Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бірер жыл бұрын «Despacito» деген ән хитке айналғаны белгілі. Білікті мамандардың айтуынша, «You Tube» арнасында 8,1 миллиард қаралым жинаған хит тым қарапайым әрі қарабайыр шығарма екен. Төрт аккорд бастан-аяқ ауыспайды деседі мамандар. Алайда сол қарабайыр туынды әлем жұртын тамсандырып тастады ғой. Қаралымы – 8,1 миллиард. Жалпы, Жер шарындағы адамның бәрі көріп шыққан ба сонда?
Жеңілтек әндерден шаршағанда салмақты шығарманы, көңіл пернесін дөп басатын әнді іздейтініміз тағы бар. Ақын Серік Томановтың өлеңіне жазылған «Сезімді қайтем, тулаған» әні композитор Сәрсенбек Бәкірдің талғамына сай келгені сөзсіз. Ақынның өзі «сандуғаш үнді, сарғалдақ өңді сары бала» деп атаған Сәрсенбек жазған ән де жалпыхалықтық хит болып еді.
Баяу ырғақты тамаша туындыны есті тыңдарман әлі ұмыта қойған жоқ. Өйткені әннің мәтіні мен музыкасының үйлесім табуының арқасында шығарма тыңдарман қауымның жүрегінен орын алғаны ақиқат. Талғамы жоғары композитор бірінші кезекте әннің мәтініне назар аударса керек.
«Көзіңді қайтем,
қарайтын маған ұрлана,
Сөзіңді қайтем,
сиқырлы сазды думан ән.
Төзімді қойшы, таусылар сені күтуден,
Сезімді қайтем, сезімді қайтем,
сезімді қайтем тулаған»,
деп басталатын әннің алғашқы шумағының өзі әнге аңсары ауған тыңдарманын бірден баурап алатыны шындық.
Әрине, қазіргі жастардың бір бөлігі трендтегі әндерге ден қойғандықтан, ретроға айнала бастаған туындылар көп тыңдала бермейтіндей көрінеді. Алайда көлікте кетіп бара жатқанда орта буын өкілдері осы бір тамаша шығарманы тыңдап отырғанын көргенде қуанып қаламыз. Бастысы, композитор мен ақынның талғамынан, үйлесімінен туған ескі әрі есті шығарманы жұрттың жадынан шығармағаны көңілге медеу болады.
Әулиеатаның шайырлары туралы сөз қозғалса, ә дегеннен Серік Томановтың есімін атайтындар аз емес қой. Өрнегі өзгеше өлеңдерімен Жамбыл жұртшылығының жадында өшпес із қалдырған ақынның өлеңіне жазылған әндер де Томанов биігін аласартпай тұрғандай көрінеді. Оған ешкімнің таласы жоқ.
«Күндерді қайтем,
сынаптай сырғып зулаған,
Түндерді қайтем,
ұйқымды менің ұрлаған.
Өзімді қойшы, өзегім жалын өртеген,
Сезімді қайтем, сезімді қайтем,
сезімді қайтем, тулаған.
Сырымды қайтем,
сыңар боп саған тумаған,
Мұңымды қайтем,
Мәжнүннің жолын қумаған.
Өмірді қойшы, өтер де кетер өкінтіп,
Сезімді қайтем, сезімді қайтем,
сезімді қайтем, тулаған».
Ұзын-ырғасы үш шумақтан тұратын Сәрсенбектің осы әнін кейінгі толқын да гитарамен орындап жүргенін көз шалып қалады. Әсіресе саябақтарда серуендеп, кешқұрым ел ортасында жүріп ән шырқайтын меломан жастардың аузынан естігенде, расымен де жаның рақаттанып қалады. 18-20 жас шамасындағы жастардың танымы құлдырамағанына, талғамының төмендемегеніне шүкір дейсің.
Сағынышқа толы махаббат сыры тұнып тұрған «Сезімді қайтем, тулаған» әнін жұрт әуелде «Нұр-Мұқасан» дуэтінің орындауында жылы қабылдағаны әлімсақтан аян. Кейін өзге де әншілер сыршыл шығарманы нақышына келтіріп шырқап, әуезді туындыға екінші өмір сыйлағанын көріп жүрміз.
Қалай десек те, айтары бар әннің ғұмыры келте болмайтыны даусыз. Өйткені ол мезеттік мелодия мен сәттік иллюзияның жемісі емес. Есті әннің өз тағдыры болады.
«Сезімді қайтем, тулаған» әні тыңдарманның талғамынан оза туған шығарма екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Содан да болса керек, өнерсүйер қауымның жүрегінен, ойынан өшпей тұрғаны, тыңдарманымен бірге жасап келе жатқаны. Мұндай тамаша әндердің аудиториясынан ажырамағаны қазақ халқы әлі де болса талғамсыздық дертіне шалдықпағанын айғақтай түссе керек.
Жамбыл облысы