Қылмыс • 07 Маусым, 2023

Киберқылмыс құрықталмай тұр

1476 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Киберқылмыс – еліміздегі алаяқтықтың ең көп тараған түріне айналды. Интернет кеңістіктегі қызмет көрсету аясы кеңіген сайын бұл қылмыстың түрі де қарқын алып, айла-тәсілі де түрленіп келеді. ІІМ-нің мәліметінше, өткен жылы телефон және интернет алаяқтары ел тұрғындарын 15 миллиардтан астам теңгеге шығынға батырып кеткен. ІІМ-ге қарасты Киберқылмыспен күрес орталығы басшысының орынбасары Рүстем Дүйсетаевтың айтуынша, киберқылмыс, соның ішінде интернет пайдаланушыларға қатысты алаяқтық деректерді әшкерелеу біліктілікті қажет етеді.

Киберқылмыс құрықталмай тұр

Жақында ғана Павлодар облысында киберқылмысқа қатысты тағы бір дерек тір­келді. Интернет алаяқтың ескі сызбасы бо­йынша әрекет еткен әккілерге 90 жас­та­ғы кейуана 13 миллион теңге қар­жысын ұс­тата салып, артынан сан со­ғып қалған. Зейнеткерге алғашында бел­гісіз бір ер адам қоңырау шалып, «Қы­зы­ңыздың кінәсінен жол-көлік апаты бол­ды, бір адамды қағып кетті. Өзі де түр­лі жарақаттармен ауруха­нада жатыр. Қызы­ңыз­ды қылмыстық жауап­кершілікке тартпай аман алып қалып, мәселені шешу үшін ақша аударуыңыз керек» деген. Біраз уақыт­тан кейін қарияның үй телефонына қы­зы­ның дауысына ұқсас әйел хабарла­сады. Ауырсынған, қобалжыған дауыспен әлгі әйел «Апатқа ұшырадым, маған шұғыл түрде 20 млн теңге көлемінде ақша керек» деген. Апақ-сапақта не болғанын түсінбей абдырап қалған кейуана қоңырау шалған адамның даусын ажырата алмаған. Алаяқ­тар ақшаны Руслан есімді жігіт алып кететі­нін де ескертіп үлгереді. Қызының шыны­мен қиын жағдайға тап болғанына сеніп қал­ған қария жинақтары мен зейнетақысынан 13 млн­ теңге қаражатты қолма-қол ақ­шаға аударып алады. Көп ұзамай үйіне өзін Рус­ланмын деп таныстырған бір жігіт ке­ліп, ақшаны санап алып кетеді. Іс бітті, қу кетті деген осы.

Қазіргі уақытта бұл әккілердің кім еке­нін, олардың қайдан хабарласқанын анық­тау мақсатында жедел-іздестіру іс-шара­лары жүргізіліп жатыр. Ал облыстық ПД криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаровтың айтуынша, жыл басынан бері тоғыз павлодарлық дәл осындай тәсілмен әрекет еткен алаяқтардың «құрған тұзағына» түсіп, айдың күннің аманында 25 миллион теңге қаржысынан айырылып қалған.

Сарапшылар еліміздегі 10 интернет алаяқтың жоқ дегенде жетеуі жаза­дан құ­­ты­лып кететінін алға тартып отыр. Олар­­дың айтуынша, киберқылмыс Қазақ­стан­­­дағы алаяқтықтың ең көп тараған түрі­­не айналғаны соншалық, азын-аулақ ақша­сынан айырылғандар құқық қор­ғау органдарына жүгінбейтін болған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы интер­нет алаяқтарға 36 мыңнан астам адам ал­данып қалған. Ал жыл басынан бері кибер­қылмыс қайтадан өршіген. Қаңтар-ақпан айларында құқық қорғау органдарына онлайн алаяқтардың арбауына түскен 3 400 адамнан өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп.

Киберқылмыспен күресушілердің ­айтуынша, онлайн сауда – киберқылмыс­тың ең қызған алаңы. Сауда-саттықтың та­ралған әдісі де кең және көбіне бірін-бірі қай­таламайды. Тағы бір айта кетерлігі банктер мен микрокредиттік ұйымдарда жал­ған онлайн несиелерді тіркеу фактілері де азаймай отыр. Мұндай деректердің дені түрлі жобаларға – инвестиция, бәс тігу, ойын­ға және тағы да басқа ақшаны тиімді инвес­тициялау деген желеумен жасалған.

«Мәселен, фишинг сілтемелерді жіберу арқылы азаматтардың шоттарынан, оның ішінде жеке кабинет құру немесе оған қо­сылу арқылы өткен жылы 1200 алаяқтық ұр­лық жасалды. Банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдары атынан қоңырау шалу арқылы алаяқтық жасау ерекше алаң­даушылық туғызып отыр. Жыл басынан бері осы әдіспен 3 мыңнан аса алаяқтық жасалған. Мұндай жағдайларда алаяқтар абоненттік нөмірді өзгерту үшін арнайы қызметтерді белсенді пайдаланады. Яғни, орнатылған бағдарламаның көмегімен ­шынайы абоненттік нөмір басқаға ауыс­тырылады», дейді Рүстем Дүйсетаев.

Кейінгі бірер жылда банк қызметкерлері­нің атынан жасалған телефон алаяқтық­тары жиілеп кеткенін құқық қорғау орган­дары ғана емес, қаржы мамандары да мо­йын­дап отыр. Мамандардың айтуынша, қыл­мыскерлер нөмірді ауыстыру қызметіне көп жүгінеді екен. Өткен жылы полиция қыз­меткерлері дәл осы тәсілмен жасалған 3600 қылмысты анықтаған. Осыған байланысты ІІМ оларды бұғаттау мәселесін көтеріп, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «Ксеll», «КаР-Тел», «Altel» және «Теle2» ұялы байла­ныс операторлары­ның антифрод-жүйелері­нің дерекқорларын бірік­тіруді қолға алған. Қабылданған тех­никалық шаралар отандық абоненттік нө­мірлерге халықаралық трафик арқылы өте­тін фрод-қоңыраулар­ды тануға және бұғаттауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде өт­кен жылдың 6 айында 19 млн алаяқтық қоңырау бұғатталса, биыл 15 миллионнан астам қоңырау анықталған.

Осындай қылмыстарды жасауға қатысы бар адамдарды анықтау, оның ішінде «Сall-орталықтар» деп аталатын қызметті бейтараптандыру және жолын кесу бойынша да шаралар қабылданып келеді. Мәселен, өткен жылы ел аумағында интернет алаяқ­тық кезінде ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 5 транс­­ұлттық қылмыстық топ анықталып, жо­лы кесілді. Өткен жылдың желтоқсан айын­да Украинаның ұлттық полициясымен бір­ге Днепропетровск облысының аума­ғында арнайы операция жүргізілді. Нәти­жесінде, отандастарымызды алдаумен айна­лысқан Украинаның 32 тұрғынынан тұратын қылмыстық топ әшкереленді. Қабыл­данған шаралардың нәтижесінде IP-теле­фонияны пайдаланумен байланысты теле­фон алаяқтығының саны екі есе төмен­дегенін атап өткен жөн.

Алайда ІТ маманы Тимур Бектұр кибер­қыл­мыс жасағысы келген адамға кәнігі хакер болу міндетті емес екенін айтады. Сарап­шы бұл пікірін ІТ қауіпсіздік пен хакер­лік әлеміндегі мына бір жаңалықпен бай­ланыстырады.

ІТ әлемінде клауд компьютинг дамыға­лы бері SaaS (Software as a Service), IaaS (Infrastructure), PaaS (Platform) деген сияқ­ты қызмет түрлері белең алған. «Бұл – ІТ қызметтердің демократиялануы яғни белгілі бір ІТ білімі мен тәжірибесі жоқ адамдардың ештеңеден қысылмай, кәсіби деңгейдегі ІТ қызметтерді өзі игере беруі үшін жасалған. Сол сияқты, құр жатпай­тын киберқылмыскерлер мен хакерлер әлемінде де «CaaS» және «MaaS» дейтін термин­дер қалыптасты. Бұл – киберқылмыс жасағы­ңыз келсе, сіздің кәнігі хакер болуыңыз міндетті емес деген сөз. Бар болғаны тіс қаққан киберқылмыскердің жасаған серви­сін жал­ға алып, ары қарай өз қара ниет, ­жаман пиғылыңызды жүзеге асыра берсеңіз болғаны», дейді ІТ маман.