Қазақстан • 01 Маусым, 2023

Интернет жылдамдығы: Біздің ел көш бастап тұр

295 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында ин­тер­неттің жылдамдығы бойынша көш бас­тап тұр. Осы жылдың сәуір айының қоры­тындысында интернет жылдамдығы рей­тингінде еліміз 11 сатыға көтеріліп, 72-ші орынға тұрақтады. Бізбен іргелес һәм одақтас елдер ішінде Армения – 80-ші, Қырғызстан – 83-ші, Ресей – 89-шы, Өзбекстан – 104-ші, Беларусь –126-шы, Тәжікстан129-шы орынды иеленген.

Интернет жылдамдығы: Біздің ел көш бастап тұр

Finprom.kz мәліметінше, елімізде интернет жылдамдығы бір жылда 47,9 пайызға, яғни 2022 жылғы сәуірдегі 20,7 Мбит/с-тан биылғы сәуірде 30,62 Мбит/с дейін өскен. Армениядағы интернет жылдамдығы 26,25 Мбит/с, Қырғызстанда – 25,83 Мбит/с, Өзбекстан мен Тәжікстанда тиісінше 20,9 Мбит/с және 11,38 Мбит/с құраған.

Орталық Азиядағы операторлардың ішінде 2022 жылдың төртінші тоқсанында «Tele2 Қазақстан» операторы мобильді интернетті жүктеудің ең жоғары орташа жылдамдығын көрсетті (27,25 Мбит/с). Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі орташа жылдамдықтан (26,13 Мбит/с) асып түскен. «Ookla» сарап­шы­ларының пікірінше, компания үш жыл бойы көшбасшылықты және мобильді интернет жылдамдығы бойынша үздік мәртебені сақтап келеді. Екінші орында 23,56 Мбит/с жылдамдықпен «MEGA Қырғызстан» операторы тұр. Бұл ретте Тәжікстанның «MegaFon», «ZET-MOBILE» және «Tcell» ұялы байланыс операторы ең нашар нәтиже көрсеткен.

Жекелеген қалаларды қарастыратын бол­сақ, өткен жылдың төртінші тоқсанында Орта­лық Азиядағы интернет жылдамдығы бо­йын­ша бірінші орынды иеленген шаһар – Алматы. Оңтүстік астанамызда орташа жүктеу жылдамдығы 25,78 Мбит/с, ал орташа беру жылдамдығы 11,06 Мбит/с құраған.

Қазақстандағы интернеттің жоғары жылдам­дығы мен сапасына салаға салынған тұрақты әрі қомақты инвестициялар оң әсер етіп отыр. Мәселен, осы жылдың төрт айында ғана ақпарат және байланыс секторына салынған инвестиция 30,3 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6 пайызға жоғары. Жалпы, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында инвестициялар бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 39,1 пайызға, яғни рекордтық 178,9 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

Мәселен, мобильді интернет жылдамдығы бойынша «Tele2» операторы жыл сайын кірістің 15-20 пайызын инфрақұрылымға жұмсайды. Бұл жаңа жобалар мен жаңа технологияларды іске қосуға арналған қомақты қаражат екені түсі­нікті. Жаңа базалық стансаларды салудан бөлек, оператор қолданыстағы сайттарды жақсарту үшін қажетті жаңа жабдықтарды үнемі сатып алып отырады. Маңызды инфрақұрылым нысандарына компания табысының едәуір бөлігі қайта инвестицияланатынын да ұмытпайық.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, еліміздің телеком секторындағы ойын­шылар негізінен ескі жабдықтарды ауыс­тыру, абоненттер санын ұлғайту мақсатында өндірістік қуаттарды кеңейту, жаңа технологияларды енгізу, қолданыстағы қызметтерді оңтайландыру, материалдық-техникалық қам­тамасыз етуді оңтайландыру, абоненттер саны өзгермеген кезде жаңа өндірістік қуаттарды енгізу сияқты бағыттарға инвестиция салады.