Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектеп директоры Сәуле Әзімханова ұстаздар мен оқушыларды соңғы қоңырау мерекесімен құттықтады. Атап өтетін ерекше жайт, №16 мектепте алғашқы қазақ сыныбының оқушылары түлек атанып жатыр.
«Бүгін мектепте ерекше күн. 11 жыл оқытқан, тәрбиелеген балаларымызды салтанатты мерекемен шығарып салайық деп отырмыз. Әрине, мейірімді, жүрегімен ойлайтын, еліміздің, жеріміздің болашағына алаңдайтын жақсы азаматтар шығарғымыз келеді. Әр баламызды қимай жатырмыз. Ұстаздар да қобалжып жүр.
Биылғы оқу жылы ерекше. Себебі мен осы мектепте бірінші жыл жұмыс істедім. Ұстаздарымызбен жұмыла жұмыс істедік. Әріптестерімнің барлығын бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Азаматты тәрбиелеу, жүрегінен орын табу – бұл ұстаздың жұмысы. Ұстаздың қызметі ерекше. Сондықтан оқушылар әркез бала кезінде қалыптасқан мектебі, сыныбы, отырған парталары көңілдерінен кетпеуі керек», деді мектеп директоры.
Сәуле Мыңшалқызы қазір балалардың ерекше, олар ең бірінші адамға қарап барып, айтқанын істейтінін айтады.
«Бала тәрбиелеу жұмысы оңай емес. Ол ұзақ мерзімде қалыптасатын психологиялық жұмыс. Өйткені әр мінезді бір-екі күнде, бір айда қалыптастыру мүмкін емес, жылдап істелетін іс. Бірінші баланы тәрбиелейтін мұғалімдердің қабілеті мықты, іс-әрекеттері дұрыс болуы керек», деді ол.
Мектеп директоры ұрпақтың болашағына ұстаз да, атана да бірдей ат салысу керегін атап өтті.
«Осындай ерекше балаларымызға ұлтымыздың құндылықтарын сіңіру – борышымыз. Ал ата-ана осы жұмыста бізге көмекші болуға тиіс. Себебі баланың болашағына ұстаздар тек жақсылық тілейді», деді Сәуле Мыңшалқызы.