«Абай облысындағы алапат өрттің салдары бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Қаза тапқан орманшылардың отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өртті сөндіру және апат ауқымының кеңеюіне жол бермеу үшін тиісті органдарға тапсырма берді. Бүгін Президентіміз Абай облысына арнайы барып, осы бағыттағы жұмыстармен танысты және қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелерімен кездесті», деп жазды Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев жағдайдың тұрақталып келе жатқанын тілге тиек етті. Көп ұзамай апат толығымен ауыздықталып, салдары жойылатындығына сенім білдірді.
Сондай-ақ тілсіз жаумен күресіп жанкештілік танытып жүрген өрт сөндірушілерге және белсенді азаматтарға алғысын білдірді.
«Енді ешқашан мұндай төтенше оқиға қайталанбасын», деп жазбасын аяқтады Мәулен Әшімбаев.