Бейбіт күнде 14 азаматтан айрылу – халқымыз үшін аса ауыр қайғы. Осыған орай Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өкімімен елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Бұл күні елде ойын-сауық шаралары доғарылып, бір сәт серпілетін, ойланатын, ондай ауыр жағдай, қиын ахуалға жол бермеуді ойластыратынымыз анық. Президент қыршын кеткен боздақтардың жақындарына мемлекет тарапынан материалдық, моральдық көмек көрсетілетіндігін қадап айтты.
Мұндай қиын ахуал бұдан былай қайталанбаса екен деп тілейік. Жауапсыздық танытқан, немқұрайлық жасаған басшы-шенділер бұл іске қатаң жауап берулері тиіс. Апат ауқымы туралы қате болжам жасалған. Тіпті өрт сөндіру көліктері оталмай, техника дайын болмаған, байланыс құралдары, рация секілді жабдықтар жеткіліксіз көрінеді. Олар бір-біріне сілтеп, қауіптің алдын алмағаны көрініп тұрды. Мұндай жауапсыздыққа жол бергендер жауапқа тартылулары тиіс. Бұл – біздің елдігімізге сын.
Алда үш ай жаз. Ыстық аптап күндер әлі де жалғасуы мүмкін. Төтенше жағдайлар саласының мамандары, олардың басшылары былтырғы Қостанай өңіріндегі алапат өрттен сабақ алмағандары көрініп тұрды. Демек, бұдан былай әр аймақта мұндай төтенше жағдайларға әркім де дайын болулары керек.
Ендігі міндет – сол аймақтағы қатердің бетін қайтару, өрт ошақтарын түбегейлі жою. Еліміздің әр аймағындағы сала мамандары, әкімдер мен соған жауап беретін әрбір адам өз міндеттерін мүлтіксіз атқарғандары жөн. Өрт болжамын алдын ала зерттеп, әуеден жиі бақылап, ауа райын сәт сайын қадағалап, орманда бейсеубет жүргендерді қадағалап, сақтық шараларын қадағалауды күшейткендері абзал.
Саясат Бейісбай,
Философия, саясаттану және
дінтану институтының бас сарапшысы