Экономика • 08 Маусым, 2023

Әлихан Смайылов: Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі

251 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сочиде (РФ) Еуразиялық үкіметаралық кеңес жұмысы аясында Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Ресей Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустиннің кездесуі өтті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестициялық өзара іс-қимыл, өндірістік кооперация, перспективалы көлік дәліздері мен логистикалық инфрақұрылымды дамыту, энергетика, білім беру, мәдени-гуманитарлық салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов: Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі

Премьер-министр екі ел басшыларының белсенді саяси диалогы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының барлық спектрі бойынша жоғары динамиканы қамтамасыз ететінін атап өтті. Осы ретте ҚР мен РФ үкіметтерінің басты міндеті - келісімдерді жоғары деңгейде толық көлемде жүзеге асыру.

Әлихан Смайылов Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 6%-ға артқан. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық тағы 10%-ға өсті. 

«Біз бұл оң үрдістің әрі қарай дамуын күтеміз», деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ ол елдер арасындағы инвестициялық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті. Соңғы 17 жылда Ресейден Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі $20 млрд-қа жуықтады. Ал Ресейдегі қазақстандық инвестиция шамамен $6 млрд құрады. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл динамикаға өнеркәсіптік кооперация да ықпал етті. Атап айтқанда, Қазақстанда «Еврохим», «Лукойл», «ЭФКО», «Татнефть» және басқа да ресейлік жетекші компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр. 

«Қазақстандық және ресейлік кәсіпорындар жаңа инновациялық өндірістік жобаларды жүзеге асыруға дайын. Бұған былтыр қол қойылған, 12,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, жалпы құны $9 млрд 29 жаңа жоба бойынша бірлескен іс-қимылдар бағдарламасы дәлел. Жалпы екі ел арасында құны $22 млрд-тан асатын 100-ден астам өнеркәсіптік кооперациялық жоба бар. Жыл сайын ондаған жаңа жобалар қосылып отырады», деді Премьер-министр.

Өз кезегінде Михаил Мишустин Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас көп ғасырлық достыққа негізделгенін және ұлттық экономикаларды дамытуға, сондай-ақ екі ел халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті.  

«Қазақстанмен ынтымақтастық біз үшін ерекше маңызды, мен мұны басты басым бағыт дер едім. Біздің сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз табысты дамып келеді. Былтыр өзара сауда-саттық рекордтық деңгейге жетті. Бүгінде өнеркәсіп, машина жасау, энергетика және көлік инфрақұрылымында жаңа өндірістік тізбектерді құруды жеделдету маңызды. Бұған Ресей мен Қазақстанның экономикалық, өндірістік және технологиялық әлеуеттерінің өзара толықтыратыны жақсы негіз болады», деді Михаил Мишустин.