Таным • 07 Маусым, 2023

«Арқада бір өзенді дер Обаған...»

1811 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Обаған – Қостанай өңірінің оңтүстігіндегі Шолақсай маңындағы далалық алқаптан бастау алып, солтүстіктегі Тобыл өзеніне құятын, ұзындығы 370 шақырымнан асатын өзен. Ол өзінің ағыс жолында Құсмұрынға құйып, Қарақамыс, Теңіз сынды бірнеше ірі көлді жағалай келе Тобылмен тоқайласып, одан әрі Ертіске, Ертіс – Обьқа, Обь – Қар теңізіне, Қар теңізі Солтүстік мұзды мұхитқа ұласады. Демек, Обаған – Ұлы дала төсіндегі кішігірім жылғалардан басталып, алыстағы алып мұхит қойнауында байыз табатын өзен.

«Арқада бір өзенді дер Обаған...»

1 сурет. Ақтөбе уезінің Батпақты және Бестамақ болыстары жерінен үзінді.

Көмескіленген түбір

Обаған – құпиясы жасырылған, мағынасы көмескі тартып, жұмбаққа айналған гидронимнің бірі. Бұл атау – табиғи тұрғыда біртұтас түбір емес, кіріге біріккен сөз. Сол себепті аталмыш атаудың түп-төркіні туралы лингвист ғалымдардың арасында толық тиянақты пікір қалыптаспаған. Бір топ тілші ғалымдар моңғол тілінде «оба» түбірі «қорған, мола, бейіт» де­ген­ді білдіреді, ал «ған»-ды «бір нәр­сенің көптігін, молдығын білдіретін» қосымша деп таниды. Бұл пікірді қуат­тайтын ғалымдар топонимикалық әпса­налардағы (легендалардағы) «оба (мола) қалғандықтан» «Обаған» деп аталады деп аңыздалатын халықтық этимологияның дерегін басшылыққа алғаны анық.

Екінші бір топ ғалымдар, айталық, Ә.Нұрмағамбетов, Т.Жанұзақовтар «оба» түбірі моңғол-қалмақ тілдерінде «тас үйін­дісі», «үю» деген мағынада қол­­даны­латынын айта келе, Сібірді мекен­дейтін эвен халқындағы эвен тілінде «оова» – «ойпат жер» дегенді және эвен тіліне жататын топтың бірінде «убгэн» деген сөз бар екені және ол «өзен табанында кездесетін тас» мағынасын беретіндігін ескеріп, бұған қоса әзербайжан тіліндегі «ова, овалаг» деген «жазық, тегіс», түрік тіліндегі «ova» «жазық» деген мағынаны білдіретінін, ал «ган/ған» көне түркі тіл­дерінде «өзен», «су» мәнін білдіретінін тіл­ге тиек ете келе, «Обаған» атауы – «жа­зық, тегіс жерде ағып жатқан өзен» мә­нінде қойылған деп пайымдайды.

Бұл тұста соңғы топтағы тілші ма­­ман­дардың пікіріндегі «Обаған» атауы­ның өзен, сумен, ойпатты жермен байланыстылығы деген тұжырым қи­сынға әбден қонады. Адамзат баласының қор­шаған ортаны тануы және ол тура­сындағы таным-түсінігінің өрлеу өрісі қарапайымдылықтан күрделілікке, таяздан тереңге қарай өрбиді. Біздер осы қарапайым пайымға сүйене келе, «Оба­ған» атауының құпиясын «су, өзен» ұғы­мымен байланыстыра отырып ашу дұрыс жол деп танимыз.

Бұл орайда, алдымен, Обаған атауы­ның жазбаға түскен алғашқы топо­гра­фиялық деректерге назар аударамыз. Өзеннің атауы туралы көне топо­графиялық жазбаның бірі – 1840 жылы Сібір және Орынбор қазақтарының шекарасын белгілеу мақсатында жазылған «Топографические описание части границы между киргизами Сибирского и Оренбургского ведомости в 1840 году» атты құжат. Құжатта Обаған атауы «Абу­гани» деп беріліп, өзеннің батыс жақ беті Орынбор қазақтарының, шығыс жақ беті Сібір қазақтарының жері деп белгіленеді.

Патшалық дәуірдің кейінгі кезең­дерінде қазақ жерінің картасын сызып, жер-су атауларын жергілікті халық тіліндегі дыбысталу ерекшеліктеріне жа­қын транскрипциямен беруді ұстанған орыс тілді топограф мамандар Обағанды «Убаган» деп орнықтырған. Бұл арада ерекше айта кететін мәселе патша заманында дайындалған карталарда то­пограф мамандар жер-су атаула­рын жергілікті халықтың тіліндегі ды­бысталуға мейлінше сәйкестендіріп беруді ұстанғаны байқалады. Оған мысал ре­тінде, жоғарыда аталған, Құсмұрынды «Кушмурун» деп транскрипциялағанын атап өтуге болады. Демек, қазіргі «Оба­ған» кезінде «Үбәгән» немесе «Ұбаған» деген вариациялармен аталуы да әбден мүмкін.

Аталмыш деректерден нендей қоры­тынды түюге болады? Бірден бай­қа­латын көрініс – қазіргі қазақ тіліне сөз бастауы «о» дыбысымен орныққан атау­дың орыс тіліндегі нұсқасының тұрақ­сыздығы. Олай болса, «Обаған» атауының басындағы «о» дыбысы, әу баста қазіргідей тұрақты емес, ол «ү» немесе «ұ» дыбыстарымен айтылғаны да ғажап емес. Жалпы, түркі тілдерінде «о», «ү», «ұ» дыбыстарының жасалу ұяшығы бір. Ол – еріндік акустика. Демек, бұлар ауызша сөйлеуде бір-бірін ауыстыра беруі әбден мүмкін. Мұны неге тәптіштеп баяндап отырмыз. Себебі біз Обаған гидрониміндегі алғашқы түбір «оба» немесе «үбе» (ұба) түбірінен тұр деп санаймыз.

 

Миф қоржыны

«Оба» түбірін тілші ғалымдар ерте тарихта Сібір өңірін жайлаған иран тектес халықтардың тілінен қалған жұрнақ деп танып, оған мысалға Сібірдегі атақты Обь өзенінің атауын мысалға келтіреді. Бұл пайым – ғылымда әбден орныққан пікір. Көне ирандықтар оңтүстікке қа­рай жылжып, оның орнына шығыстан келген түркі-моңғол тектес халықтар орныққан кезде «оба» сөзінің «үбе» (ұба) түріндегі нұсқасы пайда болады. «Үбе» нұсқасындағы гидронимге Башқұртстандағы Үфә өзенінің атауын мысалға келтіруге болады. Башқұрттық ғалымдардың басым көпшілігі аталмыш гидронимнің мағынасын иран тіліндегі су ұғымын беретін «оба» немесе түркі тіліндегі «тас үйіндісі, қорған» деген мағына беретін «үфә» сөзінен туындатады. Түрколог ғалымдар «ф» дыбысын түркі тіліне араб тілінен ауысқан фонема деп санайтыны белгілі. Олай болса, «үфә» дегеніміз түрік тілінде айтқанда, «үбә», «үбе» болып шығады.

Осы тұста өте қызықты мәселені атап өткіміз келеді. Қазақ тілінде «үбе» деген ұғым өзен, су конгитивіне қатысты айтылады. Ертедегі қазақтар су иесін «үббе» деп атаған. Мұны біз 1888 жылы Санкт-Петербург қаласында жарияланған М.Миропиевтің қазақша әрі орысша мәтінде жариялаған «Демонологические рассказы киргизов» атты еңбегінен көре аламыз. Оған жинаушы 27 мифтік әңгімені кіргізген. Сол әңгімелердің 13-16 аралығындағы жиынтығы – су иесі Үббеге байланысты мифтік әңгімелер. Оқырманға түсінікті болу үшін сол шығармадан мынадай қысқаша үзінді келтіре кеткенді жөн санап отырмыз: «Өткен заманда бір қалада Аманқұл атты кісі болыпты. Аманқұлға қатыны тамақ пісіруге су жоқ деген соң су алып келейін деп, қолына шелек алып, дарияға келіп, шелегін суға толтырып, өзі салқындайын деп суға түссе, Үббенің жасаулы келіп су түбіне тартып кетіпті».

Қысқа үзіндіден көріп отырғаны­мыздай үббе – өзен, су иесі. Демек, баш­құрт­тарда үбе ұғымы «тас үйіндісі», «қорған» түрінде орнықса, қазақ жұрты оны «өзен», «су» когнитивіне қатысты ұғым­дар қатарында да сақтап қалған. Айт­­пақшы, Торғай облысы уездерінің патша заманындағы көне карталарда кез­десетін Убейты өзені (Ақтөбе уезі), Эбе­­лей көлінің (Қостанай уезі) гидро­ним­­дерінде «үбе» (ұба) түбірінің тұрғаны сөзсіз.

Үббе когнитиві қазақ арасында кісі есімдерінде де кездеседі. Мысалы, Торғай уезінің басшысы полковник Яковлевтің басын жарған оқиғаға қатысы бар деп Сібірге жер аударылған Шошақұлы Ақтастың (Ахмет Байтұсынұлының ағасы) зайыбының есімі – Үбіжан. Сондай-ақ белгілі ғалым Қойшығара Салғараұлының жазуынша, Торғай өңірінде ел арасында «Үбедей батыр» атты қазақ ертегісі айтылып келген.

 

Оба және өзен-көлдер атауы

Ендігі тұста «оба» түбіріне келейік. Патша заманындағы Торғай облысының ескі карталарына назар аударсақ, аймақта «оба» түбіріне қатысты атаулардың жиі кездесетінін байқаймыз. Мысалы, 1910 жылы жасалған Ақтөбе уезінің картасында 45-тен астам «оба» атауымен бе­рілетін топонимика бар. Олардың қата­рында Қара оба, Сары оба, Қызыл оба, Боз оба, Қос оба, Бес оба, Үш оба, Жар оба сынды топонимикалар өте жиі кездеседі. Сонымен қатар үш сөзбен ұйысып келетін атаулар да ұшырасады. Бұған Қарағанды сай оба, Биік сары оба, Қызыл жар оба, Қайын тұз оба, Тұз бұлақ оба, Самай сары оба, Үлкен қара оба, Кішкене сары оба, Жармасай сары оба деген атау сөздерді айтуға болады (1 суреттегі жұлдызшамен айшықталған атау­ларға қараңыз).

Сондай-ақ Қостанай уезінің патша заманындағы карталарында Обалы көл, Обалы тау, Қос оба, Ақ оба, Қара оба деген өзен-көл атаулары бар (2 суреттегі жұлдызшамен айшықталған атауларға қараңыз).

мсчи

2 сурет. Басаман және Аманқарағай орманы маңындағы өңірден үзінді.

 Аталған карталардағы оба атауына қатысты топонимиканың басым көп­шілігі сай-салаға, сондай-ақ көлдерге қатысты болып келеді. Сай-саладан су ағатыны белгілі. Нақты фактілерге сүйене отырып алға тартылған аталмыш мысалдар «оба» түбір сөзінде «тас үйіндісі, қорған» деген мағынамен қатар «өзен», «көл», «су» деген синонимдік ұғым бар екендігін білдіреді. Оба атауымен келетін топонимика Шығыс Қазақстан, Абай, Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында қазіргі күнге дейін сақталып жеткен. Қарағанды қаласының іргесінде Бесоба деген кішкентай өзенше бар. Кезінде құрылысшылар бұл маңға көп қабатты түрғын үй тұрғызып, онысы омақаса құлағаны көз алдымызда.

 

Обаған немесе Сужарған

Әлқисса, енді осылайша түркілік дүниені жан-жақтан қармай келе, о бас­тағы ой арқауы «Обағанға» оралайық. Ол атаудың бірінші түбірі «өзен-су» деген мағына беретін «оба», «үбе» деген сөзден тұрғаны анық. Ал екінші сыңарында сол судың (заттың) қимылын әрекетін (ағысын) білдіретін анықтамалық мағынада сөз тұратыны сөз тіркесінің табиғатына сәйкес. Осы тұрғыдан келгенде, біз атаудың екінші сыңарында етістіктен есімше мағынаға ауысқан «жарған» деген сөз жасырын тұр деп санаймыз. Себебі өзеннің географиялық орналасуы бізді осы қисынды ұстауға итермелейді. Обаған – ұшы-қиырсыз кең далалық өлкені оңтүстіктен солтүстікке қарай қақ жарып ағып жатқан өзен. Олай болса, «Обаған» деген топонимнің қазақша мағынасы «Сужарған» дегенді білдіреді. Кең айдынына қос түбек сұ­ғынып жатқан Құсмұрын көлінің гео­графиялық болмысын дәл таныған қазақ төскейден ылдиға қақ жара озған Об­а­ғанды оның табиғи болмысына сай тануы әбден мүмкін деп ойлаймыз.

Қай нәрсенің болмасын ақиқатын танудағы әдістің бірі – салыстыру. Сол әдіске сүйеніп айтатын болсақ, Торғай даласында «Сужарған» деген белгілі өзен бар екенін, сонымен қатар су ағатын сай-саланы қазақтар «жар», «жарма», «жарған» деп те атайтынын ескергеніміз абзал. Жоғарыда келтірілген Ақтөбе уезіне қатысты картада «Жар оба», «Жармасай сары оба» деген топонимика бар. Бұл көне «обаға» қазақша «жардың» қосылып айтылуына нақты мысал бола алады деп ойлаймыз.

Түйіндей келгенде, көне түркі ті­ліндегі «оба», «үбе» түбіріне қазақ­ша­ланған «жарған» сөзі кіріге бірігіп, «Обажарған» (Үбежарған) деген атау пайда болып, біріккен сөздердегі ды­быстардың позиция­сына байланысты ол айтуға ықшамдалып, жұтыла қысқарып «Обаған» деген гидроним түзеген. А.Байтұрсынұлының лингвис­тикалық пайымдарында сөздің тү­зе­луінде дыбыстың позициясы ерекше екені айтылады. Басқаша айтсақ, сөз дегеніміз – дыбыстардың қосындысы. Дыбыстар бір-бірімен үйлеседі, үйлес­пегені түрлі жағдайға кезігіп, сөз формасын өзгертіп отырады. Біз сөз етіп отыр­ған атаудың екінші бөлігіндегі есім­шелік мағынасындағы «жарған» сыңары бірінші түбірмен үйлесе алмай, қысқара келе «ғанға» айналған.

 

Қараоба – қарасу – қопа

Обаған өзенінің алқабында «Қараоба» және «Қарасу» деген белгілі тарихи мекендер бар. Қарасу – «Қараобаның» қазақшаланған үлгісі. Демек, Қараоба – толық қазақшаланбаған атау. Жалпы, түріктер жайлаған өлкелерде өзен-көлдердің ағысына және оның су қоймасы ретінде жиналуына қатысты «Ақсу», «Қарасу» деп бөлу көрінісі бар. «Ақсу» ағысты өзендерге қатысты айтылады. Ал «Қара су» деп өзен тасығанда немесе қар суы мен жауын-шашыннан түзелетін, ағысы жоқ немесе өте баяу өзендер мен су қоймаларын, көлдерді атайды. Мұндай су қоймаларының кейбірін қазақтар «қопа» дейді. Бұл «Қараобаның» қысқарып, ауызекі тілге ықшамдалған түрі деп топ­шылауға болады.

«Оба» түбірі Қазақстандағы белгілі өзен­дердің атауларында кездеседі. Айта­лық, Моңғолиядан түркі-моңғол тектес халықтардың миграциясы арқылы Ақтөбе өңіріне ауысқан Қобда өзенінің, сонымен қатар Қостанай аймағындағы Тобыл (Тобұл) гидронимінде су ұғымы түрлі пози­цияда тұрған «оба» түбірі бар екендігі байқалады. Бұл өзендердің қар суы мен жауын-шашыннан көбейіп көктемде қатты таситынын ескерсек, аталмыш гидронимде өзен­нің мезгілдік тосын мінезін (Тентек су, Бұзылық су) немесе олардың табиғи басты бір ерек­шелігін айқындайтын түсініктер орын алған деп бағамдаймыз.

Қорыта келгенде, төскейден теңізге «оба» түбірлес өзен атауларымен жал­ғасып барып, Солтүстік мұзды мұхитқа ұла­сатын Обаған өзеніне біз салған «қар­маққа» осындай «сыр сандық» ілікті. Өзен­ге қармақ салуға әркімнің еркі бар. Бір­ақ оның мәні қармаққа ілінген затта деп ойлаймыз.

 

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,

филология ғылымдарының

докторы, «Күлтегін» сыйлығының лауреаты

Соңғы жаңалықтар

Көп күттірген күрежол ашылды

Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2024

Климаттың өзгерісі әлемді алаңдатады

Экология • 07 Желтоқсан, 2024

Жас зерттеушілер форумы

Форум • 07 Желтоқсан, 2024

Ілкімді жобалар ілгері оздырады

Экономика • 07 Желтоқсан, 2024

Атакәсіпті ардақ тұтқан

Еңбек • 07 Желтоқсан, 2024

Талабы таудай тас қопарар

Маман • 07 Желтоқсан, 2024