Жасыратыны жоқ, бұрын Свердлов қазіргі Бекетай би мен Құрманғазы Сағырбайұлы көшелері бойына орналасқан су колонкалары жазда екібастан, ал қыс айларында қатып қалмау үшін үздіксіз ағып тұрған таза сумен шайылып тұрғандықтан сордың иісі шықпайтын. Ал қазір ше?
Осы маңайда тұрған халық бұл тұзды сорды қадірлейтін. Ем-дом ретінде қырық күн шілде айында суына жатып емделетін. Әсіресе, буын ауруына бірден-бір ем еді. Айналасы тізеге келетін екі түрлі сораң шөптер, көкпеңбек болып өсіп тұратын. Мұны көз көргендер біледі. Енді міне, осы жерде целлофан қалталардың неше түрі, қалдығы қимен аралас малдың қыстайғы жеген шөбі, тіпті иттің өлімтігіне дейін кездеседі. Соның исі шығып, қолқаңды атады. Қысқасы, бүгінгі таңда осы тұз сордың айналасы лас-қоқысқа толы. Әсіресе, жаз айларының ыстық күндерінде демікпесі барларға қиын.
Сондықтан аты аталған сорды құрғатып барып, топырақпен көмуді ойластыру керек. Сол сорды көмуге қаншама машина көшпелі құм кеткенін де білеміз. Бірақ бұл сор болса, бір күндері бетіне шықпай ма? Демек, ол жерлер – сор емес. Төбешік жерлерді қуалай аққан жаңбырдың, қардың сулары жиналып келіп, тақыр жерді сортаң қылған. Мұндай жердің көкіманын өз көзіммен көргенімді айтайын.
Осы күнгі Арал теміржол стансасының екі қабатты зәулім мекемесі орналасқан жер кезінде су сор болып жататын. Бұл ғимаратты әскери құрылыс бөлімі салды. Алдын ала зерттеген, жобалап іске кіріскенде көрген адамдар таңқалды. Ұзындығы 4 метрлік, ұшы үшкір темір-бетон бағаналарды қазық қылып қағып, жерге сіңірді. Оның үстін бетон плитамен жауып, кірпіш өріп тұрғызды. Әне, құрылыс деп осыны айт. Біз болсақ, жердің үстіне қалыппен цемент араластырып лай топырақ құямыз. Болмаса, тізеге жетпес жер қазып, тас төгіп, құрылыс саламыз. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені қазіргі Тәуелсіздік алаңының орны – бұрыннан бері соры шығып жатқан шылқыған сулы жер. Соны топырақпен көмгендей етіп, орнына сауда орындарын, тіпті тойхана салып мәз мейрам болдық. Халықтың қауіпсіздігін ойлап жатқан ешкім жоқ. Әйтпесе, әскери құрылыс бөлімі салған ғимарат сияқты басы үшкір темір-бетон бағаналарын жерге сіңіріп салғанда бұл ой тумас еді.
Тұзды сор дегенді екіге бөліп қарауға болады. Тұзды деп отырғаным – беті сор болғанымен астында кристалл тұздар. Мұны мен аяқ буыным ауырғанда, сорға түссең жазылады дегенге бір-екі рет пәрмен жасап көрдім. Күн қызбай тұрып күрек, лом сияқты сайманымды алып келіп, тұзды сорға денең түгел (мойныма дейін) бататындай етіп, оп-оңай ойық жасамақшы болып едім, күрегім батпады. Сонымен не керек, ломмен ойып, тұздарды күрекпен шығарып, әжептеуір орын дайындадым. Суы да бетіне шылқып шықты. Мұздай екен. Жылысын деп екі-үш сағатқа дейін үйіме барып келсем, әлгідегі су түбінде қалған тұздар тастай ұйысып қатқандықтан, арқама батып, жата алмадым. Сонда ғана тұз беті сор болғанымен, асты кристалл тұз екенін байқадым.
Тұзды сордың шығыс жақ беткейіндегі төбенің «Пятый гость» сондай-ақ «Диірмен төбе» деген атауы болған. Осы «Диірмен төбеде» 1958 жылы «Арал тұз» комбинаты болып ұйымдастырылғанға дейін тұз өндірудің артелі, акционерлік қоғамының тұз тартатын орны болған. Ол кезде жұмысшылар көлдің (Жақсықылыш) бетінен тұзды сыпырып, ломмен ойып, жинап, ағаш кабиналы «Омр» машинасының қорабына күрекпен тиеп, осы жерге әкеліп түсіретін-ді. Мен мұны екінші сыныпта оқығанға дейін көрдім. Тақтайдан тұрғызылған, төбесі жабылған бұл орынның ішінде тұз тартатын диірмен орналасқан. Тартылған тұзды қап-қабымен ішіне жинайды. Теміржолға жақын әрі тұзды жуатын таза су қасында, яғни «Райым» су айдау мекемесінен керамика – Николай құбырлары арқылы келіп тұр. Тұз тартатын диірмен көшіп кеткеннен кейін ол паровоздарға су беретін колонкаға бейімделді. Қазір бұл да түс көргендей жым-жылас. Диірменнің жанында тұзды таза сумен жуатын орын да болды. Осы жерден шыққан ағынды су тұзымен қоса қазіргі Ы.Алтынсарин және М.Төлебаев көшелерінің ортасынан төменге қарай жылға жасап тақыр алаңға құйылып тұратын. Мен көрген тұз диірмені алдында және кейін неше жыл істегенін білмеймін. Әйтеуір, теміржол вокзалының қақ мандай алдындағы тап-тақыр жерді тұзды сорға айналдырып жіберді.
Осы кескінмен тұз сор тұра берсе, енді он-жиырма жылдан кейін иістің көкесін көретін шығармыз! Жан-жақтан құйылып жатқан таза тұщы су жоқ, оның үстіне лас-қоқыс тасталмай тұрмайды. Сондықтан да әлі де кеш емес, бұл тұзды сордың астын қазып, ас тұзы емес, яғни техникалық тұз ретінде ірі қалалардағы қазандықтарды жууға, болмаса малдың жеміне араластыруға және басқа да қажеттілікке пайдалануға болады.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қызылорда облысы,
Арал қаласы