Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Жазушылар одағының 23 мүшесі бар. Өңір басшысы жақында осы қаламгерлермен кездесіп, бұдан былай дәстүрге айналатын облыс әкімінің бір реттік стипендиясын табыс етті.
Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі, одақтың батыс облыстар бойынша хатшысы Бауыржан Халиолла облыс әкіміне жергілікті қаламгерлерді жақын таныстырып, әдебиет саласындағы кейбір келелі мәселелерді айтып өтті. Жақында ғана Алматы қаласында өткен Қазақстан жазушыларының кезекті XVI құрылтайына оралдық ақын-жазушылардың ұйымшылдықпен барып-қайтуына қолдау білдіргені үшін өңір басшысына алғыс айтты.
Кездесуде Ақжайық қаламгерлерінің ақсақалы, 83 жастағы ақын Айтқали Нәріков сөз алып, Нариман Төреғалиұлына өзінің жаңа кітабын сыйға тартты. Бұдан кейін ақындар Дариға Мұштанова, Ғайсағали Сейтақ, т.б. сөз алып, әдеби кітаптардың таралымы, жаңа шығармашылық жобалар туралы айтып өтті. Қаламгерлер Ақжайық өңіріндегі ақын-жазушылардың алдағы уақытта оқырманды қуатты шығармаларымен қуанта беретінін жеткізді.
Жиын барысында Бауыржан Халиолла соңғы кездері сырқаттанып, әдеби ортадан сырт қалып жүрген қайраткер ақын Айсұлу Қадырбаеваға дәл осындай бір жолғы стипендия табысталатынын айтты.
Батыс Қазақстан облысы