Пікір • 06 Маусым, 2023

Хоккей және «О кей»

1058 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлт­тық құрамасы осыған дейін әлем чемпио­натына 10 мәрте қатысты. 2021 жылы Лат­вияда өткен жарыста жерлестеріміз өзде­рінің ең үздік нәтижесіне қол жеткізді. Бал­тық жағалауында біздің жігіттер 10-орын­ға табан тіреді. Ал өзге бәсекелердегі көрсет­кішіміз мынадай: 12-орын (2005 жылы), 13-орын (2004), 14-орын (2022), 15-орын (1998, 2006) және ең соңғы 16-орын (2010, 2012, 2014, 2016).

Шайбалы хоккейдің еңсесін тіктейміз деп, елімізге көптеген легионерді ша­қырт­тық. Статистикаға мықтап ден қойып, жілік майын шағып жүрген белгілі спорт журналисі Қанат Байұзақовтың пайымдауынша, 1992-2022 жылдар аралығында алыс-жақын шет мемлекеттердің 68 ойыншысы Қазақстанның азаматтығын алып, әлемдік додада өнер көрсеткен екен. Оларды бірнеше топқа бөлуге болады. Алғашқы легі – Өскеменде туып, Ресейге қоныс аударғандар болса, келесі бір тобы – «Қазақмыс» клубында ойнағандар. Одан кейінгілері – «Барыста» жейдесін кие жүріп, Қазақстанның намысын қорғауға ниет білдіргендер.

Ұлттық командамыздың сапындағы ал­ғашқы легионерлер – Игорь Земляной мен Константин Шафранов. Олар 1992 жылы әлем чемпионатының іріктеу турниріне қатысты. Көп ұзамай қатарымыз Леонид Шиляев, Андрей Соколов, Владимир Антипин, Сергей Кислицын, Игорь Беляевский, Андрей Соловьев, Павел Каменцев, Евгений Набоков, Игорь Никитин, Олег Кряжев, Михаил Бородулин, Анатолий Филатов, Владимир Антипин, Игорь Дорохин, Вадим Гловацкий және Дмитрий Дударевпен толықты. 1998 жылы Қазақстан алғаш рет элиталық топта күш сынасу құрметіне ие болды. Жоғарыда есімдері аталған ойыншылардың біразы Швейцарияда жарыс көрігін қыздырды. Одан кейін де Ресейден келген келімсектердің қатары көбеймесе еш кеміген жоқ.

2014 жылдан бастап Канада, АҚШ азаматтары да елге көптеп келе бастады. Бұл көшті Үйеңкі жапырақтар елінің өкілі Кевин Даллмэн бастады. Ізін суытпай Найджел Доус, Дастин Бойд, Мартен Сен-Пьер, Джесси Блэкер, америкалық Брэндон Боченски, швециялық Хенрик Карлссон мен Виктор Сведберг және тағы басқа саңлақтар жалғап, Қазақстанның туы астында шайбаға таласты. Десек те, бізге легионерлерден еш пайда болмады. Олар 10 әлем чемпионатында ойқастаса да, 10-орыннан аса ал­мадық. Біздің командаға үздік сегіздіктің сана­тынан көрініп, плей-оффқа шығу бақыты бірде-бір рет бұйырған жоқ.

Биыл жағдай күрт өзгерді. Латвия мен Финляндия билігі байрақты бәсеке барысында Ресей мен Беларусь азаматтарын өз елдеріне кіргізген жоқ. Оның үстіне, 2004 жылы Қазақ­станның заңында екі елдің азаматтығын алуға ресми түрде тыйым салынғаны мәлім. Бұған дейін оған мән бермей келген едік. Осы жолы белсенділер дүре көтеріліп, осы мәселені биліктің құлағына жеткізді. Содан республикалық хоккей федерациясының басшыларының легионерлерден бас тартудан басқа амалы қалмады.

Жоғарыдағы жағдай бұған дейін көлең­кеде қалып келген еліміздің түлектеріне даңғыл жол ашты. Өзіміздің ішкі біріншіліктерімізде табысты өнер көрсетіп жүрген бір шоғыр дарынды жастарға ұлттық командамыздың жейдесін киюге мүмкіндік туды. Шыны керек, алғашында «көпті көрген кәнігі хоккейшілерсіз жағдайымыз мүшкіл болатын шығар» деп ойладық. Көңілде күмән мен секем басым болды. Бірақ бәрі бекер екен. Бас командамыздың тізгінін ұстаған Ғалым Мәмбетәлиев қысқа ғана мерзім аралығында жақсы құрама жасақтай алды.

Балтық жағалауында біздің жігіттер ең жас (ойыншылардың орта жасы – 24,72) коман­далардың бірі ретінде аттанғанымен, тәп-тәуір ойнады. Солардың қатарында 58 ұпай жиып, ел біріншілігінің ең үздік сұрмегені атанған Максим Мұхаметов, ел чемпионатының плей-оффында 15 ұпай­ды қоржынға салып, ең үздік ойыншы ретінде танылған Батырлан Мұратов, «Ба­рыс­тың» сапында 62 кездесу өткізген Дін­мұхамед Қайыржан, Максим Мусоров, Әділ Бекетаев, Валерий Орехов, тағы басқа сайыпқырандар айшықты өнерлерімен көзге түсті. Тәжірибелі Никита Михайлис пен Роман Старченконың да еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз. Әлемдік дода барысында Әділ Канаданың қақпасына гол салса, Батырлан Словенияның қорғаныс шебінен саңлау тапты. Сонымен қоса, ол өз әріптестеріне үш рет нәтижелі пас берді. Ал Максим болса, осы жарыста үш мәрте нысананы дәл көздеді.

Латвияның астанасында жерлестеріміз жеті бәсекенің үшеуін өз пайдасына шешіп, жеті ұпайға иелік етті. Нәтижесінде, 16 коман­даның арасынан 11-сатыға табан тіредік. Осылайша, қатарынан төртінші рет элиталық дивизионда өнер көрсететін болдық. Осыған қарап, біздің жігіттер де хоккей ойнай алатынына анық көз жеткіздік. Ойындарына «О кей» деп баға бердік. Олай болса, алдағы уақытта қыруар қаржы шығындап, сырттан ойыншылар шақыртудың еш қажеті жоқ. Одан да өз өрендерімізге сенім артайық. Келесі әлем чемпионаты дәл бір жылдан кейін Чехияның Прага мен Острава қалаларында өтеді. Сол жарыста жерлестеріміз бұдан да жақсы көрсеткішке қол жеткізетініне сенімдіміз.