Қоғам • 06 Маусым, 2023

«Түрмеде отырып, қонақүй сатып алды»: ANTIKOR Қайрат Сатыбалдыға қатысты түсініктеме берді

219 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сотталған Қайрат Сатыбалдыұлының «Double Tree by Hilton Almaty» қонақүйін сатып алғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Түрмеде отырып, қонақүй сатып алды»: ANTIKOR Қайрат Сатыбалдыға қатысты түсініктеме берді

ANTIKOR баспасөз қызметі хабарлағандай, сотталған Қайрат Сатыбалдыұлы қылмыстық-атқару жүйесінің тиісті мекемесінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатыр.

«Бұл ретте оған қатысты салықтарды төлемеуге және қылмыстық кірістерді заңдастыруға байланысты қылмыстардың басқа эпизодтары бойынша тергеу жалғасып келеді. Тергеу барысында заңсыз шығарылған активтерді, сондай-ақ қылмыстық қаражатқа сатып алынған мүлікті қайтару бойынша шаралар қабылданады. Осыған байланысты Сатыбалдыұлына залалды өтеу мақсатында бизнес орталықтар, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық үй-жайлар, үйлер, пәтерлер, аяқталмаған құрылыс объектілері, жер учаскелері, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс автомашиналар мен ақшалай қаражат мемлекетке беріледі. Олардың қатарына 2021 жылдың қараша айында Сатыбалдыұлымен байланысты кәсіпорын сатып алған «Double Tree by Hilton Almaty» қонақ үйі кіреді», деп түсіндірді агенттік қызметкерлері. 

Қазіргі уақытта осы объектіні мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары аяқталуға жақын.

Сонымен қатар ведомство өкілдері азаматтарды жалған ақпарат таратуға жол бермеуге шақырды.

Бұған дейін тележүргізуші, депутат Мақсат Толықбай әлеуметтік желідегі парақшасында Қайрат Сатыбалдының заңсыз жолмен тартып алған бизнесі туралы жазба қалдырған еді.