
Иран, Ирак, Мысыр сияқты Шығыс елдері де қолжазбалар қорымен, бай мәдениетімен ерекшеленеді. Сол сияқты Қытай, Жапон елдерінің қолжазба сақтау дәстүрі де баршаға өнеге. Әсіресе біздің көне тарихымызға қатысты Қытайдағы қолжазба мұралар ерекше назар аударуды қажет етеді. Бүгінде алысқа көз салып, солардың тәжірибесіне тамсанып жүргенде кеше ғана бір мемлекет құрамында болған Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Армения, Татарстан сияқты елдердегі біздің тарихымызға байланысты жазбалардан жыл өткен сайын алыстап бара жатқандаймыз. Уақыт оза келе аталған жазбаларды алуға жолымыз жабылып қалмай ма? Қазірдің өзінде Мәскеу, Петербор, Қазан, Уфа, Душанбе, Ашхабад, Орынбор мен Омбыдағы қолжазбаларға қол жеткізу материалдық жағынан да, ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу жағынан да қиындық туғызып отыр. Сол сияқты «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың әйгілі еңбектерін елімізге толық жеткізіп, ел игілігіне айналдыра алмай келеміз. ХI ғасырдағы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасы, оның замандасы – Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі сөздерінің жинағы») атты еңбектерінің де шетел мұрағаттарында жатқан қолжазбалары әлі түгенделген жоқ. Мырза Хайдар Дулатидің де түркі тіліндегі «Жаһаннама» атты поэмасы мен парсы тіліндегі «Тарих-и Рашидиінің» қолжазба нұсқалары шетелдік мұрағаттарда сақтаулы. Мысалы, «Тарих-и Рашидидің» Британия мұражайында, Тегеран университетінің кітапханасында, Ташкенттегі Шығыстану институтында, Душанбе жазба деректер институтының қолжазба қорында, Мәскеу қаласындағы Азия халықтары институтының шығыс әдебиеттері бөлімінде, Петербор қаласындағы Шығыстану институтының қолжазба қорында парсы және түркі тілдеріндегі бірнеше қолжазба нұсқасы сақтаулы. Ал Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» шығармасының жалғыз қолжазба нұсқасы Ыстанбұлдың ұлттық кітапханасында тұр.
Түркияның көне қолжазбалар мен кітаптарға деген ықыласы ерекше. Онда ірі кітапханалар, ғылыми-мәдени ошақтар және музейлерде ондаған көне мұра орталығы жемісті жұмыс атқарады. Әсіресе Ыстанбұлдағы Сүлеймания мен Баязид кітапханаларындағы көне қолжазбалар қорын ерекше атауға болады. Осы екі кітапханада түркі халықтарының жүздеген мың қолжазба кітабы сақталған. Туысқан өзбек еліндегі жағдай да бізден көш ілгері. Ташкенттегі Әбу Райхан әл-Бируни атындағы Шығыстану институты сирек кітаптар мен көне қолжазбалар қорын қайта жасақтау жолында жаңа зәулім ғимарат салып, ол әлемнің ең озық технологиялық құралдарымен жабдықталған. Көне мұраға әуестік танытқан шетелдік ғалымдар қазір Ташкентке қарай ағылып жатыр.
Жоғарыда аталған елдерде мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат бөлініп, жеке коллекциялардағы қолжазбалар мен сирек кітаптарды сатып алып, әлемнің түкпір-түкпірінен олардың көшірмелерін алдыртып, түркі елдерінің жазба мұрасының мол қорын байыта түсті. Көне қолжазбалардың қағазы мен сиясына дейін, жазу мәнері мен қолжазбалардың түптелу ерекшелігіне дейін зерттеп, соған сәйкес қалпына келтіру жұмыстарын жасап отырады. Қазір осы қолжазбалардың барлығы заманауи технологияға сәйкес өңдеуден өткізіліп, сақталу қауіпсіздігі (өрт, су алмайтын, суық қол жетпейтін), жылуы мен ылғалдылығы өлшемге сәйкес орында сақталады. Барлық қолжазба цифрлық форматқа көшіріліп, әрбір шығарманың кодикологиялық ғылыми сипаттамасы жасалып, тақырыптық, мазмұндық, хронологиялық каталогтарға топтастырылған. Осы елдердің барлығында қолжазбалардың мемлекеттік тұрғыдағы тізімі (реестрі) жасалған, олар тарихи-мәдени ескерткіш ретінде қорғалады, тіпті біразы ЮНЕСКО тізіміне енгізіліп, халықаралық рухани мұраға айналған.
Біздің елімізде Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры тікелей Ғылым академиясының тұңғыш президенті, алғашқы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың бұйрығымен 1959 жылы ашылды. Бүгінгі күні түпнұсқалық қолжазбалардың негізгі дені – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Орталық ғылыми кітапханада, жалпы көлемі 3650-дей бумада қазақ, шығыс тілдеріндегі (араб, парсы, шағатай, татар, т.б.) ескі қолжазбалар жинақталған, олардың ең көнелеріне 700-800 жыл болған. Орталық ғылыми кітапхана қорында 2151 бума (22 мың мәтін) қолжазба бар. Олардың ішіндегі аса бағалылары: «Хандар шежіресі» (XVIII ғ.), «Пайғамбарлар және қожалар шежіресі» (XIX ғ.), «Абылай ханның Сібір әскери шептерінің қолбасшысы генерал-поручик И.И.Шпрингерге жазған хаты (1765-1767)», Мәшһүр Жүсіптің, Ә.Диваевтың, Жаяу Мұсаның қолжазбалары, Абайдың өзінің жеке хатшысы Мүрсейіт Бікеұлының қолымен жазылған өлеңдері, Еврей халқының діни қолжазбасы «Тора» (XII-XVIII ғ.), «Шаһнаманың» алғашқы қазақ тіліндегі аудармасы, Ш.Уәлиханов қолжазбаларының фотокөшірмесі, М.Әуезовтің қолжазбасы, т.б. Орталықта әлі жарыққа шықпаған, ғылыми зерттеуге түспеген басылымдар жетерлік. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазбаларының бүгінгі күні кирилл қарпіне көшіріліп, 20 том болып жарық көруін ерекше атап өтуге болады. Алайда Мәшһүр Жүсіптің бұдан басқа тағы да 10 томға жетерлік жазбалары бар. Бұл да өз кезегін күтіп жатыр.
Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар қоры – 150 мыңға жуық. Cирек кездесетін материалдардың ішінде «Псалтырь», «Уложение Государя Алексея Михайловича» (1649), «Академические известия» (1780), П.И. Рычковтың «Топография Оренбургской Губернии» (1887), «Труды Арало-Каспийской экспедиции» (1875), т.б. басқа тілдегі әдебиеттер де бар. Қорда сонымен қатар қазақ халқының тарихын, археологиясын, этнографиясын зерттеген шығыстанушы ғалымдар А.Алекторов, И.Веселовский, В.Радлов, П.Паллас, А.Левшин, Г.Потанин, В.Бартольд, т.б. еңбектері, Ш.Уәлихановтың 1904 жылы шыққан «Шығармалар жинағы», Ы.Алтынсариннің «Қазақ балаларына орыс тілін үйретудің алғашқы нұсқаулары» (1879), т.б. кітаптары мен 1917 жылға дейінгі орыс тіліндегі сирек журналдар сақталған. Тағы бір ерекше айтатыны – Баянауыл дуанының аға сұлтаны болған, ағартушы, этнограф Мұса Шорманұлының 1856 жылы Петербордан әкелген көлемі өте үлкен кітап туралы. Кітаптың салмағы – 22 кг, биіктігі – 92 см, енінің ұзындығы – 68 см, 106 беттен тұратын, Парижде 150 данамен ғана шығарылған алып кітап. Соның бір данасы осы орталықта сақталуы да ғажап. Бұл кітап II Александрдың таққа отыруына әлем бойынша 8 мың адам (тізімі бар, патшалар мен ханзадалар, елшілер, т.б.) келгендігін дәріптеумен қатар, соның бірі Мұса Шорманұлының қазақ халқының «Құс салу» дәстүрін сипаттайтын материалы да енгендігімен ерекшеленеді.
Бұл Орталықта сонымен қоса, XVI-XX ғасырлары басылған латын, неміс, француз, ағылшын, қытай, италиян, т.б. тілдердегі 500-ден аса кітап жинақталған. Қорда араб, парсы, тәжік, өзбек, әзербайжан, татар, қытай, т.б. шығыс тілдеріндегі кітаптар мен қолжазба еңбектер, сондай-ақ, 300-ден аса Құран мен тәпсір де бар. Алайда оларды сақтау мен зерттеуге байланысты қордаланған мәселелер шаш-етектен.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында 500 000-нан астам атаудан тұратын 1500-дей бумада қазақ, шығыс тілдеріндегі (араб, парсы, шағатай, татар, т.б.) ескі қолжазбалар жинақталған. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басында жарық көрген қазақ мәдениеті мен тарихына қатысты литографиялық кітаптар, сондай-ақ жалпы ұзындығы 700 шақырымдай болатын 300-ге жуық аудиотаспа мен микрофильм, микрофиша бар. Жазба жәдігерлер арасында Бұқар жырау, Ақтамберді, Шалкиіз, Жиембет жырау, Абай, Нұржан, Әбубәкір Кердері, Дулат, Мұрат, Шортанбай, Мәшһүр Жүсіп, Нарманбет, Албан Асан сынды ХV-ХХ ғасыр басында өмір сүрген ақын-жыраулар шығармаларының фотокөшірмелері мен қолжазбалары, сондай-ақ М.Байжановтың, Т.Ізтілеуовтің, Ш.Жәңгіровтің, С.Шормановтың авторлық қолтаңбалары бар. Бұдан басқа Қазан төңкерісіне дейін жазылып алынған, басылып шыққан фольклорлық туындылардың Қазан, Уфа, Санкт-Петербург, Ташкент, т.б. қалаларда араб қарпінде жарық көрген басылымдары жинақталған. Уақыт өткен сайын қолжазбалардың қағазы сарғайып, сиясы ұшып, әртүрлі бактериялық ауруларға ұшырап, бұзыла бастайды. Соларды «емдеу» (дезинфекция жасау), қалпына келтіру (реставрация) қажеттілігі туындайды. Сондай-ақ аса құнды жәдігерлердің көшірмесін (муляж) жасап отыру қажет. Елімізде бұл сала бойынша мамандар даярлануы жоққа тән. Қолда бар бірен-саран маман әлеуметтік жағынан қорғалмаған, олардың еңбегін ынталандырудың тетіктері жасалмаған. Көне мұраларды сақтаумен бірге, оларды заманауи үлгідегі сандық мұрағатқа (Digital Archive) жүктеп отыру – бүгінгі заманның басты талабы. Олардың көшірмелерін алып, сандық мұрағатқа жүктемесе, жойылып кету қаупі жоғары. Ол үшін әр қолжазбаның ғылыми сипаттамасын жасап, шаң басқан мұраларды тазартып, жаңа технологиялық құралмен сандық мұрағатқа жүктеу қажет. Біздегі бұл жұмыстарды жүргізу тетігі ғылыми гранттың еншісіне байланған. Грантты ұтып алса ғана, қаражат бөлінеді. Өкінішке қарай, қолжазбалардың ғылыми сипаттамасын жасау, сандық мұрағатқа жүктеуге қатысты жобалар Ұлттық ғылыми кеңес тарапынан қолдау табады деп айту қиын. Мұндай ұлттық жобаларды шетелдік сарапшылар да қолдай қоймайды. Сонымен бірге елімізде кодикология (қолжазбаны зерттейтін) бойынша мамандар да даярланбайды. Сондықтан да қолжазбаны түпнұсқа не асылнұсқадан оқитын мамандар да тапшы. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорында сақталған мыңдаған қолжазбаны санаулы ғана маман мардымсыз жалақыға ғылыми айналымға түсіріп келеді. Соның негізінде, жүз томдық «Бабалар сөзі», жиырма томдық «Әдеби жәдігерлер», он томдық «Дала фольклорының антологиясы», үш томдық «Ұлы даланың көне сарындары», он екі томдық «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» сияқты еңбектердің жарық көргендігін атап айтқан жөн. Одан бөлек, көнекөз қариялардың сырлы сандықтарында да әлі күнге сарғайып жатқан немесе «Құран» ретінде құрметтеліп, төрде ілініп тұрған беймәлім қолжазбалар ел арасында әлі де бар. Ондай жекелеген азаматтар «атамұра» ретінде сақтап отырған мұралардың әдебиетіміз бен мәдениетімізге қатысты жазба мұра болып шығуы әбден мүмкін.
Осы саладағы қордаланған мәселеге байланысты құзырлы орындарға депутаттық сауал да жолдағанбыз. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи құжаттарды қалпына келтіру жұмысымен танысқанында: «Архив деген – біздің тарихымыздың негізі. Сондықтан тиісті құжаттарды дұрыстап сақтауымыз керек. Бұл ел үшін керек», деп айтқаны көңілімізге сенім ұялатты.
Жоғарыда жазылғандарды сараптай келіп, қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау және қастерлеудің әлемдік тәжірибесі, өз еліміздегі қордаланған мәселелерді шешу мақсатында Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құру туралы Мемлекет басшысының ұсынысын жүзеге асыру жолында мынадай шұғыл іс-шаралар қабылдау қажет деп санаймыз: біріншіден, еліміздегі Ғылым және жоғары білім, Мәдениет және спорт министрліктеріне қарасты бірнеше ұйым мен мекемеде сақталған қолжазба мұраның мемлекеттік тізімін, яғни реестрін жасап, олардың бірегей электронды базасын құрып, ортақ жүйе жасау; толықтай цифрлық жүйеге көшіру, каталогтерін шығару, типологиялық зерттеулер жүргізу арқылы ғылыми жолға қою қажет.
Екіншіден, аталған қорларда дүние жүзінде жоқ құнды жәдігерлер бар екенін ескере отырып, оларды алдымен кирилл қарпіндегі қазақ тіліне, сосын орыс, ағылшын тілдеріне аударып, әлемдік ғылыми айналысқа түсіру керек. Көне түркі, шағатай, арап әліпбиі (қадым, жәдит, төте) жазуларындағы таңбаларды еркін оқитын, оларды кодикологиялық тұрғыдан зерделей алатын ғалым-мамандар даярлауды Ұлттық зерттеу университеттеріне жүктеген дұрыс. Осы жазу-графикаларын білетін елге оралған ғалымдарды бұл іске тартуды да ұмытпауымыз керек. Бар мамандардың біліктілігін арттыру үшін Түркия, Иран, Қытай сияқты қолжазба тану саласы дамыған елдерге тәлімгерлікке жіберу қажет.
Үшіншіден, қолжазбалар мен көне кітаптардың қорын толықтыру үшін әлемнің түкпір-түкпіріндегі ежелгі тарихымызға қатысты деректерді елге барынша жинақтауды қолға алу, арнайы экспедициялар ұйымдастыруды қайтадан жандандыру керек. Сонымен бірге жеке азаматтардың сандықтарында жатқан кітаптар мен қолжазбаларды сатып алу мәселесін де қарастырған абзал.
Төртіншіден, қолжазбалардың құндылығын анықтайтын Сараптамалық кеңес құрып, оның заңдылық мәртебесін бекіту, қолжазба иесінің авторлық құқығы мен иелік құқығын реттейтін заңнамалық ережелерді де бекіту жолдарын қарастырған жөн.
Осы көтерілген мәселелерде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Орталық ғылыми кітапханадан басқа, елордадағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы, Ұлттық академиялық кітапхана, Алматыдағы Ұлттық кітапхана, Орталық мемлекеттік музей, Семейдегі Абай музейі, т.б. атсалысатыны сөзсіз. Жалпы, ұлттық құндылық деңгейіндегі өзекті мәселе болғандықтан, мемлекеттік комиссия құрып, арнайы бағдарлама қабылданып, аталған ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайын заманауи озық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, тиісті қаражат бөлінуін қарастыру керек.
Алтынбек НУХҰЛЫ,
Парламент Сенатының депутаты,
ҰҒА корреспондент-мүшесі