Мысалға, еліміздегі барлық әуежайдың айлақ маңындағы аумағында рұқсат етілмейтін нысандар, тұрғын үйлер, шаруашылық құрылыстар, қоқыс төгетін орын, тіпті қасапханаларға дейін салынған екен. Бұл жолаушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндіреді деп санайды «Amanat» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес мүшелері. Партия хатшысы Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Шымкент қаласы әуежайының санитарлық қорғау аумағында 187 тұрғын үй орналасқан, олардың 128-інің толық рұқсат құжаты бар.
«Менің сұрағым әкімдікке де, азаматтық авиация комитетіне де бағытталады, оларға қандай негізге сүйеніп рұқсат берілген? Рұқсат құжаттарын сіздер бермеген болсаңыздар, онда олар мұның бәрін қалай ресімдеді? 12 адамның өмірін қиып, тағы 47 адам жарақат алған Алматыдағы қайғылы оқиғаны ешқайсымыз да ұмытқан жоқпыз. Біз әуежай маңында тұратын адамдармен сөйлестік, олар үйіне ұшақ құлап кете ме деп қорқады, тіпті, ұшақтардың моделін дыбысына қарап-ақ ажырата алатын жағдайға жеткен. Бұл отбасылардың мәселесін шешу керек», деді ол.
Бұған жауап ретінде Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Тимур Тілегенов заңнамада әуежайлардың 4 км аймағында құрылысқа тікелей тыйым салынбағанын, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қызметті жүзеге асыруға ғана шектеу қойылғанын атап өтті.
«Жалпы алғанда, Шымкент әуежайының 4 километрге дейінгі айналасына толығымен құрылыс салынған, бірақ соның ішінде 70 нысан аса үлкен кедергі келтіріп тұр. 25 үй және 45 темір-бетон электр жабдықтау бағанасы бар, әкімдік оларды ысырып, ұзындығын қысқартып жатыр. Бұл үйлердің барлығы 10 жылдан аса уақыт бұрын өз бетінше рұқсатсыз салынған. Үйді салып алып, содан кейін ғана заңдастыруға өтініш берген. Бұл мәселе бойынша үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр», деді ол.
«Amanat» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес мүшелері еліміздегі әуежайлардың айналасындағы қоқыс полигондарының мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Атап айтқанда, Алматы әуежайының 15 шақырымдық аймағында Алматы облысы тарапынан 351 қоқыс төгетін орын табылды, оның 247-сі ғана жойылды. Бұл ұшу үшін қауіпті жағдай тудырады. 2022 жылы ұшақ құстармен соқтығысқан 46 жағдай тіркелсе, Оңтүстік астананың әуе айлағында осындай 23 оқиға орын алды. Атырау қаласының әуежайы маңындағы жағдай да көңіл көншітпейді.
«Әуеайлақ маңынан 15 км радиус аумақта мал сою алаңдары, ауыл шаруашылығы алқаптары, мал базарлары, сондай-ақ тамақ қалдықтарын тастайтын орындар анықталды. Жолаушылар әуежайдың айналасы қоқыстан көрінбейтінін айтады. Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежай 2016 жылдан бастап Атырау қаласының әкімдігіне қалалық қоқыс алаңын басқа жерге көшіру туралы бірнеше рет хат жолдады. Алайда барлық хат жауапсыз қалды», деді партиялық бақылау инспекторы Венера Есілбаева.
Ал Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев әуе тасымалдаушылардың әлеуметтік жауапкершілігі мәселесін қозғады. Ол Қазақстаннан басқа, әлемнің көптеген елінде оның ішінде Өзбекстанда, Қырғызстанда және Ресейде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әуе билеттері жеңілдікпен сатылатынын алға тартты.
«Мүгедектігі бар адамдар үшін әуе көлігімен қатынау дұрысырақ. Себебі теміржол мен автокөлікке қарағанда, ұшақта жоғары сервис пен барлық жағдай бар. Бұл әсіресе, қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтарға қатысты. Неге отандық әуекомпаниялар мүгедектерге де, оларды алып жүретін адамдарға да жеңілдік бермейді? Бұрын осы тақырыпқа қатысты депутаттық сауал жолдаған болатынмын», деді халық қалаулысы.
Жиын қорытындысы бойынша кеңес өңірлердің әкімдіктеріне әуежайлардың маңында рұқсат етілмеген құрылыс мәселесін шешуді және айлақ маңындағы қоқыстарды жою жөнінде іс-шаралар қабылдауды ұсынды.