Саясат • 10 Маусым, 2023

Президент Төтенше жағдайлар министрін қызметінен босатты

371 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Жарлығымен Юрий Викторович Ильин Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Төтенше жағдайлар министрін қызметінен босатты

Юрий Ильин 2020 жылғы 11 қыркүйектегі ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалған еді.

Юрий Ильин Төтенше жағдайлар министрі болған кезде орын алған өрт жағдайларына қысқаша тоқталып өтсек.

2020 жылы аптап ыстықтан Қостанай, Павлодар облыстарында 2 орман өрті және Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында ірі өрт болған еді. Аталған өңірлерде дала өртінің жалпы ауданы - 3537 гектар, оның ішінде Ақтөбе облысындағы өрт ауданы айтарлықтай үлкен - 2 000 гектар, Батыс Қазақстан облысында - 1 394 гектар жердегі өрт ауыздықталған еді. 

Ал, 2021 жылы республикада 12 256 өрт оқиғасы тіркелді. Өрт салдарынан 413 адам қаза тауып, тағы 429 адам зардап шеккен. Өрттен келген материалдық шығын 9 млрд 336 млн 665 мың теңгені құраған. 

2022 жылы  Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында,  Т.Жүргенов ауылынан 42 км қашықтықта құрғақ шөп жанып, жалын 500 гектар жерді шарпыған еді. Кейінірек жалын бидай алқабына өршіп, шамамен 700 гектар жер жанып кеткен еді.

Түркістан облысының Отырар ауданында Шеңгелді ауылынан 5 км жерде, «Түркістан-Сырдария» өңірлік табиғи паркінің Түркістан филиалының аумағында 10 гектар аумақта құрғақ шөп өртенді. 

Қарағанды облысының Осакаров ауданында Коллективное ауылынан 10 км қашықтықта Қарағанды орман және жануарлар әлемін қорғау шаруашылығының аумағында шағын ормандар мен құрғақ шөп жанып,  60 гектар жер өртенген.

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында Зырянов орман шаруашылығының аумағында құрғақ шөп тұтанып, Ново-Поляков және Катон-Қарағай аудандарының таулы аймақтарына жайылған. Өртенген аумақтың көлемі 167 гектар болды.

Ал биыл 2023 жылы  8 маусымда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының территориясындағы Батпаев орман шаруашылығы аумағында өрт тұтанған. Өртті жою мақсатында жедел штаб ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта орманшылықтың үш қызметкерінің денесі табылды, ал 11 адаммен байланыс жоқ. Оларды іздеу бойынша іс-шаралар жүргізілуде.