Сұхбат • 05 Маусым, 2023

Айгерім Есенғалиқызы: Әкем «Гамлетті» ағылшын тілінен тікелей тәржімеледі

2721 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Шүкір, халқымыз ақынға кенде емес. Сонау арғы ғасырлардағы жыраулар заманынан бастау алатын бұл саф өнердің жолында еңбек етіп, ел есінде есімі қалғандар баршылық. Жұртшылыққа жыры ұнаған ақындарда арман болушы ма еді? Солардың бірі де, бірегейі – Есенғали Раушанов. Қазақтың «дегдар» деген сөзін осы кісіге қияр едік, себебі сөзі де, өзі де дегдар бола алды. Ақынның қызы Айгерім Есенғалиқызы бұл сұхбатында әке болмысы, шығармашылығы туралы айтып берді.

Айгерім Есенғалиқызы: Әкем «Гамлетті» ағылшын тілінен тікелей тәржімеледі

– Ақын Есенғали Раушанов бірде: «Мен көпбалалы отбасында өстім. Сегіз ұл, төрт қыз – ағайындымыз», деп еді. Ол кісінің бойындағы жомарттық, жайлы мінез-құлық сол тәрбиеден шығар деп ойлаймын. Әкеңіз отбасы жайында жиі айтушы ма еді?

– Әрине, естіп өстік. Атам Әбді­жап­бар­ хат танып, ел сыйлаған қажының неме­ресі болған. 1937 жылы кеңес өкі­ме­ті Ақтөбе өңірінің Байғанин ауданын­да­ осы Әбдіжапбар атамды «халық жа­уы»­ деп айыптап, отыз жылға Сібірге, Бело­мор каналын қазуға жер аударған, ал Әуехан әжемнің әкесін атып тастаған. Оның «айыбы» – Пір Бекет атаның белінен тарағаны, сұпылығы, хат танығандығы еді. Дегенмен атам мен әжем өз тағдырларына жасалған әділетсіздікке табандылық танытып, жетім-жесірге, кем-кетікке көмегін аямай, он екі балалы үлкен отбасын құрып ғұмыр кешті. Әкеме осы жақсы қасиеттер үлгі болып, бойына сіңіріп өсті. Жомарттығы хақында айтатын болсам, ол – адал еңбек ете жүріп, алдына мұқтаж болып келген жандарға қол ұшын беріп өтті. Осыған орай «Құстар – біздің досымыз» атты кітабындағы ақсұңқар құсына әкемді теңегім келіп отыр. Жемін өзі тауып, адалдап жейді, яғни халық мақалы айтатындай: «Құзғын басып жейді, ақсұңқар шашып жейді». Тапқанын астына басып, жартысын көміп қойып, онысы борсып, сасып, ауру таратып жататындай емес, қонса – көркімен көз толтырардай, ақ жүзді абыройлы, ұшса – асқақ самғап аспанда, түу биікте жүрер еді. Бұның түп төркіні: қасындағы өзіне қорек таба алмайтын, қабілетсіз, икемсіз құстар ақсұңқардан шашылған асты қорек етіп, ақсұңқардың арқасында күнін көреді дегенді айтқым келіп отыр.

– Әкеңіздің өлең жазатынын, сөз зергері екенін алғаш білгенде қандай көңіл күйде болдыңыз?

– Біздің үйде ақын-жазушылар жиналып, өлеңдер оқылып, домбырамен күйлер орындалатын. Көзімізді ашқалы көргеніміз – қазақ, әлем көркем әдебиетінен тұратын кітапхана. Әкем бізге Ілияс Жансүгіровтің «Құлагерін» жатқа оқып беретін. Әбіш атам, Фариза апам, Шерхан Мұртаза ата, Тұманбай атам, Қадыр атам, Сырбай атам, Хамит атам, Қуандық Шаңғытбаев ата тәрізді тарлан тұлғалардың маң­дайымыздан сипап: – Ә, айналайын, Есентай, Есенжанымның құлынысың ба? Бақытты бол! – дейтін. Әкем, дәл осы кісілерден рухани пана іздеді және оны тапты да. Себебі ол кезде әдебиетте мейірімді кісілер көп еді. Бұл кісілердің рухани шоқтығы өте биік болды. Қазақ әдебиетінің бағына біткен дана тұлғалар, әкемнің талантын тани білген, қазаққа тән жұпар, жұмсақ мінезді кемеңгерлер еді. Есенғали Раушановқа дәл осынау асқар таудай, ары таза ағалар мен апалар үлгі болды. Өкінішке қарай, өмір бар да – өлім хақ! Осы дана тұлғалар бақиға аттанған сайын әкемнің оларға деген сағынышы өсе берді, жаны құлазыды... Ендігі жерде біз әкемізді сағынғанда, өлеңдерін оқып, құран-хатым арнап, Кеңсай зиратына көтеріліп, әкеме, аталарымызға барып, шерімізді тарқатып қайтамыз... Астанаға барғанда Әбіш атам мен Фариза апаның жатқан жеріне барып, зиярат етемін.

– «Қара бауыр қасқалдақ» өлеңі жарыққа шыққан соң, тез таралды, тіпті Желтоқсанға қатысты гимнге айналды. Аға ел тағдыры ұлттық мәселелер төңірегінде отбасында айтушы ма еді?

– Иә, «Қара бауыр қасқалдақ» өлеңі әкемнің жеке өмірін тозаққа айналдырды, бірақ ол туралы ешуақытта тіс жарып бізге айтпаған. Осы өлең де, «Шолпан Жұлдыз туғанша» атты кітабы да үш жыл бойы тергеуде болды, әкемді түнгі сағат екі мен үштің аралығында алып кетіп, тергеу жұмыстары жүргізілетін. Бұл туралы анамнан естідік, барлық жағдайды ол әрине жарына айтып беретін. Әкеме қоқан-лоқы жасалғаны екібастан белгілі. Атап айтқанда: «Шолпан Жұлдыз туғанша» кітабың ешқашан басылмайды, себебі «Қара бауыр қасқалдақ» өлеңінің астары бар, ол – тұнып тұрған саясат, оған қоса мектеп жасындағы екі балаң қазақ мектебінде білім алып жүр, өзің «халық жауының» баласысың, басқа қандай дәлел қажет? Саған да «халық жауы» деген айып тағамыз!» деген ыңғайда азаматтың сағын сындыратын әңгімелер жүргізіліп отырған.

Әкемді 1986 жылдың желтоқсанында қыршынынан қиылған, жоғары оқу орындарынан әділетсіз шығарылған қыз балалардың өмірі толғандырды. Қай әке қызын жаман болсын дейді. Әр қазақ қыз баласын: «Айналайын, қызым, сенің, табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма кірсін», деп өсіреді. Ал енді қыздарды итпен қуып, шашынан тартып, тұқымың таралмасын деген арам пиғылмен мұзға отырғызып, тірілей көмгенді көрген ақын моральдық тепе-теңдікті қалай сақтайды, әрине, қағаз бетіне шер болып өлең жолдарымен түсіреді.

– Есенғали ағаның құс келгендегі, құс қайт­қан­дағы көңіл күйі көбінде тамаша өлең бо­лып, қағаз бетіне түседі. Жазудан шар­ша­ғанда қалай демалатын?

– Әкем жазарда шабыттанып, әдеби, ғылыми зерттеу жұмыстарын өте көп жүргізетін. Ісіне тиянақты болатын. Жазудан шаршамайтын. Дей тұрғанмен, жазуын тәмамдағанда әкем: «Мен керемет дүние жаздым, құлыншақтарым», деп, бізге, анамызға оқып беретін. Біз қызығып, сұрақ қоя бастасақ, түп тамырынан бастап, жік-жігімен бөлшектеп, түсіндіріп беретін. Алматыдағы Хамит атамыздың атындағы жағалауда немесе Есентай өзендерінің жағасында, я болмаса табиғат аясында әкемді жиі кездестіруге болатын еді. Себебі құстардың дауысын мұқият тыңдап тұрып, олардың атауын, яғни қай құс екенін дәл тауып айтатын. Қауырсындарының түс ерекшеліктеріне дейін айтып беретін еді.

– Бір байқағаным, ол кісі балажан кісі болатын, бір жерлерде қасымдағы қызымды еркелетіп, кейде тәтті ал деп ақша бергенін талай рет көргенмін, бала күніңізде әкеңізге еркеледіңіз бе?

– Әкем бізді, яғни балаларын­ тәр­биелеу мақсатында ерекше ерке­ле­те­тін, бірақ ұрыспайтын. Біз қазақ ті­лі­нің тамырына балта шабылған заман­дағы қазақтың маңдайына біткен Ш.Уәлиханов атындағы № 12 жалғыз қазақ мектебіне барып білім алдық, үйіміз бірінші Алматыдағы Мәскеу ауданында еді, ал мектеп қазіргі Бөгенбай батыр мен Қонаев көшелерінің қиылысында орналасқан. Осы қашықтықты еңсеру үшін таңғы алтыдан тұрып аялдамаға барамыз, сабағымыз сегіз жарымда бас­талады, үлгеруге міндеттіміз. Кешіксек, әкеміздің жұмысына мүғалімдер кезеккезек хабарласып, мазасын алады. Сол үшін намысқа тырысамыз. «Балапаным – балпағым, қозының жүні – қалпағым, тұрыңдар, сабақтарыңа кешігесіңдер», – деп үлкен әпкем екеумізді аялдамаға әкем өзі шығарып салады. Бір күні мен ұйқылы-ояу тұрып:

– Папа, неге үйдің қасындағы орыс мектебіне бармаймыз, қазақ мектебі алыс қой? – деп едім:

– Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте! – деді де:

– Бұл кімнің өлеңі? – деп сұрады. «Қадыр Мырзалиев атамның», деп әпкем екеуміз жарыса шар еттік. Қар тізеден жауып тұр. Соған қарамастан, мектептегі сабағымызға үлгеру үшін қалың қарды омбылап жүгіріп келеміз. Мектепке жеткен соң әкем бізге: «Ал енді мектепке барыңдар, сабақты беске оқыңдар», деп еркелете тұрып, не мақсатпен мектепке барып, сонша қашықтықты күнде еңсеріп жүргенімізді төрт жолдық өлеңмен түсіндіріп, санамызға құйып берді. Бұл – психолог әке, гений әке! Сол күні мектепте сынып сағаты болып, оқушылардан: «Не үшін мектепке келіп жүрсің?», деген сауалға жауап алынды. Оқушылар: «Ленин атам үшін сабаққа келеміз», деп жауап берді. Ал менің өз идеологім болды: ол – өзімнің Қадыр Мырза Әлі атам және гений әкем, мақтанышым еді. Бұл – шын мәнісінде еркелік емес, қазақ мектептері неге аз деген протест еді. Ал әкем дәл осы ситуацияны басқаша қабылдау әдісін үйретті: барына қанағат ету. Есесіне сабағымыз біткен соң әкемнің жұмыс кеңсесіне барып, қазақ әдебиетінің іргесін қаласқан даналардың көзін көріп, баспаханадан енді басылып шыққан кітаптарын қолтаңбасымен сыйлыққа алып, үйге келе сала оқи бастайтынбыз. Бұл нағыз бақыт еді!

– Әкеңізге талант, абырой, бақ қатар қонды десек артық емес шығар. Ал ол кісінің орындалмаған арманы бар деп ойлайсыз ба?

– Ақын, қаламгер ретінде айтарын толық айтып, нүктесін қойып кетті деп айта алмаймын. Себебі ғұмыры орта тұсқа жеткенде қолынан қаламы түсіп, бақиға аттанып кетті. Әкемнің жоспарлары өте көп еді. Бірінші жоспары: «Аруз – өлең өлшемдері» деген бар. Сол бойынша үлкен танымдық дүние жазсам, деп жоспарлады. Материалдар жинақтады. Екінші жоспары: «әдебиет теориясын жаңа көзқарас, жаңашыл сипатта жазып шығарамын», деп айтқан болатын.Үшінші ең маңыздысы: Шекс­пир­тану мектебін ашамын деп жос­парлап қойған. Әкем Ұлыбританияға барып, ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеріп, Шекспирді түпнұсқада оқып, Шекспирдің еңбектері – тұнып тұр­­ған гуманизм, бұл – ұжымдық ең­бек­ деген тұжырымға келді. Сон­дық­­­­­­тан әкем ағылшынның «сн­об» профессорларымен сөз майданына түсіп, Шекспир еңбектерін талқылаған. Тәкаппар ағыл­шын оқыту­шылары кешегі «халық жауының» баласы Раушанов Есенғалиға таңырқап, мұ­қият тыңдап, қайран қалып: «Сэр, сіз, Уильям Шекспирдің еңбектерін жоғарғы дәрежеде зерттегенсіз, бұл – біз үшін мәртебе», деген. Әкем дәл сол профессорлардан талай лекция оқуға шақырту алған...

Елдің, ұлттық әдебиетіміздің тағды­рына алаңдап кетті, ол шын! Әрине, қазақтың о бас­тан төбесіне көтеріп сақтап келген төрт қастерлі ұғымы бар, олар: ар-ұят, иман, обал, сауап. Соңғы отыз жылда осылардың тамырына балта шабылып келді, оған қоса төрде отырған басшылардың бас-бастарына би болып келгенін айтар болсаң, қазаққа сенен асқан дұшпан жоқ. Иә, Қазақстаннан көшіп кетуге болар еді, әттең, жер бетінде қазақ көп, бірақ Қазақстан – біреу. Оны кімге тастаймыз? Жат ішіндегі жалғыздай Қазақстан...Әкем: мәскеуліктердің «Дети Арбата» дейтіні секілді, қазақ зиялыларының бір тобы бар. Жазушылардың балалары, қанша айтқанымен, өзге жұрттан ерекшеленіп тұратыны рас. Олардың көзін ашқаннан көретіні – кітап. Бала тәрбиесіне мән бермеген жазушылар кемде-кем. Содан да болар, олар аспаннан түскен Төрт кітаптағы «Ұрлық қылма, өтірік айтпа, қайырымды бол» деген қағидаларды шын осылай болуға тиіс деп ойлап ержетеді, деп, осы орайда, отанымызға адал қызмет етіп жүрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жайында ризалықпен айтып отыратын.

 – Қазақ қаламгерлерінің ішінде шетелге көп барғандардың бірі – сіздің әкеңіз. Жер аралап, ел көру сапарын алдын ала жоспарлай ма, жоқ, әлде кенеттен бе?

– Иә, әкемнің өз сапарын алдын ала жоспарлайтын да, аяқ асты саяхаттайтын да кезі болды. Шабыты келгенде сапарға аттанып кететін еді, әрине, зерттеу мақсатында. Атап айтқанда, «Капподокия» пьесасын жазар алдында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Түркия еліне сапар шекті, «Цицерон» пьесасын бастарда да Римге саяхаттады. Париж қаласындағы Иван Буниннің тұрған үйіне, қабір басына барып тағзым етті. Содан шабыттанып, осы тұлға туралы эссе жазып, Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясы Президиумының шешімі бойынша, И.А.Бунин атындағы құрметті күміс медальмен марапатталды. У.Шекспирдің «Гамлетін» ағылшын тілінен еркін аударуға кірісер алдында Дат елі мен Ұлыбританияға сапар шекті, Джузеппе Вердидің «Аида» пьесасына кірісерде Мысыр мен Италия мемлекеттеріне барып, көзбен көріп, қолмен ұстап, ақындық шабыттану мақсатында жоспар құрған еді. Араб тілінен қазақ тіліне Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін аударып, кітап етіп басып шығарды. Өзбек классигі Хамза Ниязидің өлеңдерін өзбек тілінен тікелей аударып, мұны да жеке кітап етіп шығарды. Ортағасырлық тарихи танымдық жәдігер «Темір жарғылары» да тұңғыш рет қазақ тілінде Есенғали Раушанов тәржімасымен сөйледі.

– Ол кісі барған елдерінде көрік­ті­­ жерлерді емес, көне қорым­дар­ды, бейіттерді аралайды, бұның сыры неде деп ойлайсыз?

– «Жаңа жерлер, жасыл көлдер шақырады қол бұлғап», деп Тұманбай Молдағалиев атам жырлағандай, бұрын болмаған жеріңізді мүмкіндігінше көбірек аралап, тереңірек білгіңіз келетіні әу бастан түсінікті. Ал егер саяхаттап барған елдің көне бейіттерін аралауды ұнатсаңыз, сіз – менің әкемнің досысыз. Онда тылсым күш барын әкем кереметтей сезінген. «Моладан қорқудың еш керегі жоқ» деген әкемнің ойымен келісемін. Аруаққа тағзым етіп, құлпытасындағы жазуларын мұқият оқып, сол елдің талай жайсаңдары мен нарқасқаларының мәңгілік орын тапқан ескі қорымдарын аралап жүру – ол да бір рухани серуен. «Шеңгел де өз жерінде гүлдесін» деген халық даналығы бар деп әкем айтушы еді. Біз де әкемізге Кеңсайға зиярат етіп барғанда, талай нарқасқалардың соңғы тұрағын көзбен көріп, Тәңірдің бізге басу айтқаны деп, өмірдің мәңгі емес екенінің айғағы деп қабылдаймыз, сондықтан ар-ұят, иман, обал, сауап деген осынау қастерлі ұғым­­дарды сақтап жүруге өзімді тәрбиелеймін.

– Сіздерге ең жиі айтатын сөзі қандай еді?

Бірінші, «Кітап оқыған адам – ең бай адам!». Екінші, «Әр қазақтың үйінде «Абай жолы» романы болуы міндетті, бұл кітапты уақыт өткен сайын қайта оқып, ой түйіп тұру керек!». Үшінші, «Надан болмаудың бір амалы бар – көркем әдебиетті көп және жиі оқу керек!».

– Нағыз достары кімдер?

– Рухани достары – үйдегі кітапха­на­сын­дағы кітаптары, ол сөзсіз!

– Қазір сіз әкеңіздің жолын жалғап, «Жазушы» баспасын басқарып отырсыз, баспаның алда қандай жоспарлары бар?

– Әкеміздің соңғы ширек ғасырлық ғұмыры «Жазушы» баспасымен тікелей байланыста өтті. Нарықтың бастапқы кезінде толарсақтан саз кешіп, тоқырап қалған баспаның қисайған шаңырағын қайта тіктеп, қалпына келтіріп қана қоймай, жаңа жағдайға бейімдеп, нық тұрғызуға еңбегін сіңірді. Қазақ әдебиетінің қара шаңырағы атанған үлкен орданың атын асқақтатты. Әкем басқарған ширек ғасыр ішінде баспадан ұлттық әдебиетіміздің классиктерінен бастап жас таланттарға дейінгі бірнеше жүздеген ақын, жазушы, ғалым, мәде­ниет және өнер қайраткерінің замана рухына сай жаңа кітаптары жоғары полиграфиялық сапада жарық көріп, еліміздің кітапханалары мен оқырмандарының қолына тиді. Енді, міне, соңғы екі жыл ішінде, әке аманатын алға алып жүру парызы отбасының, әкемнің орнындағы баспа директоры ретінде қызы – менің мойныма жүктеліп отыр. Жауапкершілікті шамамның келгенінше көтеруге, әке ісін жалғастыруға күш салып келемін. «Жазушы» баспасының атына сай жос­парлары да, міндеті де қазақтың талантты жазушыларының еңбектерін, көркем әдебиеттерді басып шығару. Мемлекет тарапынан үзбей қолдау көрсетіліп отырса, бұл әдебиетке деген үлкен қамқорлық болар еді. Ал әкемнің соңғы жоспарларына қатысты айтатын болсам, Ақтөбе облысы театрының ұсынысы бойынша «Едіге» дастанына негіздеп сахналық дүние жазбақшы болды, өте көп дайындалды. Бауыржан Бабажанұлынан көркем қарақалпақ нұсқаларын, ғалымдардың зерттеген түркі нұсқаларын да алдыртып ізденген еді. Өкінішке қарай, бұл жоспары толық орындалмай қалды. Әбіш Кекілбаев атамыздың жиырма томдық еңбектерін басып шығаруды Клара апамен бірігіп отырып жинақтап, пысықтаған болатын. Ол жұмыстар өз кезегін күтіп тұр. Әбіш атаның аманаты әкеме жүктеліп, әкемнің аманаты маған жүктелді... Жалпы, қазақ халық ауыз әдебиеті туындыларымен сусындап өсетін Әділетті Қазақстанның жас ұрпағы бойын арам­дықтан алшақ ұстайтын болады деген идеямен, баспадан «Жеті ғасыр жырлайды», «Батырлар жыры» және «Қазақ ертегілері» атты екі-екі томнан тұратын туындыларды басып шығардық. Әкем «Жазушы» баспасынан басылып шығатын оқулықтардың ғылыми деңгейде жазылуын, баспаханалық сапасы жоғары болуын жеке өзі қада­ға­лайтын. Осы азаматтық борышты абыроймен атқарды.

«Жазушы» баспасы – ең алғаш 1997–1998 оқу жылдарынан басталған жаңа буын оқулықтар дайындау ісіне белсене атсалысып, атап айтқанда, өзбек тіліндегі мектептер үшін түпнұсқа және аударма оқулықтарды әзірлеуге маманданған бірден-бір баспа. Баспа бұл жылдары өзбек тілді маман аудармашылар тобын қалыптастырып, мектептермен тығыз байланыс орнатты. Оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер тарапынан осы жылдар көлемінде баспа өнімдеріне ескертпе, сын материалдары болған емес. Аудармашылықпен ғана шектелмей, ұстаздар ұжымдарын әдіснамалық көмектермен қатар тілдік бағыттағы жәрдемші құралдармен де қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар Е.Раушанов академик С.Қасқа­басов, Р.Әлмұхановамен бірігіп, 6, 8-сыныптар үшін қазақ мектептеріне арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтарын жазды, осы абыройлы жұмысын жалғастыруды көздеп отырмыз.

 

Әңгімелескен

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»