Саябақтың аумағы келушілердің санатына байланысты әртүрлі аймаққа бөлінген. Атап айтсақ, скейт алаңынан басқа вело және жаяу жүргіншілер жолын, амфитеатр, сахна-подиумды көруге болады. Сондай-ақ демалуға және серуендеуге, спортпен шұғылдануға арналған алаңдар мен балалар ойын кешендері қарастырылған.
– Бұл жай ғана скейт тебуге арналған алаң емес, бұл әртүрлі жастағы тұрғынның қызығушылығын ескере отырып жасалған толыққанды кешен. Мұнда ойын алаңдары, үлкен кісілердің серуендеуіне және демалуға лайықты орындар, спорттық іс-шараларға арналған воркаут бар, – деді облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев.
Салтанатты іс-шара барысында Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев та шаһардың дамуына қатысты пікірін білдірді.
– Қаламызда жасөспірімдер спортпен шұғылданып қана қоймай, скейтпен кәсіби түрде айналысқысы келеді. Егер бұрын олар уақытын тиімді өткізу үшін Алматыға барса, енді бәрі бізге келеді деп ойлаймын. Сонымен қатар біз «Жеңіс» саябағын қайта құрамыз. Бір сөзбен айтқанда, алдағы уақытта қаламызда түбегейлі өзгерістер болады, – деді шаһар басшысы.
Бұған қоса мереке күні 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларды бейімдеу, түзету және оңалту үшін күндіз уақыт өткізу орталығының ашылуы да қала тұрғындарын қуантты. Мұнда тірек-қимыл аппараты және психо-неврологиялық аурулары бар балаларға дәрігерлердің нұсқауы (жеке оңалту жоспары) бойынша көмек көрсетіледі. Олардың тасымалдануы мен 4 рет тамақтануын қамтамасыз ете отырып, тегін қызмет алуына мүмкіндік жасалған. Мұнда дефектологтер, логопедтер, балалар психологтері, массаж терапевттері жұмыс істейді, музыкалық сабақтар мен кәсіптік терапия, физиотерапия қарастырылған. Сонымен қатар балалар мамандардың бақылауында болады.
Қапшағай су қоймасындағы шомылу маусымы да әдеттегідей жаздың алғашқы күні ашылғанын еске сала кетейік.
Алматы облысы