Сондай-ақ мамандарға митап, дәріс, курс, конференция форматтарында, ал кәсіпкерлерге акселератор және инкубатор арнайы бағдарламалар шеңберінде стартап негізіндегі оқыту іс-шараларын жүзеге асыру үстінде. Мұның басы-қасында Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы тұр. Атқаралып жатқан ауқымды істер ақысыз негізде ұсынылады.
Қазірге дейін 300-ден астам оқыту іс-шарасы өтіп, 270 компания инкубациялық және акселерациялық бағдарламалардан сәтті өтті. Оның ішінде «Террикон алқабы» логистикалық қызметтер, медициналық технологиялар саласындағы жобаларға нөлден бастап 350 мың доллардан астам сомаға сатылым жасауға тікелей көмектесті. Өткізілген дәрістердің әрқайсысы жас мамандарға IT, маркетинг және бизнес бағыттары туралы көбірек білуге, саланы түсінуге, қажетті дағдылар мен білімді үйренуге, сондай-ақ пайдалы бастамаларды құру үшін бизнес қауымдастық пен ықпалдастыққа тың мүмкіндік берді. Мамандар өз кезегінде әріптестерінің тәжірибесін қабылдап, түрлі кейстерді зерттеп, серіктестер мен инвесторларды тауып, өз компанияларының өсуі мен ауқымы үшін жаңа мүмкіндіктерді игере алды. Болашақта алған білімінің арқасында іс-шараға қатысушылар Қарағандыда IT және кәсіпкерлік саласын дербес дамытады. Осылайша, қалаға материалдық қаражат тартып, ұлғайтады деген болжам бар.
«Террикон алқабының» тағы бір білім жобасы – «Terrikon school» бағдарламалау мектебі атап өтуге тұрарлық. Мектептің айрықша ерекшелігі – курстарды тек қазіргі бағдарламашылар ғана оқытады. Ал бағдарламаның өзі дағдыларды практикалық шоғырландыруға және мамандықты шындыққа жақын жағдайда зерттеуге бағытталған. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушылар «Junior» дайындық деңгейін растайтын сертификаттар иеленеді.
IT-хабта коворкинг, подкостерн, лекториялар, конференц-зал және келіссөз бөлмелері бар. Осының бәрі резиденттерге жұмыс күнін сапалы ұйымдастыруға және шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға жол ашады.
«Террикон алқабының» соңғы жетістіктерінің бірі ретінде бағдарлама түлектерінің Кремний алқабындағы оқуға қатысуын айтуға болады. Қазақстан мен Дүниежүзілік банктің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен, сондай-ақ «Astana Hub» және «Draper University» арасындағы ынтымақтастықтың арқасында 15 стартаптың негізін қалаушы АҚШ-қа оқуға аттанды.
– Мұнда IT мамандардың дамуы үшін тегін іс-шаралар өткізумен айналысамыз. Әртүрлі конференция, кездесу, мастер-класс және жаңа технологияға сай мамандарды дайындау жұмысы жүргізіледі. Олардың бірі – акселератор және инкубатор жобасы. Қазіргі уақытта «Террикон алқабы» орталығында 60-70 орынды қамтитын екі дәрісхана бар. Сондай-ақ ақылы және тегін түрде коворкинг және подкаст-студиялар жұмыс істейді. Біздің басты мақсатымыз – 2025 жылға дейін 10 мың IT маман даярлау. Ол үшін қаламыздың университеттері мен колледжері арасында өзара байланысты нығайтамыз, – дейді «Террикон алқабы» IT-хабының директоры Сабыр Ниязов.
ҚАРАҒАНДЫ