Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Бұл білім ордасының басқа мектептерден ерекшелігі – мұнда оқу мен тәрбие ұлттық құндылықтарға негізделген. Биыл аталған мектепті 45 оқушы тәмамдап отыр, олардың арасында «Алтын белгіге» үміткер үш, үздік аттестатқа үміткер екі түлек бар. Салтанатты іс-шарада Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мазмұнды мерекемен жиналған қауымды құттықтап, жас түлектерге сәт-сапар тіледі.
– Биыл білім беру тарихында алғаш рет оқу кезеңі 31 мамырда аяқталып отыр. Білім сапасын жақсарту қажеттілігінен туындаған бұл өзгерісті түсіністікпен қабылдап, шыдамдылық пен қолдау танытқан әрбір мұғалім мен оқушыға және ата-анаға алғысымды білдіремін. Биылғы мектеп бітіру салтанаты Балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келді. Бала – отбасының, қоғамның, мемлекеттің ең қымбаттысы, болашағымыздың үкілі үміті. Түлектер, міне, сіздер алтын ұя – мектептеріңізге тарыдай болып кіріп, таудай болып шығып, жаңа өмірге алғашқы қадам басқалы отырсыздар. Алда Ұлттық бірыңғай тестілеу емтиханы тұр. Соны ойдағыдай тапсырып, өздеріңіз қалаған жоғары оқу орнына түсіп, үздік мамандық иесі болыңыздар. Барлығыңызға ақ жол тілеймін! – деді министр.
Сондай-ақ Ғани Бейсембаев елімізде биыл 11-сыныпты 172 мың түлек бітіргенін атап өтті. Одан кейін №8 мектеп-лицейінің директоры Гүлнұр Әйтімова он бір жыл білім алған алтын ұясымен қоштасқалы тұрған оқушыларына жылы лебізін жеткізді.
– Бұл күн сіздер үшін ешқашан ұмытылмайды деп сенемін. Енді арман жолына қанат қағып отырсыздар. Біз сіздерге сапалы білім ғана емес, ұлттық құндылықтарға бай тәрбие де бердік. Сол бойларыңызға дарыған құндылықты алдағы өмірлеріңізде сақтап, еліміздің бірегей тұлғасы болыңыздар. Біздің мектебіміздің атын биіктен көрсетіңіздер. Біз сіздерді мақтаныш етеміз! – деді ол.
Сонымен қатар мектеп бітірушілердің ата-аналары атынан Еркін Исабеков сөз алып, жас түлектерге ізгі тілегін білдірді.
Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, биыл бас шаһарда 9 500 түлек мектеп бітірді.
– Бүгін елорадағы барлық мектепте соңғы қоңырау соғылды. Енді мектеп бітірушілердің алдында Ұлттық бірыңғай тестілеу тұр. Содан жоғары ұпай алып, өздері армандаған жоғары оқу орындарына түсуіне тілектеспін! Сондай-ақ бүгін Балаларды қорғау күніне орай, бас қалада 100-ден аса іс-шара ұйымдастырылды. Оқушылардың жазғы демалысы мазмұнға толы әрі қызықты өту үшін мектеп жанынан лагерьлер жұмыс істейді. Біздің басқармаға қатысты қала сыртында екі лагерь бар. Бұдан бөлек, пәндік, спорттық лагерьлер құрылды, – деді басқарма басшысы.
Одан соң мазмұнды шара аталған білім ордасының оқушылары дайындаған мерекелік бағдарламаға ұласты. Содан кейін соңғы қоңырау соғылып, жас түлектер қоштасу вальсін биледі.
Бұл күні елордадағы №71 мектеп-лицейінде өткен соңғы қоңырау салтанатына да куә болдық. Мектеп директоры Майя Мұқашеваның айтуынша, биыл мектеп-лицейін 99 оқушы аяқтады. Олардың 12-сі – «Алтын белгіге» үміткер. Салтанатты іс-шара барысында қалалық, республикалық байқауларда топ жарған оқушыларға Алғыс хаттар табысталды. Мектеп түлектері тек білім, ғылымда ғана емес, сурет өнері, спорт, музыкадан да көп жетістікке жеткен.