«Бұдан былай енді өзіміз емдейміз. Екі нейрохирург пен бір жақсүйек-бет хирургі Израильге, Германияға оқуға барады. Олар жаңа аппараттармен жұмыс істеуді үйренеді», дейді аурухана директоры Арғын Бидайбаев. Ал дәрігерлерді оқытуға бюджеттен арнайы қаражат бөлініп отыр.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бибігүл Төлегенова ол соманың 200 млн теңге көлемінде екенін атады. Дәрігерлердің біліктілігін шыңдау мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта осында шетелдік дәрігерлер арнайы шақырылатын болады. Олар біздің мамандарға шеберлік сыныптарын өткізеді. Осылайша, балаларды емдеу дами түспек.
Жалпы, ауруханада маман тапшылығы жоқ. Басқарма ауруханада 128 педиатрдың, 136 медбикенің толықтығын жеткізді. Аурухана көпсалалы болғандықтан, онда жоспарлы ем, шұғыл көмек секілді барлық қызмет көрсетіледі.
«Жабдықтардың барлығы заманауи. КТ бар, МТР күзге қарай келеді. Жапониядан арнайы әкелінген жеті төсек бар. Ол күйік шалған балаларға арналған. Күйік шалған балалар жиі түседі. Бұл төсек баланың терісі мен сүйегі ойылмауына ыңғайланған әрі бактерияларды зарарсыздандырады. Бірінші қабатта да, төртінші қабатта да реанимациялық палаталар бар. Операциялық палаталар дербес желдетумен қамтамасыз етілген. Бұл «таза жүйе» деп аталады.
Ауруханада оқыту сыныптары да қарастырылған. Бір жылдары педиатрия бойынша оқыту тоқтап қалған болатын. Қазір ол қайта қолға алынды. Оқыту сыныптарында Қарағанды медицина университетінің педиатрия факультетінде білім алатындар оқитын болады», дейді Бибігүл Төлегенова.
Құзырлы орындардың мәлімдеуінше, аурухана маңына Пришахтинскідегі перинаталдық орталық та көшіріледі. Басқарма биыл жаңа перинаталдық орталық жобасын сәтті қорғаған. Жаңа жоба 12 перинаталдық орталық жобасының қатарында. Оның құрылысы 2025 жылға межеленген. Ал 14 гектар жер Қарағанды медицина университеті клиникасының құрылысына бөлініпті. Клиника құжаттары Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынылған екен. Қорытынды шықса, құрылыс келер жылы басталады.
Қарағанды