Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «ЕQ»
Эдельман компаниясы – әлем елдеріндегі сенім мәселесін басты назарға алып «Эдельман сенім барометрі» атауымен жыл сайын зерттеу нәтижесін жариялайды. «Полярланған әлемде бағыт табу» деп аталған 2023 жылғы есепке АҚШ, Канада, Қытай, Франция, Германия секілді 28 мемлекеттен 32 мың респондент қатысқан. Зерттеуде Қазақстан және басқа да Орталық Азия елдері қамтылмаған.
Есепте қоғамдағы полярлануға әсер етуші фактор ретінде өзара сенімнің төмендігі, әлеуметтік инфрақұрылымның әлсіздігі және әділетсіздік көрсетілген. Респонденттердің пікірінше, поляризацияның артуына бірегейліктің (identity) жоқтығы және жүйелі түрдегі әділетсіздік көп әсер етеді.
Зерттеу нәтижесі бойынша мемлекеттердегі әлеуметтік құрылым әлсіреген. Респонденттердің 62 пайызы бұрын мемлекетті біріктірген әлеуметтік құрылымның қазір тым әлсіз болғанын мәлімдесе, 65 пайызы әдеп пен өзара құрметтің төмендегенін айтады.
Респонденттер пікірінше, қоғамдағы келіспеушілік шешілмей, поляризацияның күшеюінен тууы ықтимал проблемалар көбейеді. Мысалы, дискриминацияның күшеюі, экономикалық өсімнің төмендеуі, көшедегі қылмыстың жиілеуі, әлеуметтік проблемалардың шешілмеуі, қаржының жетіспеуі.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей Үкіметті сенімді ақпараттың қайнар көзі (39%) емес, жалған ақпарат таратушы (46%) ретінде қабылдайтындар көп. Ал бизнесті шынайы ақпарат таратушы (48%) ретінде респонденттердің жартысына жуығы қабылдайды. Өткен жылдармен салыстырғанда Үкіметтік емес ұйымдар мен медиаға да сенім 1 пайызға азайған.
Зерттеуге қатысқан мемлекеттердің 17-сінде үкіметтік емес ұйымдарға сенімі төмендеп, алтауында артқан;
14 мемлекетте Үкіметке сенім азайып, 11-інде көбейген; 16-сында БАҚ-қа сенім кеміп, алты елде өскен, жаңалық көздеріне сенім аз ғана артқан.
(Диаграммада әртүрлі топтарға қатысты сенім деңгейі көрсетілген, %)
Мемлекеттегі пікір бөлінісі мен бірігуге әсер ететін факторлар туралы респонденттердің жауабы келесідей жіктелген: жауап бергендердің 62 пайызы бай және ықпалды адамдар «мемлекетті бөледі», ал 20 пайызы «мемлекетті біріктіреді» деп айтқан. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің ықпалы (61%-ы «бөледі» деген, 22%-ы «біріктіреді»), бизнес көшбасшылары (32%-ы «бөледі», 41%-ы «біріктіреді»), ҮЕҰ жетекшілері (29%-ы «бөледі», 46%-ы «біріктіреді»), мұғалімдер (20%-ы «бөледі», 64%-ы «біріктіреді») деген жауап қайтарған.
Зерттеу нәтижесінен әлемдегі сенім деңгейі әр мемлекетте және аймақтарда әрқилы екенін аңғаруға болады. Сенім деңгейін нығайтуда қоғамдық игіліктерді тең бөлу, ортақ коммуникацияның орнауы, шынайы ақпараттың таралуы маңызды. Демек азаматтардың сенімін күшейту үшін мемлекеттегі барлық институттар атсалысуы керек.
Сүйіндік ҚАБЫЛ,
«Қазақстан қоғамдық даму
институты» КеАҚ сарапшысы