Саясат • 10 Маусым, 2023

Мәулен Әшімбаев Мұсылман ақсақалдар кеңесінің бас хатшысымен кездесті

248 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен кездесті. Кездесу барысында дінаралық және өркениетаралық диалогты бірлесіп дамыту жоспары талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мәулен Әшімбаев Мұсылман ақсақалдар кеңесінің бас хатшысымен кездесті

Мәулен Әшімбаев, Мұхаммед Әбделсаламға Астана халықаралық форумын қолдап, оған белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар Сенат төрағасы ақсақалдар кеңесінің халықаралық аренада бейбітшілік, бірлік және діни толеранттылық идеяларын дәріптеуге қосқан үлесін ескеріп, Кеңестің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті. 

«Мұсылман ақсақалдар кеңесінің өкілдігін ашу Қазақстан үшін ерекше мәнге ие. Кеңестің жұмысы толеранттылық, бейбітшілік, келісім сияқты құндылықтарды дәріптеуге арналған. Жалпы, Кеңес пен Съездің мақсаттары сәйкес келетінін атап өткен жөн. Сондықтан жаңа құрылымның жұмысы Съездің идеяларын одан әрі насихаттауға үлкен үлес қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев өткен аптада Мысырдың дін лидерлерімен болған кездесулердің қорытындысына назар аударды және Сенаттың алдағы жұмыс жоспарын айтып өтті.

Өз кезегінде Мұхаммед Әбделсалам жаһандық бейбітшілік пен келісімді нығайтуда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің маңызды рөлі жөнінде айтты.

Сонымен қатар ол конфессияаралық және өркениетаралық диалогты халықаралық деңгейде дәріптеуге Қазақстанның үлесі орасан зор екенін айтты.