Ғылым • 31 Мамыр, 2023

Жастар ғылымды алға оздырмақ

484 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья жас ғалымдармен кездесті. Отандық ғылымның мәселелерін анықтауға және оларды шешу жолдарын ұсынуға арналған жиынға елімізде, сондай-ақ шетелдерде білім алып, жұмыс істеп жатқан 200-ден астам жас ғалым қатысты.

Жастар ғылымды алға оздырмақ

Академия басшысы жастар­д­ы ашық әрі конструктивті әңгі­меге шақырып, олардың отан­дық ғылым алдында тұрған ке­ле­лі мәселелерге орай нақты ұсы­ныс­та­рын тыңдады.

– Ұлттық ғылым академиясы­на мемлекеттік мәртебе беру туралы шешім ғалымдар алдында­ үлкен міндеттер жүктейді. Ғы­лым әрқашан қоғамның қа­жет­тілігін өтей отырып, эконо­ми­каның локомитивіне айналуы қажет. Сол себепті ғылымды дамы­тудың басым бағыттары бойынша ұзақ­мерзімді жоспарлар жасалып, форсайттық зерттеулермен қатар халықаралық ынты­мақтастық пен ғылыми кадр­лардың біліктілігін артты­ру­ға байланысты нақты шаралар­ іске асып жатыр. Бүгінде Ұлт­тық ғылым академиясы қыз­мет­кер­лерінің басым бөлігін жас ғалымдар мен ғылым докторлары құрайды. Олардың алдағы уақыт­та отандық ғылымға үлкен жаңа­лықтар мен өзгерістер енгі­зе­тініне сенім зор, – деді Күнсұлу Зака­рья.

Еліміздегі ғылымның дамуы­ мен бо­ла­шағын айқындап, туын­­­даған мә­се­лелерге орай жастардың ойын біліп, ұсы­ныс­та­рын тыңдау мақсатында өткен жиын­да Ұлттық ғылым академия­сы Ғылым департаментінің директоры Рус­лан Нұрлыбаев жас ғалымдармен кез­десудің маңызы зор екенін айтты. «Әлемдік ғылымның дәуірлеп тұрған ке­зінде өзге елдерден қалмай, жастарды бі­лімді, білікті етіп тәрбиелеу – мемлекет алд­ында тұрған басым бағыт. Ғылым өрке­ние­ттің алтын қақпасы екенін Ж­а­по­­ния, Сингапур, Қытай, Гер­мания сияқты елдердің тәжі­ри­бесінен көріп отырмыз. Демек Қазақ елін өркениеттің жаңа деңгейіне шығаратын – ғалымдар», деді ол.

Аға буын мен жас ғалымдар ара­­сын­дағы байланысты нығай­ту­ды мақ­сат еткен жиында Ұлт­тық­ ғылым ака­де­миясының вице-прези­денті, академик­ Асқар Жұма­ділдаев атап өткендей, жас­­тық шақтың бір кемшілігі – өтеді де шы­ғады. Сондықтан уа­қыт­­ты текке өткіз­бей, жұмыс істеу керек.

– Ендігі кезекте қазақ ті­лі­ ғы­­лым тілі болуы керек. Ғы­лым­­ды наси­хат­тауға күш салумен қатар универ­ситет оқу­лық­тарын қайта жазу қажет. Біз кезінде «Қазақстан пионері» газеті, «Балдырған», «Білім және еңбек» журналдарын оқып есейдік. Бүгінде әдебиетті, руха­ни­ бағытты насихаттағанмен, ғы­лымды дәріптейтін ғылыми-көп­шілік журналдар жоқ. Әлем­нің­­ көптеген елінде жарық көріп жат­қан «Oyla» мазмұнды журна­лын қайта шы­ға­ру міндеті тұр. Бұл ретте «TikTok» сияқ­ты әлеуметтік желі­лерді ғылымды наси­хаттау мақ­сатында тиімді пайдалану­ қажет, – деді А.Жұмаділдаев.

Жас ғалымдардың отандық ғылымды дамыту тетіктері, бәсе­ке­ге қабілетті өнім шығаруға қа­тыс­ты пікірлерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

Мағзұм ТӨЛЕШ,

«EasyTap» онлайн­ сервисінің директоры әрі негізін қалау­шы:

– Ғылымды трендке айналдыру – заман талабы. Жас ғалым­дар­дың­ идеялары өнертабыс ретінде жылдам танылып, жедел түрде экономикаға әсер беруі үшін де әлеуметтік желінің мүмкіндігін тиімді пайдалануға болады. Егер отандық ғылым жетістіктері қарқынды іске асатын болса, онда көрші елдерден көш ілгері болатынымыз анық. Сонымен қатар гранттық жобалар тек ғылыми дәрежесі бар ғалымдарға ғана емес, 1, 2-курс студенттері үшін де қолжетімді болғаны абзал. Бұл студент жастардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына да ық­пал етеді. Әттеген-айы студенттер өз жобалары қолдау таппағаннан кейін амалсыз ірі компанияларға жұмыс істеп, тіптен шетелдерге кетіп қалып жатқаны белгілі жайт. Біздің компания бір жарым жыл ішінде 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашумен қатар, «Zara», «Waikiki», «Reebok», «Magnum» сияқты 30-дан астам отандық және шетелдік бренд желілерімен жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде компанияға 700 мың доллар венчурлық инвестиция тартылды. Ғылымды Стенфорд, Гарвард сияқты университеттер, Силикон алқабы, сонымен қатар үздік отандық білім кеңістігімен ықпалдастықта дамытып, оған қаржы бөлуге, ал бизнестің әліппесін тереңдетіп оқыту жағына мән берген жөн.

 

Диас ТАСТАНБЕКОВ,

Прези­дент­ жанындағы Ғылым және тех­но­­логиялар жөніндегі ұлт­тық­ кеңестің мүшесі, «Agro Inno­vation» компаниясының техни­калық директоры:

– Жастардың ғылымға келуі­не­ мо­ти­вация, ал ғылымда жетіс­тік­ке жет­кендерге көмек болатын­ ипо­тека­ сияқты құ­ралдар қол­да­ну қажет. Жастардың ғы­лым­ға көптеп келуі үшін наси­хат­ жұ­мыс­тарымен қатар ғы­лым­да жетістікке жет­кен ғалым­дар­ды таныту ісіне көңіл бөл­­ген абзал. Бүгінде еліміз логис­тика, агро және IT салада жоғары әлеуетке ие. IT салада білікті кадрлар толқыны қалып­тасып келеді. Ендігі кезекте Үндістан, Америкадағы білім­ділермен бәсекеге түсу үшін білім сапасын арттырып, жылдамдықты күшейту маңыз­ды.­ Технология бір орында тұр­май­ды. Цифрландыру, аналити­ка,­ болжамдар жасауда жаңа мүм­кіндіктер ашылып жатыр. Осы­ орайда саладағы күрделі мәсе­лелерді шешу үшін жоспарда тұрған зауыт-фабрика, өндіріс орындарына алдын ала мамандар даярлау ісін қолға алу керек. Кез келген шешім қабылдау барысында нақты деректерге, фактілерге сүйенуге мүмкіндік беретін шешімдер қабылдануы қажет.

 

Еламан АЙБҰЛДИНОВ,

«Өр­леу»­­ білік­тілікті арттыру ұлт­­тық­ орта­лы­ғы­ның басқарма тө­р­­­ағасы:

– Елімізде ғылым мен өнді­ріс­тің ара­сында байланыс жоқ еке­нін мойын­да­уымыз қажет. 2015 жылдан бері әлем ел­дері­нің дамуына, технология­ларына сарап­тама жасадым. Кезінде үздік техно­ло­гиялар арасынан іріктеп, жүз патент са­тып алған жапон елінің бүгінгі бет алы­сы, даму тәжірибесі назар аудартады. Сол сияқты біз де өз әлеуетімізді пай­далана отырып, озық технологиялар трансфертіне мән беруге тиіспіз. Бү­гінде тұрмыстық қалдықтарды қайта өң­деу арқылы жасыл экономиканы да­мытуға болады. Кезінде қайраткер ғалымдар негізін қалап кеткен минералды шикізат өндірісін өңдеу индус­триясына айналдыра отырып, әлемдік кеңістікке шығарып, технологияларды бейімдеу – бүгінгі ғылым алдында тұрған келелі міндет. Еліміздегі кадр даярлау саясаты да реформаны қажет етеді. Мысалы, докторантураға қанша грант бөлініп, оның игерілгені қанша екені туралы ақпарат алаңдатпай қоймайды. Сондықтан грант санын азайту арқылы стипендия мөлшерін көбейтуге назар аударған жөн.

 

Кәмшат ТҮСІПОВА,

«Delivery unit» сарапшысы, Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі:

– Ғылымды аға буын, жас­тар деп жік­теу негізсіз. Оның дәлелін пандемия кезіндегі ғылыми зерттеулер, сонымен қатар бүгінде отандық ға­лым­дар жеткен жетістіктерден көре ала­мыз. Ғылыми бағдарламаларды жү­зе­ге асыру ғалымдардың ор­тақ нәти­же­ле­ріне байланыс­ты. Ғылым, ең алдымен­, мемле­кет­тік бағдарламаларды, ғылы­ми­ негізді әдістемені, алдағы мүм­кін­діктерді, үрдістерді, проб­ле­малар мен сын-қатер­лер­ді сараптау­ үшін қажет. Құ­был­малы әлемде Қазақ­станға бола­шақтың портфолио­сы керек.­ Нанотехнологиялар, заманауи жетіс­тік­терді игерген ғалымдар үшін осы сала­да оны қолдануға мүмкіндіктер жаса­­луға тиіс. Президент әкімшілігі мен ғалымдардың бір­лесуі нәтижесінде ғы­лыми құзы­рет­ті­лікті тиімді пай­да­лан­ғанда ғана­ отандық ғылымды дамыта ала­мыз. Егер әрқайсымыз өз жұ­мы­­сы­мызды дұрыс істей білсек, жақ­сы нәти­желерге жетуге болады.

 

Қуатбек ДҮЙСЕН,

А.Бай­тұр­­­сынұлы атындағы Тіл білімі инс­ти­­­тутының маманы:

– Қазақ тілін ғылым тіліне ай­налды­ру­ – уақыт талабы.­ Көп­теген сала ма­ман­да­рының ұсы­ныс­тарын ескере отырып, Ғы­лым­ және технологиялар туралы заң жоба­сында ғылымдағы мем­ле­кет­тік тіл­д­ің орны, қолдану аясын­ кеңейту мәсе­лесі ескерілуге тиіс.­ Қазіргі кезде тілдің аясын кеңей­туге бағытталған шаралар жүзеге асып жатқанымен, әлі де назар аударатын мәсе­ле­лер бар. Демографиялық, әлеу­меттік саладағы көп­теген өзге­ріс­терді, құбылмалы әлем­де­гі жағ­дай­лар­ды назарға алатын бол­сақ, ғы­лымның да іргетасын кеңей­ту­­ге тура келеді. Өйткені қазіргі ғы­лым кеңістігі дамуды, алға басу­ды талап етеді. Осы мақсатта инфра­құрылымдарды жаңарту, жасан­ды интеллект, суперкомпьютерлермен қамтамасыз ету ғы­лымды жаңа белеске көтеріп, нәти­же­ге жетуге мүмкіндік береді.

 

Әмірхан ТЕМІРБАЕВ,

Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті Инжиниринг және ғылым­ды қажетсінетін технологиялар кластерінің бас дирек­торы:

– Ғалымдар өнерта­быс­та­ры­ның­ өнді­ріс­­ке, нарыққа тиімділігі тұр­ғы­сынан көп­теген зерттеу жүргізеді. Гранттық қар­жы­ландыру іргелі және қолданбалы болып екіге бөлінетінін қаперге алатын болсақ, екеуінің де талаптары бірдей. Осы талаптарға сәйкес жоба аяқталған мер­зімде ғалымдар мақала жариялап, жобаны тәмам­дайды. Енді екінші кезеңде «Ғы­лым қоры» тарапынан ғылыми нәти­желерді коммерцияландыруға қар­жы­ бөлінуге тиіс. Міне, осы ғылыми нәти­жені өндіріске енгізетін кезеңде «өнді­рістік-тәжірибелік сынақ» талап етіл­е­ді. Ал жобалар университеттерде зертханалық жағдайда іске асады. Сондықтан қолданбалы зерт­теу­лерді нарыққа шығару үшін «өн­дірістік-тәжірибелік сынақ» жасайтын кезеңге қатысты келесі саты енгізілуі керек. Бүгінде ғалымдардың жарқын бастама­ла­ры жеткілікті. Ал жастарды ғы­лым­ға көптеп тарту үшін Ұлттық ғы­лым академиясы тарапынан «Ұлт үміті» жобасы жүзеге асса, отан­дық ғылымдағы бірқатар мәсе­ленің шешілуіне ықпалы тиген болар еді.

 

Мыңжылқы БЕРДІҚОЖАЕВ,

Пре­зи­дент Іс басқармасы медицина орта­лы­­ғы ауруханасы директорының орынба­са­­ры:

– Отандық ғылымды дамыту­да­ кадр сая­саты, ақпараттың қол­жетімділігіне на­зар аудару­ ма­ңызды. Бүгінде әлемдік кеңіс­тік­те цифрландыру, жасанды интел­лект мәселесіне көп көңіл бөлі­ніп отыр. Ел ғылымының қазіргі жағдайына зер салсақ, жетіс­тік­тер­дің бар екеніне куәміз. Десек те геномдық зерттеулер, иммун­дау­ саласындағы зерттеулер кен­же қалып отыр. Ғылымның жетіс­тіктерін экономикаға ен­гізу үлкен қолдауды, қомақты қар­­жыны қажет ететіні сөзсіз. Осы­ған дәлел ретінде инсультты ерте кезеңде анықтауға байланыс­ты­ Досжан Жүсіпов әзірлеген «Cerebra MedTech» стартапына­ «Freedom Holding Corp»-тың 1 млн доллар инвестиция­ сал­ға­нын­ айтсақ та жеткілікті болар. Сон­дықтан отандық ғылымды да­мыту үшін ірі бизнеспен қа­тар жекелеген азаматтар тарапынан да қолдау қажет. Ғылым­ды­ дамытуға бағытталған қа­йы­­рымдылық қорлар жүйесі бірқа­тар шетелде жақсы жолға қойыл­ған. Тіптен кейбір елдер­де отбасылық, туысқандық демеу­ші­лік те нәтижесін беріп келеді. Ал ғалымдар әлемдік нарықта бә­секеге төтеп беру үшін заманауи­ тех­нологиялар мен ағылшын тілін игергені абзал.

 

Азат СЕЙІТХАН,

Қ.Сәтбаев уни­вер­­си­теті Инженерлік бейінді зерт­хана же­текшісі:

– Бүгінде Президент ұлт­тық­ қорғаныс сала­сына ба­сым­дық ­беріп отырғаны белгілі. Тәуел­сіздік алғалы бері қорға­ныс­ саласы, әсіресе әскери ғы­лым­ тоқырауға ұшырағаны қын­жыл­тады. Қазіргі кезде әскери ғы­лымды дамыту мәселесіне кө­ңіл бөле отырып, қорғаныс сала­сына қатысты мамандармен­ бір­лес­кен жобалар жолға қойылып ке­леді. Осы орайда азаматтық сек­торға ғалымдардың өнер­та­быстық технологияларын көп­теп­ тарту қажеттілігі туындап отыр. Бұл жағ­дайда гранттық кон­курс­тардың уақы­тын тұрақ­тан­дыру, жобаларды уақы­тылы қар­жы­ландыру маңызды. Мем­ле­кет­тік сыйлықтар мен стипендия кон­курстарын ашық, әділ өткізу және бал­дық жүйемен санау да – мән беретін мә­селе. Жас ғалымдарға қызметтік бас­па­на­лар­ ұсынумен қатар жыл сайын ға­­лым­дардың рейтингін түзіп, же­текші және жас ғалымдардың жұ­мысына баға бе­ріп отыру сала­ға серпіліс әкеледі. Сала­а­ра­лық сарапшылық комиссия­лар құру, жаратылыстану саласындағы халықаралық үздік оқулықтарды қазақ тіліне ау­дару, бірлескен зертханалар құру, ұлттық зертханалардың бі­р­ыңғай база­сын жасау тиімді. Қа­зіргі кезде кей­бір жоғары оқу орын­дарының ғалым­да­ры мен ұстаз­дар жалақысының докто­рант­ стипендиясынан төмендігін ес­ке­ретін болсақ, докторантура­ бі­тірген жастардың ғылымға ке­луі екіталай.

 

Индира БЕЙІШОВА,

Жәң­гір­ хан­ атындағы Батыс Қазақ­стан аг­рарлық-техникалық универ­си­­те­ті Сынақ орталығының дирек­торы:

– Қазіргі таңда аймақтық уни­вер­сиеттердің зертханалық база­сы­ сын көтермейді. Гранттық және бағдарламалық-нысаналы жоба­лардың конкурстық құжат­та­ма­сына өзгерістер ен­гі­зу, іріктеу бойын­ша ұпайы жетпей қалған жоба­ларды келесі жолы қайта қабыл­дауға қатысты шешімдер де қайта қарауды қажет етеді. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында ірі қара мал тұқымдарын зерттеуге, оның ішінде асыл тұқымды жылқыларды зерттеу­ ісіне мән беру маңызды. Жылқы­ны­ қазақ даласына тән байырғы тұ­қым ретінде тіркеу, ерекшелігі мен қалыптасуына қатысты ге­номдық зерттеулер жүргізу қа­жет. Осы орайда зертханалық мүм­кіндіктердің төмендігінен көп­теген сынақ материалын ше­т­елдерге жіберуге тура келеді. Ал мұның өзіндік салдары бар екенін де естен шығармайық. Сонымен бірге аймақтық университеттер жанында ғылыми орталықтар ашумен қатар лизинг алу, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау жағына да көңіл бөлген жөн.

 

Руслан ӨТЕБАЕВ,

«Poly­Tech Elektronics» ЖШС элек­тр­мо­биль­­дерді зарядтау стансаларын­ се­рия­лық өндіру жобасының ғы­лы­ми жетекшісі:

– Кез келген ғалымға еңбе­гі­нің жемісін бергені маңызды. Біз алғаш 2015 жылы зарядты­ стан­са ойлап тауып, оның бола­шаққа пайдасы туралы айтқан­да, сенімсіздік білдіріп, электрмобиль дамымайды деген пікір­лер­ді­ң де айтылғаны белгілі. Алайда күні бүгінге дейін 200-ден астам өнім­імізді сатып, тиімділігін дәлел­дедік. Бірақ айта кете­ті­н мәселе, ғалым ғылыми зерттеу­лермен айналысатын болса, өнертабысты өндіріске енгізу бизнес саласының еншісінде болуы керек. Өйткені ғалым ретін­де жобаның өміршеңдігін әр кез дәлелдей отырып, нарық­­қа шығарумен айналысу қосым­ша­ уақыт, күш талап етеді. Сон­­дықтан бұл бизнесменнің жұмы­сы­­ болуы қажет. Осы арада сту­дент­­­терге де ғылым туралы, оның­ өндірістік жетістіктеріне, бола­шағына қатысты қажетті ақ­па­­рат­тардың жетіспей жат­қан­­ды­ғын­ көруге болады.

 

Жанғазы МОЛДАМҰРАТОВ,

Ха­лықаралық білім беру корпо­ра­циясы жалпы құрылыс фа­куль­­тетінің деканы:

– Кейінгі жылдарда адамзат өмірі­не қауіп төндіретін көптеген апат­ орын алды. COVID-19, кон­тиненттердегі өрттер, жақында Түркияда болған ала­пат жер сілкінісі Қазақстан ғалым­да­рын толғандыруға тиіс. Десек те осындай жағдайлардан сабақ ала алмай отырғанымыз жасырын емес. Президент еліміздегі құрылыс нысандарын зерттеу, сейсмикалық паспортын жасауға тапсырма берді. Бірақ жеткілікті көңіл бөлмегендіктен, бұл мәселе әлі кешеуілдеп келеді. Бүгінде жер сілкінісі оңтүстік қана емес, батыс өңірлерде де тіркеліп жатыр. Қазіргі кезде кеңес кезеңінен қалған қондырғыларды пайдаланып, шегіне жетіп қалдық. Гидро­тех­никалық жарақтар көнерген. Ғалам­дық су мәселесі алдыңғы қатар­ға шықты. Суармалы жер­лер­ді арттыру мәселесі өзекті бо­лып отыр. Осы орайда Ұлттық ғыл­ым академиясы ғылымдағы басым­д­ықтарды анықтауға көңіл бөлсе дейміз.

 

Жексенбек ТОҚТАРБАЙ,

Назар­­­баев университетінің аға оқыту­шы­сы, «Engineered Science Q1» жур­налының атқарушы директоры, gylym.kz сайтының негізін қалаушы:

– Гранттық жобамыз қаңтар айында қаржыландырылуы қа­жет еді. Міне, жаз келді, әлі күн­ге қаржы бөлінген жоқ. Мұны айтып отырған себебім грант­тық қаржыландыру кезеңі үш жылды құрайды. Осы жыл­дың бес айы артта қалды дейтін болсақ, алдағы жеті айда қаржыны игеру қиынға соғады. Ал керісінше, одан кейінгі екі жылға бөлінетін қаражат жет­пей қалады. Сон­дық­тан қар­жыландыруды жыл-жылға бөлмей, бірден жалпы мерзімге қарастырған жөн. Ал ғылымды насихаттауда жастар арасында ақпараттандыру жұмыстарының іске асқаны абзал. Мен қазіргі кезде «Engineered Science Q1» журналын, gylym.kz сай­тын оқытушылық қызметіммен қа­тар­ алып жүрмін. Өйткені бұл плат­формаларға сұраныс бар, жас­тар­дың­ қызығушылығы жоғары.

 

Бекарыс НҰРИМАН,

Ankara Haci Bayram Veli University оқы­тушысы:

– Индекстелетін журналдар­ редакциясының мүшесі ретін­де филология саласы маман­да­ры үшін халықаралық журнал­дар­дың рейтингіне сараптама жасап, ұсынып отырамын. Алайда кейбір ғалымдар бүгін бар, ертең жоқ журналдарды ажыратуды, сондай-ақ «Science» және «Scopus» базасындағы журналдарының талабына сай мақала жазуды дұрыс игере алмай келеді. Осы бағытта Қазақстан нарығында көптеген шетелдік орталық жұмыс істей­ді­. Ғалымдардың біліктілігі, ғыл­ымға қажетті ақпараттарды меңгеруі ерте кезеңнен қолға алынып, оқу орындарында­ соған мән берілуі қажет. Бүгінде ғылыми жетістіктердің гуманитарлық салада да жемісін беретіндігіне көз жеткізіп отырмыз. Оған дә­лел­ ретінде Қарахан дәуірінде жа­зылғ­ан «Құтадғу білік» еңбегін зерттеуді 2015 жылы қолға алған едім. Осыған орай ұстаздар еңбекті түпнұсқадан оқып, графикасын меңгермейінше оны түсіну мүмкін еместігін айтқан болатын. Осы кеңеске жүгіне отырып, 1069 жылы жазылған еңбекті түпнұсқадан оқып, танысуға тура келді. Осыған қатысты айтарым, Түркияда әдебиеттану бағытында универсиеттердің қай-қайсын алсақ та, ежелгі дәуір әдебиетінен бастап сақ дәуірі, көне түркі, Қарахан дәуірі, Алтын орда, Қазақ хандығына дейінгі кезеңдерді тереңдетіп, жіліктеп, талдап оқытады. Бұл кезең кемінде он бес ғасыр. Ал Қазақстанда аталған кезеңдерді шолу түрінде өтетіні қынжылтады. Осыдан шығатын қорытынды, елімізде кеңес кезеңінде езіл­ген, жаншылған психологиямызды көбірек сіңір­ген­діктен, қазақ халқының азат, еш­кімге тәуелсіз, дәуірлеген кезең­де­рін өз деңгейінде көрсете алмай ке­леміз. Салдарынан ұлттық кино ісінде, әдеби шығармаларда бұл кезеңдердің сипаты толық ашылмайды. Сондықтан Ежелгі дәуір әдебиетін оқытқанда кемінде үш дәуірді қамти отырып, бес-алты шығармадан оқытуды жолға қою керек.

 

Дайындаған

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ