Спорт • 13 Маусым, 2023

Бүгін – Денис Теннің туған күні

13047 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін − мұз айдынының мұзбалағы Денис Теннің туған күні. Көзі тірі болғанда ол 30 жасқа толар еді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін – Денис Теннің туған күні

Қыршыннан қиылған ғұмыр туралы «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Ғалым Сүлеймен «Мұз айдынының мұзбалағы» мақаласында жазған.

Денис 1993 жылдың 13 мау­сымында Алматы қаласында дүниеге келді. Бала кезінен ол таэквандо, теннис, акробатика, каратэ, жүзу секілді спорттың сан алуан түрімен айналысты. Сонымен қатар фортепиа­но, би және кес­кіндеме мектебінде тәлім алып, балалар хорында ән айтты. Алты жасынан мәнерлеп сырғанауға бар назарын аударды. Шеберлігін шыңдау мақсатында ол анасымен бірге Мәс­кеуге қоныс аударды. Кейін­нен АҚШ-қа аттанды. Әр жылдары асқан дарын иесі Николай Морозов, Фрэнк Кэролл, Ра­фаэль Арутюнян, Елена Буя­нова, Татьяна Тарасова сынды майталмандардың қол астында жаттықты.

Дениc Тен 2005 жылы алғаш рет Қазақстан чемпионатында топ жарса, содан кейін тағы төрт рет жеңіс тұғырының ең биік са­тысына көтерілді. 2009 және 2012 жылдары жастардың әлем біріншілігінде төртінші орынға табан тіреді.

Ересектер арасындағы жарыста Денистің ең алғашқы елеулі табысы – 2011 жылы елімізде өткен қысқы Азия ойындарының алтын медалі. 2013 жылы Кана­дада өткен әлем чем­пионатында отандасымыз мін­сіз өнер көрсетіп, күміс ме­дальды иеленді. Ол тек Патрик Чан­нан 1,3 ұпай ғана қалып қой­ды. Негізінде бұл бә­секеде Тен­нің мерейі үстем бол­ған еді. Оны барша маман мойын­дады. Бірақ әділдікті белден басқан төрешілер жеңісті жергілікті спортшыға әперді.

2014 жылы Сочиде алауы тұ­танған Олимпия ойындарында Тен­нің асқан шеберлігіне дүйім жұрт таңдай қақты. Шыны ке­рек, ол кезде жерлесіміз же­ңіс тұғырына көтеріледі деп еш­кім күтпеген еді. Себебі қысқа бағдарламада 84,06 ұпай жи­наған Денис тоғызыншы орын­ды қанағат тұтты. Оның үстіне, бір рет құлап тұрғаны бар. Есесіне еркін бағдарламада ең бір күрделі элементтерді мін­сіз орындаған ол 171,04 ұпай олжалады. Нәтижесінде, жат­тығу­дың екі түрінде 255,10 ұпай­ға иелік еткен отандасымыз қола медальды мойнында жар­қы­­­­ратты. Бұл жарыстың бас жүл­­десі жапониялық Юдзу­ру Ха­­ню­ға бұйырса, күміс жүл­дені кана­далық Патрик Чан ен­ші­леді. Нәтижесінде, Тен өз еліне Олим­пиа­даның алғашқы медалін сыйлады.

2015 жылы Шанхайдағы әлем чемпионатында испаниялық Хавьер Эрнандес пен жапониялық Юдзуру Ханюды алға жіберген Денис қола жүлдені олжалады. Одан бөлек, атақты спортшы «Төрт құрлық чем­пионаты» мен Дүние­жүзі­лік Универсиаданың же­ңімпазы атанып, басқа да көп­теген дүбірлі додада дараланды. Өмірінің соңғы кезеңінде ол жарақатына байланысты бай­рақты бәсекелердің біразына қатыса алмады.

Денистің есімі - ел есінде. Алма­тыда оған ескерткіш, өзі тұрған үйге мемориал тақ­тасы орнатылды. Деректі фильм түсіріліп, Астана мен Алма­ты қалаларында саңлақ спорт­­шыны еске алуға арналған халық­­аралық турнир жыл сайын өтіп тұрады. Оған әлем­нің әр қиы­ры­нан келген атақты мәнер­леп сыр­ғанаушылар қатысады.

Естеріңізге сала кетейік, Денис Тен 2018 жылы 19 шілдеде қарақшылардың қолынан қаз тапқан еді.