
Облыстық Полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдіктілерді «Петропавл-Астана» автожолында ұстады. Петропавлдан Астанаға қарай ызғытқан «Volkswagen Passat» көлігі полицияның тоқта деген белгісін көрмеген болып, жүрісін жалғастыра берген. Бірақ көлік Аққайың ауданының аумағындағы Астрахан ауылының түбінде бәрібір тоқтатылды. Көлік салонында 29 және 30 жастағы екі петропавлдық болған. Полиция екеуін де сыртқа шығарып, қолдарына кісен салғаннан кейін автомобильдің багажын тексереді. Багажды ашқанда 5 қапқа салынған шөптен жасалған заттардың иісі аңқып қоя берген. Артынан сараптама қорытындысы қаптардағы шөптің салмағы 128 кг-ға тең марихуана екенін анықтап берген.
Ұсталғандардың бірі – 29 жастағы жігіт бұрын да есірткі тасымалдағаны үшін қылмыстық жазаға тартылып, сотты болған. Күдіктінің үйін, қора-қопсысын тексергенде тағы да 200 кг марихуана мен 21 кг 300 грамм гашиш табылған. Барлық есірткінің салмағы 464 килограмға жеткен. Бір айта кетерлігі, бұрын марихуана оңтүстіктен солтүстікке тасымалданушы еді, енді керісінше солтүстіктен оңтүстікке тасыла бастаған. Мұның бір мәні бар. Бұл есірткіні тұтынушылар Астана маңында көбейе түскенін де көрсетеді.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полковник Руслан Назаров қазір екі күдіктінің қамауға алынып, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Полковниктің айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында есірткі қылмысына қатысты 44 күдікті анықталған. Олар есірткінің заңсыз айналымы бойынша 68 қылмыс жасаған болса, оның 20-сы есірткі таратуға қатысты. Осы қылмыстарды ашу барысында 22 кг түрлі есірткі заттары тәркіленген. Оның 800 грамы синтетикалық есірткі. Мұның барлығы Петропавл аумағында есірткі айналымының ауқымы өсіп келе жатқандығын көрсетеді. Ал соңғы тәркіленген 128 кг есірткі – жұлынқұрттың шектен шыққандығының айғағы.
Облыстық Полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Иван Терзиди осыдан екі ай бұрын 15 орынға жасанды есірткі ұнтақтарын тастап кетумен айналысып жүрген 21 жастағы жігіттің ұсталғанын айтқан еді. «α-PvP» деп аталатын синтетикалық есірткіні жасаушылар оны интернет арқылы сатып, ақ ұнтақты белгілі орындарға тығып кетіп отырған. Бұл да – есірткі жасау мен таратудың өңірде «бір жолға қойылғандығын» көрсететін факт. Осының бәрін ескере отырып Солтүстік Қазақстан облысының полициясы ғана емес, есірткі бизнесімен республикалық деңгейде күресетін мамандар тізе қосып, жұлынқұрттың түп тамырын құртуға ерекше ден қою қажет.
Солтүстік Қазақстан облысы