
Мұны Шолпан-Ата қаласында өткен «Орталық Азия – Еуропалық одақ» форматындағы екінші кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев баса айтты. Ол өткен жылдың қорытындысы бойынша Еуропадан Қазақстанға тартылған инвестиция 23 пайызға артып, 12,5 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді.
«Тәуелсіздік жылдарында біз шетелден 350 миллиард доллардан аса тікелей инвестиция тарттық. Оның жартысына жуығы Еуроодақ елдеріне тиесілі. Еуропалық одақ – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Біздің сыртқы саудамыздың 40 пайыздан астамы осы ұйымның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстанның Еуроодақ елдерімен өзара тауар айналымы 40 миллиард долларды құрады. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 миллиард долларға жеткізу үшін бізде барлық мүмкіндік бар деп санаймын», деді Президент.
Қазақстан Еуропа елдеріне арасындағы көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне екінші басымдық ретінде назар аударады. Мәселен, қазіргі уақытта Еуропаға экспортталатын Қазақстан мұнайының 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы жүзеге асырылады. Осы орайда, ортақ мүддені ескере отырып, стратегиялық тұрғыда маңызды осы құбыр арқылы мұнайдың ұзақ мерзімді және тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін Еуроодақ әрі қарай да қолдау көрсете береді деген сенім артады Қазақстан.
Мемлекет басшысы Қырғызстандағы кездесуде басқа бағыттар бойынша жеткізілетін мұнай экспортының перспективаларын айқындап берген еді.
«Мысалы, жыл басынан бері Қазақстан мұнайын «Ақтау – Баку – Тбилиси – Жейхан» бағыты бойынша жылына 1,5 миллион тонна көлемде жөнелту жұмысы басталды. Орта мерзімді перспективада біз «Ақтау – Батуми» бағыты бойынша Транскаспий бағытының құбыры арқылы жөнелту көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге Қазақстан «Дружба» құбыры арқылы Германияға мұнай жеткізу ісін жүзеге асыра бастады. Биыл жыл басынан бері 90 мың тонна көлемінде мұнай жеткізілді. Бұл көрсеткішті 1,2 миллион тоннаға дейін жеткізуге әлеуетіміз жеткілікті және оны келешекте арттыруға мүмкіндігіміз бар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға тасымалдайтын мұнай көлемін жылына 200 мыңнан 1,2 млн тоннаға дейін арттыруды ұсынды. Ол осылайша Еуроодақтың эмбаргосына ұшыраған Ресей мұнайын алмастыруды ұсынған.
2023 жылдың алғашқы бес айында Қазақстан Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына (Ресей-Украйна соғысына дейін «Роснефтіге» тиесілі болған) 90 мың тонна мұнай жіберген. Осы қарқынмен Қазақстан Германияға жыл соңына дейін 200 мың тонна мұнай жөнелтеді. Қ.Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан тасымалдау көлемін кемінде 6 есе арттыра алады.
«Бұл көрсеткішті жылына 1,2 млн тоннаға дейін арттыратын әлеует бар», деді Қ.Тоқаев. Қазақстан 2023 жылы Еуроодаққа тасымалдайтын мұнай көлемін арттырған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, алғашқы тоқсанда Қазақстан ЕО-ға мұнайының 71 пайызын тасымалдаған, былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 65 пайыз болған.
Германиядан бөлек, Қазақстан мұнайын Италия да алып жатыр. Соғысқа дейін оны ресейлік «Лукойл» шикізатпен қамтамасыз еткен. Италияға тасымалданған мұнай көлемі алғашқы тоқсанда жалпы көлемнің 38 пайызын құраған. Былтыр бұл көрсеткіш 28 пайыз болды. Францияға тасымалданған Қазақстан мұнайы 5-тен 7-ге, Румынияға жеткізілген мұнай көлемі 4 пайыздан 7 пайызға дейін ұлғайған.
Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның вице-президенті Марош Шефчович Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы сауда, инвестиция, энергетика, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылаған кезде де Қазақстан Еуропалық одақпен инвестициялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге және өзара сауданы әртараптандыруға мүдделі екенін атап өтті. Сонымен қатар соңғы жылдары аса маңызды шикізат саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі де өзекті болып отыр.
Әлихан Смайылов өткен жылы COP-27 конференциясы аясында Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйенмен бірге осы бағыттағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын еске салды.
«Құжат экономиканың нақты секторларындағы әріптестігімізді нығайту бойынша нақты іс-шараларды көздейді, оның негізгі элементі «жасыл» технологияларды енгізу болып табылады. Бұл осы саладағы ортақ мақсаттарымызды жүзеге асыруға қосымша серпін беретіні сөзсіз», деді Премьер-министр.
Өз кезегінде Марош Шефчович Еуропалық одақ бұған дейін қол жеткізілген барлық уағдаластықты жүзеге асыруды жалғастыруға дайын екенін атап өтті.
«Менің республикаға сапарым Еуропалық одақта Қазақстанды аса маңызды стратегиялық серіктес ретінде көретінімізді дәлелдейді. Біз өзара тауар айналымының артқанына қуаныштымыз және сіздің елдегі ең ірі инвесторлардың бірі болғанымызды мақтаныш тұтамыз. Менің сапарымда сіздердің министрлеріңізбен кездесулердің барлығы сәтті өтті. Біз бірлесе жұмыс істеуге болатын ортақ жобаларды талқыладық. Барынша тығыз ынтымақтастықты әрі қарай нығайту – біздің күн тәртібімізде тұрған негізгі мәселелердің бірі», деді Марош Шефчович.