғи шама-шар­қын әлі де болса сарқа қойған жоқ еді. Сол кездегі индустриясы дамымаған, өн­дір­гіш күштері әлсіз Қазақстан сияқ­ты табиғи-географиялық ортада көш­пелі мал шаруашылығы тиімді бола­тын. Өйт­кені жайылымды мал шаруа­шылығы қазақтың кең-байтақ дала­сындағы шөл­ді және шөлейт жерлер­ді тиімді әдіс­пен игеріп, соншама кеңістікті өзінің әлеу­меттік болмысына қызмет еттіруге бейімдеп, табиғатпен сіңісіп кетудің бірден-бір тәсілі еді.

Ұжымдастыру зардабы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бірақ осы дәлелдердің бәрі де еске­рілмеді. Керісінше, бұған қарсы пікір айтқандардың бәрі де, егер жергілікті ұлт өкілдері болса – «буржуазиялық ұлтшылдар», ал орыс ғалымдары болса – «ғылымдағы ұлы державалық шовинистер» деп айыпталды. Мұндай айып тағылғандардың тағдыры қалай аяқталғаны белгілі.

Көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды отырықшылыққа ­ауыстыру мынадай сипат алды: 1930 жылы – 87 136 қожалық, І931 жылы – 11 508,1932 жылы – 77 674, ал 1933 жы­­лы 242 208 қожалық отырықшы­лыққа көшті.

Қазақстанда ұжымдастыруды және отырықшылыққа көшіруді басқарып, байыппен іске асыра қоятын білікті мамандар да болған жоқ. Жергілікті бас­қару органдарында, ауыл-селоларда белсенділік көрсетіп, «шаш ал десе бас алатындардың» ешқандай сауаты жоқ не шала сауаттылар бола­тын. Ұжымдастыру науқаны отырық­шылыққа көшірумен қатар жүргізілді. Казкрайком бұл нау­қанды жүргізуге 8 мың жұмысшыны тартты. Бұларға қоса республикаға әйгілі 25 мыңшылардан 1204 адам жіберілді. Олар Мәскеу, Ле­нинград, Харьков және басқа өнер­кәсіп орталықтарынан кел­ген, жергі­лікті ұлт дәстүрінен, тарихы­нан, тілінен ешқандай хабары жоқ адамдар еді. Бұлар ұжымдастыру мен отырық­шылыққа көшіруді тек халықты бір жерге жинап қоныстандыру, барлық мал-мүлкін ортаға салдыру деп түсінді.

«Революциялық қызумен» желігіп алған отырықшылыққа көшірушілер кейбір жерлерде жүздеген шаруа қожа­лығын күшпен бір жерге жинастырып, орыс деревнясы үлгісімен сахарада қаз-қатар тігілген киіз үйлерден түп-түзу көшелері бар «поселкелер» жасауға кіріс­ті. Мұнын арты малшылардың ша­руа кеңістігінен, жайылымынан қол үзуіне, малға қолайлы суаты мен жем-шө­бінен айырылуына әкеліп соқты.

Казкрайкомның нұсқауы бойынша мал шаруашылығымен айналысатын аудандардағы ұжымдастыру қарқыны егіншілік аудандарымен бір­келкі болу­ға тиіс еді. Көшпелі және жартылай көш­пелі аудандардағы отырық­шылыққа көшіру науқаны бұл жерлерде шаруа­ларды 100% ұжымдастырумен аяқ­талуға тиіс болды. Сондықтан мал өсі­руші аудандар шұғыл түрде ауыл ша­руашылығы артельдеріне біріктіріле бас­тады. Мысалы, Абыралы ауданында барлық шаруалардың 70%, Жымпиты ауданында – 80%, Жәнібек ауданында 95% бірден ұжымдастырылды. Рес­пуб­ликаның басқа аудандарында да жағдай дәл осыған ұқсас болды.

Халыққа жасалып жатқан зорлық елдің наразылығын туғызбай қойма­ды. Қазақстанның әр жерлерінде ша­­­руа­лардың бой көрсетуі, жаппай үде­ре қашуы мен көшуі, тіптен қару­лы кө­теріліске шығуы да жиілеп кет­ті. Бұ­ларға қатысқандардың бәрі де жау, контрреволюциялық ұлтшыл эле­мент­тер деп айыпталғанымен, наразы­­лық­тың жаппай сипат алуы үкімет ба­сын­­­дағыларды ойландыра бастады. 1920 жылы наурыз-сәуір айларында И.Сталиннің «Табыстан бас айналу» және «Колхозшы жолдастарға жа­уап» атты мақалалары жарияланды. Бұл екеуі де ұзақ жылдар бойы тарих ғы­­лы­мында ұжымшар қозғалысын қа­лыпты арнаға түсірген кезеңдік мәні бар құжат деп дәріптеліп келді. Ал тарихи шындық Қазақстанда (жалғыз мұнда ғана емес, бүкіл елде де) террордың бұ­рынғыша жалғаса бергенін көрсетеді. Ұжымшар құрылысындағы жаппай зор­лықты «барлық халық көсемі» қан­ша айыптағанымен, ол жергілікті жерлердегі партия бағытының бұрма­лануы емес, кайта орталық пен рес­публиканың ең жоғарғы басшы органдарынан шығып отырған саясат екені даусыз. 1931 жылы мамыр-тамыз айларындағы Казкрай­ком қа­былдаған қаулы-қарарлардың бәрінде де жергілікті басшы органдарға ұжым­дастыру қарқынын үдете беру мін­деттелді.

Оның үстіне мал шаруашылығы аудан­дарындағы саясат ешқандай ақыл­ға сый­майтын еді. Кезінде Каз­крайком ­мен Ф.И.Голощекин бұл жер­лерде негіз­гі жұмыс барлық тауар­лық-өндіріс­тік малдың ортаға (яғни ұжым­шарлар­ға) түгелдей алынуы ба­ғы­тында жүргізі­луі қажет деген ше­шім­ге келген болатын. Жергілікті жер­­­лердегі белсенділер мұны асыра орын­­­дап, халықты әбден тұқыртты. Мы­­са­лы, Торғай ауданының басшылары жекеменшікте тіптен жалғыз лаққа дейін қалдырмау керек деді. Осындай жағ­дай басқа аудандарда да белең ал­ды. Сөйтіп, 1932 жылы ақпанға қа­рай Қа­зақстандағы колхозшылардың 87%, жекеменшік шаруалардың 51,8%-ы
ма­­лынан жұрдай болды. Барлық мал ұжым­шардың тауарлы фермаларына жинақталды.

Соқыр саясаттың нәтижесінде 200 шақырым жердегі ауылдар бір жерге, бір ұжымшарға біріктіріліп, алып өндіріс шаруашылықтары құрылды. Мысалы, Қордай ауданында 600-ден 800-ге де­йінгі шаруа қожалықтарын біріктірген осындай ұжымшарлар аз болған жоқ. Келес ауданында әуел­де құрылған 112 ұжымшардың ор­нына енді олар 35 ұжым­шарға бірік­тірілді. Арыс ауданында 138 ұжым­шардың орнына 67 ұжымшар құрылды. Талас ауданында 300-400 қожалық бір «қалашыққа» жинақталды. Ешқан­дай зоотехникалық іс-шаралары қам­тамасыз етілмеген әрі жемшөп пен cу мәселесі ойластырылмаған ірі фер­­маларда малдың жаппай ауруы мен қырылуы басталды. Сөйтіп, Қазақ­стан­ның ауыл шаруашылығы мүлдем құлдырап, күйзеліске түсті.

Бірінші бесжылдық кезінде (1928-1932) одақтық тауарлы астық өнді­рісінде Қазақстанның үлесі 9%-дан 3%-ға де­йін төмендеп кетті. Ал бұл жылдары рес­публикадағы егіс көлемі едәуір ұлғай­тылған еді. Тек 1928-1940 жылдары ара­сында дәнді дақылдар егісі 1,5 есе ұлғай­ғанымен, жалпы астық өнімі 1,5 есе кеміді. Сол жылдары әр гектардан алынған астық көлемі 9,2 центнерден 4,2 центнерге дейін төмендеді.

Әсіресе мал шаруашылығы орасан зор апатқа ұшырады. 1928 жылы 6 509 мың бас ірі қара болса, 1932 жылы одан 965 мың бас қана қалды. Тіптен 1941 жылы соғыс қарсаңында да бұрынғы мал басы қалпына келген жоқ. 18 566 мың қойдан 1932 жылы 1 386 мың бас қана қой қалды (соғыс қарсаңында республикадағы қой саны 8 млн басқа әрең дегенде жетті). 1928 жылы республикадағы 3 516 мың бас жылқыдан 3 200 мыңы шығын болды (1941 жылы ол 885 мың басқа әрең ілікті). Өлкеде түйе шаруашылығы құрып бітуге айналды: 1928 жылы 1 042 мың бас түйеден 1935 жылы небәрі 63 мың бас қана түйе қалды.

Мал басының мұншама кеміп ке­туіне үкіметтің орталықтандырылған ет және астық, т. б. ауыл шаруашылығы өнім­дерін дайындау саясаты да себеп болды. Индустрияландыру жылдарын­да елдің күш-қуаты мен ресурстарына қа­ра­май жаппай алып өнеркәсіп орындары мен теміржолдарын сала бастаған өкімет енді ондағы жұмысшылар мен қызметкерлерді, қала халқын ауыл ша­руашылығы өнімдерін өндіруді көбей­ту арқылы азық-түлікпен қамтамасыз ету орнына, шаруалардың астығы мен малын зорлықпен тартып алып қам­тамасыз етуге кірісті. Оның үстіне ин­дустрияландыруға қажетті жабдықтар мен техниканы шетелден сатып алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарды. Осының бәрі өз халқының мүшкіл жағдайын ойламай, тек шаруаларды, ауыл мен деревняны жаппай сыпыра тонау саясаты арқылы жүргізілді. Тіптен 1931-1933 жылдары елді аштық меңдеп алған кездің өзінде де Қазақстанда ет және астық, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жинап, орталыққа жіберу тоқтатылған жоқ.

Өрескел саясат нәтижесінде жергі­лікті органдарға барынша ерік беріліп, олар халыққа ойларына келгенін істеді. Өйткені жоғарыдан түскен бұйрықты өкімет орындатпай қоймады. Азық-түлік, ет, астық, жүн, мақта тапсыру жоспарын орындамаған шаруалар абақ­тыға жабылып, сотқа берілді. Өткізер малы, не астығы болмағандар барын сатып, соған тиісті затын сатып алып, өкіметке өткізуге мәжбүр болды. Кей жерлерде арқандарды тарқатып, ие болмаса киіздерге дейін жинап, жүн орнына өткізуге тура келді. Суықта қойын қыр­қып, жүнін өткізгендер де болды. Мысалы, 1930 жылы Алматы округінің Балқаш ауданында 300 мың басқа жуық мал өткізуге тапсырма берілді. Ал ондағы бар малдың саны 173 мыңға әрең жететін еді. Дәл осындай жағдай Ырғыз, Созақ, Абыралы, Шыңғыстау, Қар­қаралы және басқа да аудандарда болып, халықтың ерекше наразылығын тудырды. Мұның арты кей жерлерде көтеріліске ұласты.

Мұндай қатаң саясатқа, халықты не­гізгі күнкөрісінен айыруға қарсы тұр­­ғандар да болды. Бірақ оған ешкім на­зар аудармады. Ал Казкрайком мен Ф.Голо­щекинге бұл жөнінде тікелей нара­зы­лық білдіргендер қолма-қол жұмыс­тан қуылды. Мысалы, сол кезде­гі дайындау халық комиссарының орын­басары Зейнолла Төреғожин респуб­ликадағы мал басының саны мен ет дайындау науқандарында тартылып алынып жат­қан мал есебінің балан­сын шығарып, «дәл қазіргідей мөл­шерде мал дайындау саясатын жалғас­тыра берсек, республика мал шаруашылығы бұған төтеп бере алмас», деп мәлімдеді. Зиялы азамат әрі білікті маманның бұл дәлелді ескертулері­не баспасөз бетінде, пленум қарарла­рын­да, тіптен кейбір аудандық партия комитеттерінің шешімдерінде оңшыл оппортунист пікірі деген баға беріліп, оны қостағандарға «төреғожиншілдік» деген «айып» тағылды. З.Төреғожин туралы «Большевик Казахстана» журналы былай деп жазды: «Баланста оң­шыл оппортунистік, механикалық ме­то­­дологияның түпкі мәні, теориялық дәр­менсіздік, маркстік-лениндік диа­лек­тиканы мүлдем түсінбеушілік ай­қын көрініс тапқан... Автор мал ба­сы есебінің азайып кеткендігін бетке ұс­таған. Бұл соңғысы – факт. Бірақ арам уклонист бұл фактіден басқа неғұр­лым ма­ңыз­ды экономикалық және саяси өзге­ріс­терді ...социализмнің шын өсіп келе жат­қандығын кермейді». Ф.Голоще­киннің тікелей нұсқауымен жазылған бұл ма­қала өзіне қарсы шық­қысы келгендерге алдын ала тыйым салу саясаты еді. Ал З.Төреғожин бол­са қызметінен алынып, Алматы облы­сына кеңшар директоры етіп жібе­рілді. Голощекин қызметтен кеткен соң З.Төрехожин Қазақ КСР кең­шар­лар министрінің орынбасары болып тағайын­далды. Бірақ 1938 жылы атылып кетті.

«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сұрқия да ащы әзіл­мен белсенділер елдің малын осылай құрт­ты. Әйтеуір ортаға кетіп қала­ды деген үреймен шаруалар малы­ның көпшілі­гін жаппай сойып тастады. Сөйтіп, мемлекет мүддесі деген желеумен жасалған заң­­сыз­дық осылай елдің берекесін кетірді.

Осының бәрі, әсіресе Қазақстандағы мал басының жойылып кетуі, сталиндік басшылықтың назарын еріксіз аудар­ды. Сөйтіп, 1932 жылы 17 қыркүйекте ­ВКП(б) Орталық Комитетінің «Қазақ­стан­ның ауыл шаруашылығы және оның ішінде мал шаруашылығы туралы» деген қаулысы шықты. Осыған дейін ғылыми зерттеулерде бұл қаулы «нақты іс-қимыл бағдарламасы» болған «тарихи» шешім деп бағаланып келді. Шын мәнінде, Қазақстанды ойсырата күйзелтіп кеткен ұжымдастыру кезін­дегі қылмыстар мен шаруаларға қарсы жа­салған зорлық пен олардың басына түскен қорлық жөнінде, сон­дай-ақ ашар­шылық алапаты туралы бір ауыз сөз айтылмаған бұл қаулының респуб­лика ауыл шаруашылығын өр­кен­­детудегі «аса көрнекті» рөліне толық күмән келтіруге болады. Оқи­ға­ның ал­дын алмай, болары болып, халық қыры­лып, тірі қалғаны бас сауға­лап, босқын болып кеткен кез­де қа­был­данған «тарихи шешімнің» маңы­зы осындай еді.

Отырықшыландыру комитеті Қа­зақ­станда 1930 жылы қаңтарда құ­рыл­ды. Көшпелі және жартылай көш­пелі шаруа қожалықтарын бір ауылға (поселкеге) біріктірумен айналысатын комитет жұмысын дұрыс бастағанымен, онысы аяқсыз қалды. Себебі ұжымдастыру мен қатар жүрген мемлекетке мал өткізу, астық жинап беру науқандары халықты аштыққа ұшыратып, қаңғытып жіберді, өлімге душар етті. Ал ВКП (б)-ның 1932 жылы 17 қыркүйектегі қаулысында ашаршылық туралы бір ауыз сөз жоқ, адам етін жеу фактілері көбейгенін былай қойғанда, республикадағы нәубет туралы ештеңе айтылмаған. Қазақ Рес­пуб­ликасына көмек берілсін деген сөз­дер бар. Ал 1932 жыл  аштықтың шегі­не жеткен кезі еді. Бірақ көмек көрсе­­тіл­меді.

Аштықтан бас сауғалаған босқын­дар Сібірге, Қиыр Шығысқа, тіптен Кам­чаткаға дейін барды. Көрші Өзбек­станға 200 мың, Қырғыз еліне 200 мың қазақ босқыны барды, бірақ есепке алынғаны – 125 мың. Еділ бойына 200 мың қазақ өтті. Бірақ ол жерлердегі азық-түлік карточкасымен тамағын алған­дықтан, қазақ босқындары тіркеусіз еді. Олар өте ауыр қиындықты бастан кешті. Ресей­дің экономикалық архи­він­де 1932 жылы жазда Сталинград өлке­сінде қа­зақтардың жаппай аштан өлуі тір­келген.

Республикадағы жағдайдың қиын екендігін айтып, Мәскеуге жазылған шағымдар өте көп. Сондықтан КСРО үкіметі Қазақстанның батысына, орта­лыққа, шығысына құпия түрде үш комиссия жіберіп, жағдайды білді. Бірақ ол үш комиссияның есептерінде адам етін жеу фактілері тек жеңіл түрде атап өтіледі. Оларға қоса Қазақ АКСР үкі­ме­тінің төрағасы Ораз Исаев И.Сталиннің атына баянхат жолдап, мүмкін республиканың бірінші басшысы Ф.Голощекинді ауыстырған дұрыс шығар деген пікір айтыпты. Бірақ Голощекинді босату 1933 жылы 31 нау­рызда ғана шешілді. 1933 жылы 31 наурызда сырттай Саяси бюро мүше­лерінің келісімімен орнынан босатылған Голощекиннің орнына Л.Мирзоян таға­йындалды.

Ал Қазақстандағы трагедияға тіке­лей жауапты Ф.Голощекин де, респуб­ликаның бар малы мен астығын мемлекетке тартып алып, халықты аштыққа ұшыратуға жол берген КСРО Сауда және жабдықтау халық комиссары А.Микоян да жауапқа тартылмады. Респуб­ликаға көмек тек 1933 жылы наурыз­дан кейін ғана көрсетіле бастады. ОАК төрағасы Ұ.Құлымбетов үш ай бойы Мәскеуде болып, Қазақ АКСР-не көмек ретінде жіберілетін астықты жөнелтуге күш салды.

Бұл кезде ОГПУ-НКВД органда­ры­ның ұйымдастырған комиссиясы әр ­аудан бойынша адам мен мал шығы­нын есептеп қорытынды жасады. Ол құжат 1938-1939 жылдары аяқталды. Ол деректер бойынша 1930-1933 жылда­ры республикада халық санының кемуі ­2 531 441 адам екені анықталды. ­Оның 1 млн 200 мыңы аштан қырылған­дар, бірақ көп жерлерде 1929-1932 жылдары көтерілістер орын алған кезде құжаттар жойылып кеткендіктен, бұл деректер толық емес деп ескертеді.

Адамдардың тұрмысы нашарлап, күн көру мүмкіндігі қиындаған кезде соған сәйкес неше түрлі аурулар­дың меңдеп кетуі де көбейген еді. Қазақстанның шығысынан батысына дейінгі кең-байтақ жерін жайлап алған жұқпалы аурулар эпидемиясынан 1933 жылы 5 наурызда ресми дерек бойынша 20 күн ішінде 1396 бөртпе, түйнек (брюшняк) ауруымен 304, шешекпен 126 адам ауырған. Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында эпидемиялық аурулар көбейген, оның мөлшері 2113 адамға жеткен. Мұндай жағдай барлық елді мекенде орындалды.

Республикадан тыс жерге босқын болып, Қытай, Ауғанстан, көрші рес­пуб­ликаларға, тіптен Архангельск, Мур­­манск сияқты солтүстік өлкелерге кет­кен­дерге дейін есепке алынды. КСРО көлеміндегі қазақ босқындары еліне қай­тарылсын деген бұйрық шыққан соң олар жұмысқа жолданған мекемеле­рін тастап елге қайта бас­тады. Бұл жұмыс­ты кезінде іске асыр­мақ болған Қазақ АКСР-нің оты­рық­шыландыру комитеті еді. Кеңес мемлекеті мен большевиктер партиясы аштық босқындарын ауа көшуші­лер деп атады. Бұл да халықты алдаудың бір көрінісі еді. Босқындарды елге қайтару ісі 1936 жылдың соңына дейін жалғасты.

 

Қайдар Алдажұманов,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология

институтының бас ғылыми

қызметкері, профессор