Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге ілтипат білдіре отырып, Астана халықаралық форумына Қатар үкіметі мен бизнес өкілдерін бастап келгені үшін алғыс айтты.
Мемлекет басшысы Қатар Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтіп, бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы ынтымақтасты одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.
«Таяу арада екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы кезеңде біз тиімді мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Сындарлы саяси диалог құрдық. Былтыр Сіз елімізге мемлекеттік сапармен келдіңіз. Сондай-ақ жуырда Қазақстан Премьер-Министрі Қатарға сапармен барып келді. Бұл – дәстүрлі достық пен берік әріптестіктің айқын дәлелі. Сіз мемлекеттеріміздің арасындағы ықпалдастықты тереңдетуге зор үлес қосып келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Қазақ-қатар байланыстарын нығайту үшін Сізбен бірлесе әрекет етуге әрдайым дайынмын. Қатар инвесторларына барынша қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасаймыз», деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Қатарға жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60-қа жуық өнім түрінің экспортын арттыруға дайын. Сондай-ақ іскерлік байланыстарды нығайту үшін екі ел арасында тікелей әуе қатынастарын ашу маңызды.
Кездесу барысында Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни құрмет көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
«Астана халықаралық форумына шақыруыңызды қабыл алып, Қазақстанға келіп отырмын. Бұл – мен үшін зор құрмет. Былтыр қазан айында Қазақстанда кездескеннен кейін тағы да жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бұл – былтырғы келіссөздер барысында бауырлас Қазақстанмен арадағы қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын пысықтауға тағы бір мүмкіндік. Менімен бірге Қатардың іскер топтарынан құралған үлкен делегация келді. Бұл екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың табысты болуына жол ашады деп ойлаймын. Түрлі саладағы екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Біз басқа да бағыттардағы ынтымақтастықтың ауқымын кеңейтуге ниеттіміз», деді шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни.
Кездесу барысында тараптар еліміздің Қатар инвесторларымен мұнай-газ, тау-кен және металлургия, ауыл шаруашылығы, медицина, қаржы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.