
Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі іс-шараға сегіз елден келген 250-ге жуық қолөнер шеберлері қатысып, өздері жасаған бұйымдарды әулиеаталық әлеуметтің назарына ұсынды.
«Қазақ пен қырғыз ежелден бауырлас халық екені белгілі. Бұл көрмеге біз де асығып жеттік. Алатаудың арғы жағынан келген әріптестер киізден, жүннен тоқылған бұйымдарын алып келді. Біздің шеберлердің қолынан шыққан өнімдер жергілікті халық тарапынан зор қызығушылық тудырды. Сатып алғандар да жоқ емес.
Мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса, ешкім ұтылмайды. Бауырлас халықтар арасындағы қарым-қатынас нығаяды, қолөнер шеберлері өзара тәжірибе алмасып, жаңа бағыттарды меңгеруге мүмкіндік алады. Қысқасы, іс-шара баршамыз үшін тиімді екені даусыз», дейді Қырғыз Республикасы Жалал-Абад облысынан келген Тотықан Өскембаева өз ойымен бөлісіп. Өңір басшысының бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің айтуынша, өңірде қолға алынған мұндай ауқымды іс-шаралар Таразға туристерді тартуға молынан мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ шаһардың тарихи бет-бейнесін қалыптастыруға септігін тигізеді.
«Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Тараз ежелден сауда мен қолөнердің орталығы саналғаны әлімсақтан аян. Екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһар түркі мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде де мойындалған. Қысқасы, әулиеаталық әлеумет тарихы тереңде жатқан қаланың өткенімен мақтанады.
Өңірде туризм саласын өркендетуге айрықша назар аударып отырмыз. Сол үшін де Әулиеата жерінде ауқымды іс-шаралар жиі ұйымдастырылып жатыр. Өйткені Жамбыл өңірінде туризмді дамытуға барлық мүмкіндіктер бар екеніне талас жоқ. Ал «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты екінші халықаралық көрме қаланың тарихи бет-бейнесін қалыптастыруға мол мүмкіндік беретініне ешкім шүбә келтірмесе керек», дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров.
Бірнеше күнге созылған қолөнершілер көрмесі жергілікті жұртшылықтың көңілінен шықты. Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі Азия-Тынық мұхиты аймағының президенті Азиз Мұртазаевтың айтуынша, Таразда өткізген халықаралық көрмеден еліміздегі өзге шаһарлардың билігі үлгі алуы керек.
Тараз төрінде ұйымдастырылған көрмеге еріктілер де белсенді түрде атсалысты. Олар алыс-жақын шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандарға қолдан келген көмегін аянған жоқ.
«Өңірде екінші рет өткізілген халықаралық көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы үшін «Аспара» колледжі барынша қолұшын берді. Биыл іс-шараның географиясы да кеңи түскен. Азиядан бөлек, Еуропа елдерінен келген 250-ге жетеғабыл қолөнершінің көне шаһарда бас қосқаны – сөзімізге дәлел.
Өңірге ат басын бұрған шетелдіктердің ішінен үндістандық қолөнер шеберіне көмектестім. Жергілікті халық отандық шеберлермен қатар шетелдік азаматтардың бұйымдарын сатып алып жатты. Көбінесе білезік секілді нәзік жандыларға арналған бұйымдардың жедел өткенін байқадым», дейді еріктілердің бірі Балауса Тұрар.
Бірнеше күнге созылған халықаралық көрме аясында Таразда кәдесый өнімдерінің жәрмеңкесі, қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаты, жас суретшілер арасында байқау ұйымдастырылды. Сондай-ақ Тараз топырағына табан тіреген мәртебелі меймандар көне шаһардың көрікті жерлерін аралап, тарихымен танысты.
ТАРАЗ