Қаржы • 13 Маусым, 2023

Базалық мөлшерлеме қай деңгейде?

225 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің бас қаржы реттеушісі – Ұлттық банк пайыздық саясаттың негізгі құралы ретінде базалық мөлшерлемені былтырғы жылдың соңына қарай 16,75 пайыз деңгейінде сақтау жөнінде шешім шығарған-ды. Отандық сарапшылар бұл жоғары пайыздық көрсеткіш, бұны одан әрі көтеруге ешқандай себеп жоқ, биылғы жылдың соңына қарай мөлшерлеменің жылдық пайыздық көрсеткіші 13,5-14,5 дейін төмендеуі мүмкін деген ойларын білдірген болатын. Алайда пайыздық мөлшерлеменің құбылуы біраз ақша-кредит саясатына да толқулар әкелген сыңайлы.

Базалық мөлшерлеме қай деңгейде?

Таяуда Ұлттық банк төрағасы Ғалым­­жан Пірматов Ақша-кредит сая­саты­ комитетінің белгілеген базалық мөл­шер­лемені сақтау туралы шешімін қабыл­дады. Аталған мөлшерлемені бұрын­ғы­ дәрежесінде қалдыру ішкі және сырт­қы инфляциялық факторларға әрі эконо­ми­ка­лық өсу бағытына қатысы болғанға ұқ­сайды.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов: «Бүгінгі шешім нақты деректер мен жаңа факторлар ескерілген болжамдарды талдау негізінде қабылданды. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын жаңартумен қатар, инфляция тәуекелдерін бағалауды да жаңадан балансқа келтірдік. Біздің бағалауымыз тәуекелдер балансының дезинфляциялық жаққа шамалы ығысуын көрсетеді. Сыртқы сектордың бағаға қысымы аздап әлсіреді. Оның себебі, әлемдік азық-түлік бағасының өсу қарқынының төмендеуі мен еліміздің сауда-серіктес елдерінде инфляцияның едәуір баяулауында. Нақты айырбастау бағамының тұрақтылығына байланысты сыртқы бағалардың барынша баяу өсуі елдегі инфляцияның төмендеуіне қолайлы жағдай жасап отыр. Алайда, фискалдық ынталандырудың жалғасуына, тұрақты ішкі сұранысқа, жоғары инфляциялық күтулерге және жанар-жағармай мен тұрғын-үй коммуналдық қызметтер бағасының көтерілуіне байланысты ішкі факторлардың проинфляциялық ықпалы сақталуда», деп атады.

Бас қаржыгер қабылданған шешім­дегі негізгі факторлардың ішінде бірін­шісі, нақты және күтілетін инфляция динамикасын, биылғы жылдың сәуір айын­да жылдық инфляция нау­­­рыз айында басталған төмендеу үде­рі­сін жалғастырып, 16,8%-ды құрады. Жеміс-жидек пен көкөніс нарығындағы ұсы­­ныс­тың тұрақтануы азық-түлік инфля­циясының 17,9%-ға дейін төмен­деуін, азық-түлікке жатпайтын тауар­лардың бағасы 18,2%-ға­ өсіп, жанар-жағар­май бағасының көте­рілгенін көрсе­теді. Қызметтер құны 13,7%-ға өсіп, жеке көрсетілетін қызметтерге сұраныстың тұрақты болуы­ тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі, жанар-жағармай бағасының көте­рі­луінен болған жанама әсерлер бар. Инфляцияның айлық көрсеткіші осы жылдың наурыз және сәуір айларында 0,9%-ды құрап, орташа тарихи мәннен жоғары қалыптасты. Алайда ақша-кредит саясатының нәтижесінде базалық инфляцияның әртүрлі бағалаулары инфляцияның тұрақты компоненттері біртіндеп төмендеген. Дегенмен жанар-жағармай, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бағасының көтерілуі де ықпал еткен.

Орын алған геосаяси жағдайдың салдарынан логистикалық және өндірістік тауар жеткізу жолдарын қайта құру үдерісі бағаның өсуіне әсерін тигізбей қоймады.

Биылғы сәуірде алдағы 12 айда күтілетін инфляция 16,7%-ға дейін өсіп, тұрғын-үй коммуналдық қызметтер тарифтерінің жоспарланған өсімі мен жанар-жағармай бағасының нақты көтерілуі халықтың күтулеріне ішінара әсер етті. Инфляция көрсеткіші біршама төмендегеніне қарамастан, әлі де жоғары мәнде болып тұр.

 Екіншісі, ішкі экономикалық фактор.Биылғы қаңтар-сәуір айларында еліміздің нақты ішкі жалпы өнімі 5,0%-ға артып, болжамдық бағалаудан жоғары қалыптасқан. Тауарлар өндірісі, қызмет көрсету секторы, құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салалары мен іскерлік белсенділіктегі өсім негізінен елдің тауар өндірісіндегі оң қарқындылық танытуы халықтың тұтынушылық сұранысының тұрақтанғандығынан орын алып отыр деп айтуға болады. Оған бөлшек тауар айналымы, тұтынушылық тауарлардың импорты және тауарлар мен қызметтер үшін халықтың қолма-қол ақшасыз төлемдері туралы деректерде көрсетілген. Бөлшек сауданың өсу қарқыны пандемияға дейінгі мәндерге жеткенін атап өткен жөн. Тұтынушылық кредиттеу мен инфляциялық күтулердің жоғары деңгейі азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасының кеңеюіне қолдау көрсетеді. Халықтың номиналды жалақысы мен табысының өсуі байқалуда. Жүргізілген сауалнамаға сәйкес, респонденттердің шамамен 30%-ның отбасындағы табыс деңгейі 300 мың теңгеден жоғары. Бір жыл бұрын мұндай жауаптардың үлесі 10-15% аралығында болған. Дегенмен, халықтың нақты табысы жоғары инфляция аясында төмендеп, тұтынушылық сұраныстың белсенді іске асуын тежеп тұр. Экономиканы қолдау, мемлекеттік бағдарламалармен ынталандырылатын жоғары инвестициялық белсенділік – ішкі сұраныс драйверлерінің бірі.  Биылғы қаңтар-сәуір айларында негізгі капиталға салынған инвес­ти­­ция­лар нақты мәнде 18%-ға өсіп, салымдар көлемі көлікке және қоймада сақтауға – 39,3%, ауыл шаруашылығында – 26,5%, өнеркәсіпте – 18,1% және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 10,0%-ға ұлғайған.

Үшіншісі, сыртқы экономикалық конъюктура. Жаһандық инфляцияның одан әрі төмендеуі күтіледі. Оған шикізат пен тауар нарығындағы қысымның азаюы және логистикалық мәселелердің шешілуі ықпал етіп отыр. Биылғы сәуір айында біршама артқанына қарамастан, ФАО азық-түлік бағасының индексі төмендеу серпінін сақтап қалды. Ал мол өнім алу мен астық мәмілесін іске асыру аясында дәнді дақылдар бағасы біздің алдыңғы болжамнан да тез төмендеп келеді. Осыған байланысты теңгенің айыр­бастау бағамының тұрақты болуынан азық-түліктегі ішкі бағаның өсімін одан әрі бәсеңдеуіне мүмкіндік бар дегенді жеткізді.

Еліміздің сауда-серіктес елдерінде инфляцияның төменгі қарқыны қосымша дезинфляциялық фактор болып табылады. Бұл әсіресе Ресейде өткен жылы жоғары базадан шығуы нәтижесінде және Қытайда экономиканың қалпына біркелкі келмеуіне байланысты тауарларға сұра­ныстың төмендегені бар.

Инфляциялық жағдайдың біртіндеп жақ­саруына қарамастан, көп елдегі сырт­қы монетарлық шарттар тежел­ге­німен, бағаның жылдық өсу көрсет­кіш­тері әлі де белгіленген нысаналы бағ­дар­дан асып түсуде.

Мұнай нарығы бойынша бұрынғы болжамға қарағанда бірқалыпты дамитындай. COVID-19 шектеулері алынғаннан кейін Қытай экономикасы қалпына тез келеді деген болжам орындалған жоқ. Сонымен қатар тұрақты инфляцияда айтарлықтай қатаң монетарлық саясатты жүргізу жаһандық рецессия тәуекелін арттырып, ОПЕК+ тарапынан мұнай өндіруді қысқарту бағаларды ұстап тұруға оң әсерін тигізе алмады. Осылайша, тежеуші факторлардың басымды ықпалы мұнай құнының төмендеуіне әсер етіп, болжамды бағалауды қайта қарауға әкелді.

Сыртқы экономикадағы түрлі тауар нарығындағы құбылмалылық, әсіресе көмірсутекті шикізат нарығында Brent маркалы мұнайдың белгіленген орташа бағасы биылғы жылға 1 баррель үшін 82,2 долларды құрайды. Макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған болжамдарына тоқталсақ, жылдық инфляция 2023 жылы 11-14%, 2024 жылы 9-11% және 2025 жылы 5,5-7,5% шегінде қалыптасып, жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық қызметтері құнының өсуі тікелей және жанама әсерлердің ықпалынан туындаған жайт деп атауға негіз бар. Ел экономикасының өсуі биыл ішкі жалпы өнімнің 4,2-5,2% диапазонында қалыптасатын болды. Экономиканың 2024-2025 жыл­дарға арналған өсу болжамы 3,5-4,5% дең­гейінде өзгеріссіз қалған.

Ұлттық банк биылғы жылдың екінші жартысында базалық мөлшерлемені бір қалыпты және байыппен төмендету мүмкіндігін қарастыратындығын айтады.

Жылдық инфляция 2023 жылғы сәуірде 16,8%-ға дейін баяулап, айлық инфляция 0,9% деңгейінде сақталды. Алайда 2022 жылғы қыркүйектен бас­тап базалық және маусымдық фактор ескерілмеген инфляциялық көрсеткіштер төмендеген. Бұл инфляцияның тұрақты бөлігі мен проинфляциялық қысымның біртіндеп әлсіреуін көрсетеді.

 Сонымен Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөл­шер­леме бойынша кезекті жоспарлы ше­­шімін осы жылдың 5 шілдесінде жария­лайды.